Жол картасы: өңірлерде орындалу барысы

19/09/20201min990

Қоғамдық диалог, ашықтық, адамдардың мұң-мұқтажына жедел назар аудару – мемлекеттік органдар қызметінің негізгі басымдықтары болып табылады. Халықпен етене жұмыс жасап, олардың өтініштері мен назалықтарына дер кезінде құлақ асып, оны шешу жолдарын тауып, бір мәмілеге келу – бүгінгі күннің басты талабы.
Қоғамда ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттік органдар көптеген жұмыстар атқаруда. Өткізілген конкурстар мен жиындарды, қоғамдық қабылдауларды тікелей эфирде көрсетіп, елдің наразылықтарын ашық көрсетіп, шешімін табу әдісі мемлекеттік қызметте оң нәтижесін беруде.
Осы орайда Меркі ауданына Жамбыл облысы бойынша Сыбайлас жемқорлықпен күрес Департаменті басшысының бірінші орынбасары Равиль Төлебаев, департамент жанынан құрылған ақпараттық — ағартушылық штабының жетекшісі Қасымхан Төлендиев, » Жамбыл адалдық алаңы» жобалық офисінің жетекшісі Назима Жувандикова арнайы жұмыс сапарымен келіп, аудандағы құрылыс және кәсіпкерлік нысандарды аралап көрді.

Алғашқы кезекте » Ауыл ел бесігі» бағдарламасы аясында күрделі жөндеу жүріп жатқан Ойтал ауылындағы №48 мектептің жұмысымен танысты.
Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев кеңейтілген отырыста облыстағы құрылыс жұмыстары кешіктіріліп жатқан мектептерге қатаң ескерту айтқан болатын осы білім ордаларының қатарында Меркі ауданында мектептер де орын алды. Бұл кемшіліктерге пандемияның септігі тигені айдан анық болып отыр. Өйткені мердігер компаниялар құрылыс материалдарын өз уақытында жеткізе алмай, құрылысшылардың бірінен кейін бірі ауырып, жұмысшы тапшылығы да болғаны бар. Бүгінгі іс-сапарда зерделеу жұмыстарын жүргізіп, құрылыс сапасын көруге келген Равиль Қуанышбайұлымен жұмысшы топ құрамы біраз олқылықтардың куәсі болды.
Мектептің сыртқы фасады мен ішкі әрлеу жұмыстары аяғына жетіп қалған. Жартылай дәстүрлі оқитын оқушыларға да пайдалауға беріліпті. Мердігер компания мемлекеттік бағдарлама аясында мемлекеттік сатып алу тендерінде нысанның күрделі жөндеу жұмыстарын ұтып алған. Дегенмен, бүгінгі күні пайдалауға берілуі тиіс ғимарат бірнеше сылдыр себеппен аяқталмай отыр. Ал мердігер компания өкілдері 1-қазанға дейін толықтай эксплуатацияға беруге уәде берді. Сонымен қатар, бұл мектептің сметалық-құжаттарын дайындау барысында бірнеше жайттар ескерілмей қалған көрінеді. Мәселен, химия, физика кабинеттерінің лабораториялық жұмыстарына ауа сорғыш, медбике және емдеу бөлмесіне ауызсудың кіргізілмеуі сияқты ұсақ-түйек қажеттіліктер бар екен. Бұл мәселелер осы мектептің сапасын бақылау барысында ортақ талқыға салынып, құрылысшы компаниямен келісімге келтірілді. Құрылыс барысын қатаң бақылауға алған аудан әкімінің осы салаға жауапты орынбасары Асхат Медетбеков тез арада жойып, талаптарға сәйкестендіретіндігін жеткізді.
Келесі кезекте Сарымолдаев ауылдық округіндегі жаңадан пайдалануға берілген 2 шағын футбол алаңшасы мен балалар ойын алаңшасы құрылыс сапасын бақылады. Сметалық құжаттардан ауытқусыз, жобаға сай сапалы соғылған бұл нысандарды «Каримов и К» компаниясы барлық ынта –ниетімен соққаны көрініп-ақ тұр. Барлық құрылысқа пайдаланған материалдар сапалы, көзбояушылық үшін жасалмағаны байқалады.
Жалпы аталған ауылдық округте биылғы жылы 26 көше құрылысы (жөндеу) 5 оъектіге «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бойынша 5 спорт алаңшасының жұмыстары аяқталған. Равиль Қуанышбайұлы компания директоры Руслан Каримовпен сұхбаттасып, жұмыс барысы туралы пікір алмасты. Жұмыс уақытанан кеш тапсырылған үшін мердігер компанияның жауапкершілігін қарауға тапсырыс беруші сотқа берген.
Бұдан соң Ақарал ауылындағы жол құрылысымен танысып, ауыл тұрғындарымен ой бөлісті. Байназаров көшесінің тұрғыны, зейнеткер, 40 жыл бойы колхозда тракторшы болған Шөңкебай Еркебеков жол сапасын бақылап жүрген жұмысшы топқа алғысын білдірді.
– Көп жылдар бойы жөндеу көрмеген көшелер жөнделіп жатыр. Ауданымыз көркейіп келеді. Әлеуметтік-экономикалық жағдайы көтерілуде. Халықтың тұрмысы жөнделді. Бірінші құдайға, екінші халқын ойлайтын әкімдерге: облыс әкіміне, аудан басшылығына алғысымды білдіремін,-деп жүрекжарды лебізін білдірді.
Дәл осындай жөндеу көрмеген Омарходжаев, Вишневая көшелерінің құрылыстарын көріп, жобаға сай жүргізілуін тексеру мақсатында арнайы өлшеуішпен көшенің енін де өлшеп көрді. Бұл көшелердің де тұрғындары шексіз алғыстарын білдірісіп жатты.
Былтырғы жылы халықпен байланысты нығайту, қоғамдық қабылдауларға арналған аудандық полиция бөлімі жанынан «Фронт офис» ашылған болатын. Бүгінгі күні оның қаншалықты полиция қызметкерлерінің жұмысын жеңілдеткені, оның тиімділігін зерделеу мақсатында жұмысшы топ Полиция бөліміне атбасын бұрды. Бөлім басшысы Нұржан Әмірханұлы қазіргі күнде пандемияға байланысты барлық қабылдаулар онлайн жүріп жатқанын, ал арыз-шағымдар қабылдау бөлімінде жүріп жатқанын баяндады.
Пандемия кезінде мемлекеттік қызметте өзгерістер, жаңа әдістер еніп жатқанда, халық ідетпен күресіп, беймаза күндер кешіп жатқан біреулер өз қара басының пайдасын ойласып жатты. Яғни, дәрі-дәрмекке күні қарап тұрғанда фармацевтикалық зауыттар, ортадағы делдал кәсіпкерлер оның бағасының орынсыз өсуіне ықпал етті. Бұл бағыттағы жұмыстарды өз жолына қою мақсатында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы Департамент пен «Адалдық алаңы» қызметкерлері тер төге жұмыс жасағаны белгілі. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев әрбір өзінің халық алдындағы сөйлеген сөздерінде бағаны тұрақтандыру туралы нақты тапсырмалар беріп отырды. Бұл – індетпен күрес кезіндегі басты тақырыпқа айналғаны рас. Равиль Қуанышбайұлы аудандағы бірнеше дәріханаларға кіріп, шекті бағадан аспауын бақылап шықты. Аудан дәріханаларында «Адалдық алаңы» облыстық кеңсесінің бастамасымен QR код арқылы дәрілердің белгіленген шекті бағасын тексеру парақшалары ілінген болатын. Сол кодтар арқылы баға тұрақтылығын салыстырылып, дәріхана иелеріне мен сатушыларына бағаны қалыпты деңгейде ұстауға шақырды.
Мемлекеттік қызметтегі көп қызмет түрін көрсететін орталық ол – Халыққа қызмет көрсету орталығы. Онда 642 мемлекеттік корпорация арқылы қызметтер қолжетімді болса, «Егов» — электронды үкімет арқылы 608 қызмет көрсетілуде.
Аудандық ХҚКО бас сұққан жұмысшы топ ондағы қиыншылық тудыратын мәселелер туралы, жаңа қызмет түрлерімен танысты.
Жұмыс сапарының бағытына сай нысандарды аралап шыққан соң, Равиль Қуанышбайұлы аудан әкімдігінде тұрғындарға жеке мәселелерімен қабылдау жүргізді.
Келелі кездесуден соң Меркідегі іс-сапарын қорытындылап, аудан активімен кездесті. Қорытынды жиналысты төрағалық еткен аудан әкімінің орынбасары А.Медетбеков келген қонақтарға сөз беріп, ашық әңгіме құрды.
Онда Жамбыл облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес Департамент басшысының бірінші орынбасары Р.Төлебаев мемлекеттік қызметтегі жаңашылдықтар мен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» Қазақстан халқына Жолдауындағы Мемлекеттік басқарудың жаңа үлгісі туралы түсіндірме жүргізді.
Мемлекеттік қызметшіні сыбайлас жемқорлыққа апаратын әрекеттер туралы айтып, оны болдырмау жолдарын талқыға салды.
– Халық пен билік арасында тығыз байланысты орнатып, мемлекеттік қызметтің тиімділігін арттыру мақсатында барлық дерлік аудандарда «Сервистік әкімдік» кеңселерін аштық. Сіздердің Меркі ауданы осы бағыттағы жұмысты алғашқылардың бірі болып қолға алып, биыл оның салтанатты ашуылуының куәгері болдық. Офисті ашудағы мақсат мемлекеттік қызмет алуда әрбір кабинетке халықты жүгіртпей, бір жерден кеңес алып, жұмысын осы Сервистік әкімдіктен бітіреді деген сенім еді. Дегенмен, сіздердің аудандағы бұл жұмыстар тоқтауға бір қадам жақын қалғанын байқадық. Тез арада қайта қолға алып, жұмыстарды жандандыру керек. Мысалға, Байзақ ауданында «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы ғимаратында орналасқан кеңседе 6 бөлімнің қызметін бір жерден алуға мүмкіндік жасалған. Бұл кеңсе тек көзбояушылық үшін емес, шынайы жұмысының оң нәтижесін көрсетуде.
Келген халық көрсетілетін қызметтердің регламенті мен Заңды дұрыс білмейді. Және де өзінің де құқықтарын жақсы біле білмейді. Оларға сауатты кеңес беріп, бағыт-бағдар беруде осы кеңсе қызметкерлерінің көмегіне жүгінсе, көпте-көп көмек болары анық. Офистің тағы бір тиімділігі жемқорлық фактісіне жол бермеуге септігін тигізеді, деп ойын ашық, айқын, шимаусыз, күрмеусіз айтып шықты.
Ол Жамбыл облысы «Адалдық алаңының» жетекшісі Назима Дәрменқызы өз сөзінде «Адалдық алаңы», «Сервистік әкімдік» офистерінің жұмысты жеңілдетуге, халықпен байланыс орнатуға, кері байланыс жасау жолындағы тиімділігі туралы баяндады. Халықтың наразылығы қызметті дұрыс ала алмағанынан, Заңды білмеуінен, түсіндіру жұмыстарының, бағыт, кеңес беру жұмыстарының өз деңгейінде жүрмегендігінен болатындығын айтып өтті.
Жиынға қатысушы ауылдық округ әкімдері мен бөлім басшыларына аталған кеңселердің жұмысын жандандыруға атсалысуға шақырды. Мәселені аудан деңгейінде шешіп, облыс, республикаға шығып, әлеуметтік желі мен телеарналар «жұлдызы» болмай шешуге кеңселердің пайдасы туралы түсіндіріп өтті.
Жиын қорытындысында аудан әкімінің орынбасары айтылған ескертулер мен кемшіліктер бойынша шаралар қолданылатындығын жеткізіп, келген қонақтарға алғысын білдірді.

Ляззат Құралбаева,
Еркін Жасыбаев (фото),
Меркі ауданынан