Волейбол ойынының адам ағзасына пайдасы

20/12/20201min1740

Спорт және қимыл ойындары — дене тәрбиесінің сезімталдыққа негізделген тәсілі, олар денсаулықты сақтауға және нығайтуға өте тиімді.Сол спорт ойындарының ең қолайлы, кең тараған түрі волейбол. Волейбол (volley — «қалқып ұру», ball — «доп») — спорттық ойындардың бір түрі. Бұл ойынның ресми күні 1895 жыл деп есептелінеді. АҚШ-тың Массачусетс штатындағы белгілі Гелиокс колледжінде дене шынықтыру пәнінен сабақ берген американдық азамат Уильям Дж. Морган 1897 жылы волейболдың 10 шартын ұсынған.
Волейбол еңбекші бұқараны дене шынықтыру және спортпен тиянақты айналысуға, белсенді демалуға, шеберлікке тартудың күшті жолдарының бірі. Енді осы ойынның адам организміне әсері туралы қысқаша тоқталайық.
Ойын тактикасының қарапайымдылығы және доп үшін тікелей тартыстың жоқтығы волейболмен көпшіліктің жаппай айналысуына жол ашады. Ал волейболшылардың организміне түсетін салмақ мөлшері орташа деңгейде. Денеге аса күшті әсер ететін қимыл-жүгіру мұнда аз қолданылады.Дегенмен волейбол ойнау реакция жылдамдығын, ептілікті, төзімділікті калыптастыруға көмектеседі, тыныс жүрек-тамыр, бұлшық ет жүйелерін нығайтады, ой шаршауынан арылтады, жалпы алғанда организмге игі әсер етеді.
Волейболдың адам денсаулығына пайдасы зор:денсаулықты жақсартады,өкпенің дұрыс тыныс алуына көмектеседі,бұлшық еттерді қатайтады,қимыл әрекетте тез ойлауға көмектеседі,ми қызметін реттеуге көмектеседі,мінез-құлықты реттеуге көмектеседі,топ мүшелерімен жақсы қарым қатынас орнатуға, психологиялық ахуал туғызуға көмектеседі.
Волейбол адамды ұжымдық қимылға, жеке бас мүддесін команда мүддесіне бағындыра білуге, тәртіпті болуға, өзгелерге дер кезінде көмекке келуге үйретеді.Дәрігерлер мен дене шынықтыру, спорт мамандарының бір ауызды пікірінше, волейболдың емдеу-сауықтыру мүмкіндіктері орасан зор. Сондықтан осынау тамаша ойын әрбір мекеме, жоғары оқу орны, мектеп, демалыс орындарында берік орын алса, нұр үстіне нұр болар еді.
Волейбол ойынының ереже-талабы мынадай айла тәсілдерден тұрады:ойыншылардың орын ауыстыруы, допты бір-біріне беруі, допты ойынға қосу, шабуыл соққысы және оған тосқауыл қоюы.Волейбол алаңының аумағы шағын болғанына қарамастан ойын кезінде ойыншы тек өз орнын ғана сақтап тұрмайды. Ойын кезінде қажетті жағдайға байланысты орын ауыстыра беруінің үлкен мәні бар. Орын ауыстыру дегеніміз — техникалық тәсілдер мен тактикалық іс-қимылдарды шебер орындап шығу мақсатында командадағы ойыншылардың бір-бірімен орын ауыстыруы. Волейболшының ең қолайлы бастапқы қалпы-екі қолын шынтақтан сәл ғана бүгіп, дененің салмағын екі аяққа тең түсіріп, кеудені аздап ілгері бейімдер тұру.
Волейбол – спорттың кең тараған ойындардың бір түрі. Тіпті, су бойында, жағажайда да жарыстар өткізіледі.Волейбол ойынының қозғалысы адам баласына аса пайдалы табиғи қозғалыс пен дене мүшелерінің қимылынан жүгіру, жүру, секіру, лақтыру, т. б. жаттығулардан тұрады. Бұл ойынды он жасар баладан бастап қай жаста болмасын, бәрі ойнай береді. Сондықтан да, волейбол дене тәрбиесі пәні жаттығуларының бірі ретінде ең тиімді де ағзаға пайдалысы болып табылады. Волейбол ойыны адамның көңілін шаттандырып,іскерлікті арттырады.

Пікір қалдыру

Your email address will not be published. Required fields are marked *