СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ ҚЫЗМЕТ БАСШЫСЫ РУДНЫЙ ЖӘНЕ ЛИСАКОВ ҚАЛАЛАРЫНЫҢ МЕМЛЕКЕТТІК МЕКЕМЕЛЕРІНЕ БАРДЫ

06/11/20201min170

Қостанай облысына сапары барысында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев облыс әкімі Архимед Мұхамбетовпен бірге Рудный және Лисаков қалаларында болды.

Азаматтардың қажеттілігіне бағдарлану – сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың маңызды бөлігінің бірі екендігі бұрыннан айтылып келеді. Осы тұрғыдан алғанда, ашықтық, айқындық және есептілік арқылы мемлекеттік аппаратты трансформациялау маңызды рөл атқарады.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ведомство басшысы әкімдіктерде «бір терезе» қағидатымен азаматтарға сервистік және кедергісіз қызмет көрсетуге арналған «Көмек алаңы» фронт-кеңселерінің жұмысымен танысты. Кез келген азамат кабинеттердің табалдырығында кезек күтпей-ақ жүгіне алады. Әкімдіктердің қызметкерлері тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жер қатынастары, әлеуметтік қорғау, ауыл шаруашылығы және басқа да салалар бойынша кеңестер береді. Электрондық қызметтерді алу үшін өзіне-өзі қызмет көрсету бұрыштары да қарастырылған.

«Тұрмыстық сыбайлас жемқорлық азаматтар үшін қолайлы жағдай жасалмаған жерде таралады. Азаматтардың қажетті заңды көмек алу үшін мемлекеттік қызметшіге сыйлық беруіне жол жоқ. Шенеуніктер мәселені шешу жолдарын тарылтып, кеңселерде отырған қызметкерлердің маңыздылығын жасанды түрде асыра көтермеуі тиіс. Әрбір мемлекеттік қызметшінің жұмыс барысында ұстанатын қағидалары – адалдық, тәртіп, қолжетімділік, ашықтық пен әділдік. Әкімдіктердің ыңғайлы фронт-кеңселерімен мегаполистердің ғана емес, шағын кенттердің тұрғындары үшін де қамтамасыз ету қажет», — деп атап өтті Алик Шпекбаев.

Рудный мен Лисаков қалаларында «Көмек алаңы» ашылған сәттен бастап оларға 12 мыңнан астам тұрғын жүгінді. Жергілікті биліктің айтуынша, жақын арада облыстың халқы тығыз орналасқан барлық ауылдарының әкімдіктері осындай жұмыс нысанына көшеді.

Сондай-ақ, Агенттік төрағасы жергілікті мемлекеттік кірістер органдарына табан тіреп, азаматтар мен кәсіпкерлерге қызмет көрсету залдарының жұмысымен танысты. Сонымен қатар, Лисаков қаласында Алик Шпекбаев пен Архимед Мұхамбетов күрделі жағдайларды шешуге көмек көрсету туралы өтініш білдірген азаматтарды бірлескен қабылдау өткізді.