Сөз майданының сардары

Ш.Уәлиханов атындағы Жамбыл облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өмірін шығармашылыққа арнаған жазушы, журналист Көсемәлі Сәттібайұлымен «Сөз майданының сардары» атты онлайн сұхбат өтті.
Сұхбат барысында Көсемәлі Сәттібайұлы бала арманының жетектеп алып қала Алматыға апарғанын, Ұлттық университетте қазақтың ұлы ұстаздарынан дәріс алғанын айтып, алғаш қызмет жолын аудандық газеттен бастағанына тоқталды.
Журналистикада жүрген жылдарын, оның ішінде Шыңғыс Айтматов, Шерхан Мұртаза, Әбіш Кекілбаев, Әбдіжәміл Нұрпейісов тағы да басқа алып тұлғалармен болған сұхбатын, мақала жазудағы үлкен ізденістерін, жазуға адалдық, өмірдегі тәжірибесімен бөлісті.
Отбасы жылулығы, құндылығы, бала тәрбиесі төңірегінде келелі ой қозғап, ел намысын қорғап жүрген боксшы, Азия чемпионатының қола жүлдегері, бірнеше дүркін Қазақстан чемпионы Олжас ұлының жетістіктерімен мақтанатынын, ол жарысқа кеткен сәттегі әкелік қобалжу, ұйқысыз түндер, жүрекке түскен салмақ жайлы толқып отырып әңгімеледі.
Сонымен бірге оқырмандардан келген сауалдарға жауап беріп, алдағы жоспарларымен бөлісті. Эфирдегі әңгіменің өзектілігі оқырмандарды баурап алып, аз уақыттың ішінде 4 мыңнан астам адам қамтылды.