Таңдаулы жаңалықтар:

ШЫМКЕНТТЕ 200-ДЕН АСТАМ ОТБАСЫ «ШАҢЫРАҚ» БАҒДАРЛАМАСЫ БОЙЫНША БАСПАНАЛЫ БОЛДЫ - Zau.kz

Шымкент қаласындағы «Тұран» шағын ауданында «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында бой көтерген тұрғын үй пәтерлері кезең-кезеңімен пайдалануға берілуде. Бүгін алғашқы 224 отбасыға пәтер кілттері табыс етілді. Жаңа қоныс иелері «Шаңырақ» бағытымен баспаналы болып отыр.

Кілт тапсыру рәсіміне қала әкімінің орынбасары Ерғали Білісбеков қатысып,баспаналы болған азаматтарды қоныс тойымен құттықтады.

-Шымкентте бүгінде 46 мыңнан астам адам тұрғын үй кезегінде тіркеулі. Азаматтарды барынша баспанамен қамту мақсатында тұрғын үй құрылысы да қарқынды жүргізілуде. Бүгін міне сіздердің қуаныштарыңызға куә болып отырмыз. Баршаңызды қоныс тойларыңызбен құттықтап, шаңырақтарыңызға шаттық, бақ-береке тілеймін,-деді Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Ерғали Білісбеков.

Биыл қала әкімдігі тарапынан сондай-ақ, тұрғын үйге мұқтаж азаматтарға қолдау ретінде тұрғын үй сертификатына 500 миллион теңге бөлінді. Ипотекалық тұрғын үй қарызы бойынша бастапқы жарнаның бір бөлігін жабу үшін қайтарымсыз негізде әр азаматқа 1 миллион теңгеге дейін беріледі. Бүгінгі жаңа қоныс иелерінің 184-і де аталмыш сертификатты алып, баспаналы болып отырғандар.

Жалпы, «Тұран» мөлтек ауданында үлестіріліп жатқан 27 тұрғын үйдің 1728 пәтеріне өтінімдер биыл «Отбасы банк» арқылы «Шаңырақ» бағытымен қабылданған болатын. Пәтерлер кезең-кезеңімен үлестіріледі.
Бағдарламаның талаптарына сәйкес, тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтар отбасының ортақ табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 3,7 еселенген мөлшерінен аспаған жағдайда қатыса алады. 2021 жылға бұл сомма 126 917,4 теңгені құрады. Жылдық мөлшері 5 пайыздан аспайтын, алғашқы жарна 10 пайызбен, 20 жылға жаңа тұрғын үйлерді сатып алу мүмкіндігі қарастырылған. Егер азаматтардың ай сайынғы табыс көзі жетпей жатқан жағдайда, туысы немесе жақыны кепіл бола алады.