Сертке берік, сезімге адал Сәндібала сүйіктісі үшін Сібірге дейін жаяу барған

Қозы Көрпеш пен Баян сұлудан бөлек, Ләйлі мен Мәжнүннен басталатын жеті ғашықтың махаббат дастанын көзі қарақты оқырман жақсы біледі. Ал, сезім сертіне адал, Шудың бойындағы жұртқа аттары аңыз болып таралған Солтыбай  мен Сәндібала сынды қос ғашықтың тағдырын көпшілік біле бермейді.

Сәндібаланың бауырына басқан жалғыз қызы Зиба Әспетова Шоқпар ауылында тұрады. Қос ғашықтың тағдырын ұрпағының өз аузынан естімекке, ол кісі тұратын қара шаңыраққа іздеп бардық. Есігін айқара ашып, төрге оздырды. Тоқсан жасқа толған қарт әженің ісі ширақ, сөзі мығым. Өткен өмірін айна-қатесіз, жылма-жыл сабақтай отырып әңгімелеп берді.

-Біздің ата-бабаларымыз бұл мекенді ежелден тұрақ еткен, -деп қарт әже әңгімесін әріден бастады. — Ертеректе Шудың қыпшақтары Әулиеата төңірегінде малға жайылым, елге қоныс болар жер іздеп, жиі көшіп-қонса керек. Сол көшті үнемі Сәндібаланың әкесі Жарылғап бастап жүреді екен. Төрт түлігі түгел, жан баласының сөзін басынан асырмайтын ол жалғыз қызын айттырып келгендердің ешбіріне ырық бермепті. Шама-шарқы келгенше қызын қатарынан қалдырмай, бұла етіп өсіріпті.

Құда түсіп, сырға салуға ниеттенгендерге «өзі ұнатқан адамына беремін» деп бәрінің бетін қайтарып отырыпты. Сәндібаланың қалаған адамы Тұрғанұлы Солтыбай малы аз болғанымен, топта суырылып сөйлейтін шешен, жүйесін тауып ой айтатын білекті де білікті жігіт екен. Атам Солтыбай кедей-кепшіктің жыртысын жыртып, ел ішінде атқамінерлер сөзден жығып кете беріпті. «Ел мақтаған жігітті қыз жақтаған» демекші, Сәндібала сұлуға да Солтыбай мырзаның дақпырты жетіп жатады.

Бірде иін ағашпен су басына барған қызға астындағы атын суаруға келген жігіт кезігеді. Бір кездескеннен тез тіл табысқан екеуі, бір байламға келеді. Жігіт те әдемі ер-тұрманмен көмкерілген көк қасқасын алдына тарта қояды. Сәндібала сұлу иінағашын қос шелектің үстіне көлденең жатқызып, жігітке еріп кете береді. Ол кездегі жігіт пен қыздың жолығар жері тек судың басы ғана болатын, — деп Зиба әжей әңгімесін бір түйіп қойды. Осы тұста ол өз заманындағы жастардың ұяты мен арына адал болғанын бүгінгідей бейәдеп қылықтың жоғын жасырмай айтты. Қарт әже қазіргінің жастары ел алдында қол ұстасып жүруге ұялып, арланбайтынына қынжылатынын да жасырып қалмады. Айтарын бүгінгімен ұштастырған қарт әже әлгі әңгімесін әрмен қарай жалғады:

-Сонымен не керек, көп ұзамай қыз кеткенін естіген ауыл жұрты «алып кетті» десіп, даурығып жатты. Кейбір жігіттер намысқа тырысып, қос ғашықтың соңына түсіп, қумаққа бел буады. Сонда Жарылғап атамыз ақылға салып, «екі шелекті бірінің ішіне бірін кигізіп, төңкеріп кеткені, ит сарымасын, ыдыс былғанбасын дегені. Ал, иінағашты шелектің үстіне көлденең қойғаны, өз еркімен кеттім, алдымнан көсе-көлденеңдеп шықпаңдар дегені болар, — деп қыз жұмбағының астарын ашып, ел-жұртына тоқтам айтқан екен. Міне, даналық.

Жасырынып, жасқанбайтын адамның кеудесі қашан да нысана ғой. Солтыбай атамның да дұшпандары аз болмаған. Оның үстіне малдылардың, әлділердің қолы жетпеген мақтаулы қызға үйленген соң тісін қайраушылар, тіпті, көбейіпті. Екі жас қосылып, сауық-сайранмен тойларын өткізген соң, ел ішінде шақырыс көбейеді. Бақытты жұпқа көпшілік қызыға да, қызғана да қарайды. «Айлалы жау алмай қоймас» деген. Бай-бағландар Солтыбайдың соңына түсіп, жоғарғы жаққа оның үстінен арыз жазып, жалған жала жабады. Содан ояз басшысы 1903 жылы Солтыбайды бақандай он екі жылға Үркіт қаласына (Итжеккенге) жер аударады, — деп сөзін жүйеледі қарт әже.

Дәл осы оқиға Зейнеп Ахметованың «Шуақты күндерінде» барынша нақты көркемделіп жазылған. Сертіне бекем Сәндібала сүйген жары Солтыбайдың соңынан ереді. Ол ісіне қарсылық танытқан әскерилер қорлықтың нешесін көрсеткен екен. Тіпті, маңдайына мылтық кезесе де алған бетінен қайтпай, Солтыбаймен бірге Итжеккенге дейін «итшелеп» жүре берген. Қос аяққа кісен салып айдаған этаптың артынан екі елі қалмапты. Табаны ойылып, жүруден қалған жарына ғана емес, айдауылдардың өзіне бір үзім нанын бөліп берген. Міне, жанкештілік! «Таспен ұрғанды аспен ұр» деген осы. Күн артынан күн келіп, ай соңынан ай ағып солтүстік Сібірге де жетеді. Бір жарым жыл жол жүреді. Бірде тірсектен ұрған қалың қарға кезіккен жүргіншілер, тіптен, аяқ басудан қалады. «Шын жыласаң соқыр көзден жас шығады» деген. Сонда Құдайынан үмітін үзбеген Сәндібаланың алдынан бір жуас тайлақ көлденең түсіп жатып алыпты. Жаратқан иенің бір ісіне шек келтіруге бола ма, көп ойланбай ақ тайлаққа мініп алады. Сол күйі айдауылдардың алдына түсіп, қалың қарға жол салады. Осы ісінен соң әскерилер  Сәндібалаға сеніп, күйеуі Солтыбайдың жанында серік болып жүруіне рұқсат береді. Осылайша Сәндібала он екі жыл бойы айдауда болған жарының жанында жүріп, жаза мерзімі аяқталғанда онымен бірге еліне оралады. Бастысы — бас аман, бөз ораулы…

Осы оқиғаны естіген Бауыржан Момышұлы Сәндібаланың ісін үлкен ерлікке балапты. Оның табандылығын,  жолдасының басын жолда қалдырмаған жақсылығын ел-жұртқа жиі айтып отырған екен.

Өкінішке қарай, Солтыбай Сібірдегі ауыр жұмыстың салдарынан айықпас дертке шалдығып, арада көп уақыт ұзамай дүние салыпты. Сәндібала өзі перзент сүймеген. Алғашқы шаранасы құрсақта шетінеп кеткен. Бірақ,  Солтыбайдың бәйбішесінен тараған немере қызы, яғни Зибаны бауырына басып, жарының  шаңырағын құлатпай, түтінін түтетіп отырып қалыпты. Сәндібаланың бәйбішенің баласын бауырына басып,  «өзге» деп өзектен теппей, өз қызындай көруінің өзі — даналық пен мейірімнің көрінісі.

Сібірде жүріп орысша хат таныған оны ұлық әкімдердің өзі тілмаш керек жерге аттай қалап алдыртатын болған. Кейін өмірден озған Сәндібалаға ауыл жұрты арулап басына күмбез орнатып, атын аңызға қосыпты.

Міне, тағы бір адал махаббаттың мысалы.

Нұрсұлтан РАХЫМБАЙ,

Жамбыл облысы

Пікір қалдыру

Your email address will not be published. Required fields are marked *


Бізбен байланыс

«ZAU.KZ» ақпарат агенттігі

Мекен-жайымыз: Жамбыл облысы, Тараз қаласы

Телефон: 8 771 399 43 63

Электронды пошта: zau.kz18@mail.ru