Сәуле Рысбаева: «Бұрын біз несие алу үшін банкке 30-40 пайызға дейін «шапкасын» беретінбіз»

 

 

 Кәсіпкер, «Рысбаева және К» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Сәуле РЫСБАЕВАМЕН сұхбат 

 

– Сәуле Мақшанқызы, сіз Жамбыл облысына, тіпті елімізге полиграфия саласындағы жетістігіңіз арқылы жақсы таныс екеніңізді білеміз. Осы салада, жалпы бизнес әлемінде ширек ғасырға жуық тәжірибеңіз бар азамат ретінде сол көрген-білгеніңізді, көкейге түйгеніңізді жамбылдық жастармен бөліссеңіз…

– Әрине, еліміздің ертеңі саналатын жастардан нені аяймыз. Мемлекеттік жүйеде жұмыс істеп жүрмесем де, осы бізден кейінгі буын бақытты болса екен, өскелең ұрпақтың көңілінде қоғамға деген кірбің қалмаса екен деп алаңдап жүретін жандардың бірімін. Мен де жас болғанмын, комсомолдың, идеологияның тәрбиесін көріп өстім.

– Ең алдымен Сәуле Рысбаева мектепте, жоғары оқу орнында қаншалықты белсенді болды деген сұрақтың жауабын естісек…

– Көзімді тырнап ашқалы мен көрген адамдар – еңбекпен ысылғандар. Еңбекпен шыңдалып, соның рахатын көргендер. Бір жағынан сол тұстағы тәртіп, талап сондай болған шығар. Бірақ еңбек етуден, тынбай бейнеттенуден ешкім жаман болған жоқ. Міне мен осындай қоғамды көріп өстім. Ауылда бір жасымнан 6-сыныпқа дейін әже тәрбиесімен ұлттық құндылықтарды бойыма сіңірсем, мектепте белсенді болуға тырыстым. Кішкентайымнан ту көтеріп жүрдім, «дружина советі» болдым. Комсомол ұйымының белсендісі болып, түрлі жарыстарға қатыстым. Не керек, әкем сағат сегізде жұмысқа кетіп, бесте үйге қайтады. Сол кезде мен әкемнің артынан қоса келе жататынмын. Сонда ол кісі «елдің балалары бағана сағат 1-ден үйінде жүр. Сен беске дейін мектепте не бітіп жүресің осы» деп ұрысатын.

Мен қазақ мектебін бітірген адаммын. Кейін Жамбыл қаласындағы былғары аяқ-киім фабрикасының училищесіне оқуға келгенде менің орысшам шала-пұла болатын. Қысқасы орысшам, өте төмен деңгейде еді. Енді училищедегі алғашқы көрген қорлығымды айтып жеткізе алмаймын. Себебі, көкірегім қазақша сайрап тұрғанымен, оны орысша жеткізуге тілім жетпей жүрді. Сонда мұғалімдерге «вон тут говорить, а тут не говорить» деп әзілдеп көкірегім мен аузымды көрсетіп, айналамды бір күлдіріп алатынмын. Сосын айтатын сөзімді, тапсымаларды жаттап алатынмын. Міне, осылай жаттап алсам да, талпынып жүріп орысшаны үйреніп алдым. Мұның бәрін мақтаныш үшін емес, талпыныстың, ынтаның, намыстың арқасы екенін айтып отырмын. Мен «осыншама адамдар сөйлеп жүрген тілде неге сөйлей алмаймын, мен де үйренемін» деп намыстанып, талпынатынмын, осындай бір құштарлық болды менде. Соның арқасында өте жоғары жетістікке жеттім. Бір жылдың ішінде құрмет тақтасына іліндім. Ол жерде аяқ-киімді тексеруші деген мамандық бойынша бір жыл оқыдым.

– Бизнеске дейін қандай қызметте болдыңыз, кәсіпкерлікке бет бұруыңызға не себеп болды? Әңгімемізді әріден бастасақ…

– 1982 жылы аяқ-киім фабрикасына 5-разрядты қызметкер болып жұмысқа орналастым. Өйткені училищені қызыл дипломмен бітіргенмін. Сол жерде көзге түсе жүріп, кейін фабрикадағы комсомол ұйымы хатшысының бірінші орынбасары болдым. Бір жылдан кейін алып фабрикадағы комсомол ұйымының хатшылығына сайландым. Ал 1983 жылы фабрика жұмысынан біржола босатылып, сол жердегі 1200 комсомолдың жетекшісі болдым.

– Жастарының өзі осыншама болса, фабрика әжептәуір әлеуетке ие болған екен ғой…

– Иә, тек қана аяқ-киім фабрикасында 3000 адам, ал өзге бірлестіктерін қосқанда 6000-дай адам жұмыс істейтін. Сол 3000-ның жоғарыда айтылған 1200-дейі комсомолдар еді. Мен үнемі мына бір мысалды айтып жүремін. Мәселен, мен өзімнің қалыптасу кезеңімді үй ретінде көретін болсам, менің іргетасымды ауылда апам қалаған. Апам мені былайша айтқанда отқа салса жанбайтын, суға тастаса батпайтын, тірлікке, тұрмысқа бейім қылып тәрбиеледі. Одан кейін қабырғамды осы былғары аяқ-киім фабрикасы көтерді. Жастар арасында барлық тәжірибеден өттім. Аяқ-киім өндірісінің де барлық қыр-сырын меңгердім. Яғни, қабырғамды қатайтқан осы аяқ киім фабрикасы және осындағы ұстаздарым. Кейіннен мен комсомолдардың облыстық комитетіне ауысып, онда 4 жыл қызмет атқардым. Бірақ сол үйдің шатырын кейін өзім бизнесте жүріп жаптым деп айта аламын.

– Бизнесті бастау тоқсаныншы жылдары оңай соқпаған шығар? Әрекетті неден бастадыңыз?

– Әрине, ол оңай тірлік болған жоқ. Кеңес Одағы ыдырап, елдің бәрі ертеңіміз не болады деп, болашақты жорамалдай алмай бастары қатып жүрген кез еді. Осы кезеңде еліміздегі көптеген келіншектер сияқты мен де ала дорбаны арқалап, шетелге барып, тауар тасыдым. Бірақ мен бұл жолда көп жүрмедім. Екі айдай ғана коммерциямен айналысып, міндетті түрде өндіріске бет бұру керек екенін түсіндім. Бұлай шешім шығарып, нар тәуекелге баруыма фабрикада алған бай тәжірибем өз пайдасын берді. Өйткені, өндірістің қандай зор күшке ие екеніне, мемлекеттің ішіндегі шағын мемлекетке айнала алатындығына көз жеткізген едім. Сондықтан, көп ойланбастан еліміз тәуелсіздік ала салысымен 1992 жылдың 30 наурызында «Рысбаева және К» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін аштым.

Біз алғашында мөр, штамп шығарумен айналыстық. Серіктестігіміз бірден аяққа тұрып кетті деп үзілді-кесілді деп айта алмаймын. Біз де небір қиындықты көрдік, девальвацияның талайын көрдік. Мемлекет өзінің қалыптасу жолында қандай «аурулармен» ауырса, біз де сондай сырқатты тарттық. Құдайға шүкір, кедергі мен қиындықтың бәрінен аман-есен өттік. Соның бәрін жеңіп шығуға Тұңғыш Президентіміздің кәсіпкерлікке деген жанашырлық танытып, қолдау білдірген саясатының арқасы. Мемлекет құрылғалы Елбасымыз «Бізді бағып отырған кәсіпкерлер. Қаншама мемлекеттің экономикасын өрге сүйреп, қабырғасын қалап тұрған осы кәсіпкерлік субъектілері» деп азаттықтың алғашқы жылдарынан айтудай-ақ айтып келеді. Қаншама мораторий жариялады. Мына ғимаратымыздың өзін біз Елбасының арқасында алдық десек, асыра айтқаным емес. Президент «кімде-кім жалға алып отырса, сол ғимарат соған тікелей сатылсын» деген жанашырлықпен Жарлық шығарған. Әйтпесе, мен қазір осы деңгейге жететіндей бұл ғимарат маған ата-бабамнан, я әкемнен қалған емес. Ешкім маған даңғыл жол жасап кеткен жоқ. Сондықтан, мен Тұңғыш Президенттің бизнесті қолдау бағытындағы әрбір Жарлығы үшін ол кісіге бас иемін.

– Бизнесіңізді дамыту үшін мемлекеттен қайтарымсыз қаржы, қандай да бір грант алып па едіңіз?

– Мен мемлекеттен ешқандай қосымша қаржы, қайтарымсыз тегін ақша, грант алып көрген емеспін. Бәрін тек қана өз еңбегіммен, өз капиталыммен жасап отырмын. Әрине, несие алдым. Ол қаржыны керегіме жаратып, банкке қайтарып отырдым. Яғни, қайтарымсыз ешқандай қаржы алып көрген емеспін. Мептептің де жұмысын «Даму» қорының қолдауымен алынған несие арқылы жандандырдым. Оны бір жылдан кейін төлеп бітемін бұйыртса.

– Сіз алғаш осы кәсіппен айналысып бастаған жылдары, яғни тәуелсіздіктің елең-алаңында нарықтың өзі жеткілікті дамымаған, қалыптаспаған кезең еді. Сіз сол нарыққа қаншалықты маркетологиялық зерттеу жүргіздіңіз? Полиграфия саласын өзіңіз таңдадыңыз ба, әлде өзге адамдар кеңес берді ме?

– Сол жылдары жұрттың бәрі жаппай жеке кәсіпорын, кооператив ашуға кірісіп кетті. Тіпті бір үйде бірнеше шағын кәсіпкерлік субъектісі жұмыс істей бастады. Яғни, бір үйде әкесінің, анасының, ағасы мен әпкесінің атында мөр болды. Ол кезде мөр жасау деген бүгінгідей емес, машақаты көп жұмыс еді. Бәрі құжаттарын әзірлеп, Мәскеуге барып үш күнде мөр жасап алып келетін. Сосын мөр жасатуға керекті банктің бір анықтамасын алуға алты айға дейін кезекте тұратынсың. Міне, біз кәсіп бастауға ниет білдіргендердің осындай машақатын көріп, алғашқы бизнесімізді мөр жасаудан бастап кеттік. Оның үстінен, бізді жігерлендірген сол халықтың өзі. Өйткені кейбірі «осыны да жасай алмайсыңдар ма» деп ренжіп кетіп жатса, біреуі «түк білмейсіңдер» деп ұрысып кетеді. Ал кейбірі «мына қағазды шығарып беріңіздерші» деп өтініп келіп тұрған соң, құры жүре алмадық, намысқа тырыстық. Сол себепті мен «бізді өсірген – халық» деп үнемі айтып жүремін.

– Алғашқы командада кәсіпті қанша адам болып бастадыңыздар?

– Ол кезде алты адам едік. Қазір бір қауым ел болып қалдық.

– Тоқсаныншы жылдары бір шаруаны бастау тұнып тұрған тәуекел еді ғой. Құпия болмаса осы бизнеске салған алғашқы капиталдың сомасын айта аласыз ба? Жұмысыңыз жүріп кетуі үшін қандай тәуекелге барадыңыздар?

– Осы Тараз қаласында «Коммерческий банк ДКБ» деген банктен 25 мың АҚШ доллары көлемінде рубльмен несие рәсімдеп, ол ақшаны Мәскеудегі Столичный банктегі есеп шоттан алты ай кезекте тұрып алдық. Өйткені ол кезде біздің елде айырбастау пункті, конвертация деген атымен жоқ еді. Сондықтан долларды Ресейден алуға тура келді. Біз сол 25 мыңның тек 5 мың долларын ғана банктен шығара алдық. Қалған 20 мыңын сол банкке бұрынғы КСРО рублімен қойып кеткенбіз. Бірақ сол тұстағы инфляция деген ғарыштық жылдамдықпен өсіп, кейін ақша ауысып, ол қаржы өзінен өзі босқа күйіп кетті. Осылайша біраз қаржыдан қағылдық. Дегенмен, 5 мың доллардың өзі бізге жеткілікті болды.

Сөйтіп, Венгриядан мөр жасайтын станок сатып алып, оны жолаушылар пойызымен үш елдің шекарасын кесіп елге жеткіздік. Одан кейін үнемі өсу жолымен жүріп отырдық. Мөрмен ғана шектеліп қалмай, визитка, шақыру қағаздарын да дайындауды меңгеріп, сатылымға шығардық. Құдай қарайласқандай сол кездегі шарықтаған инфляцияның есебінен әлгі несиені жабу бізге аса қиынға соққан жоқ, төрт айдың ішінде құтылдық.

Кейін Елбасы кәсіпорнымызға келгенде «мынау біздің ханшайымымыз» деп мақтанышпен сол венгриялық станокты көрсеттім. Нұрсұлтан Әбішұлы «бұның қай жері ханшайым, тоңазытқыштан айнымайды ғой» деп әзілдегені бар еді. Мен ол станокты үш елдің шекарасын кесіп, алақанға салып аялап алып келгенімізді, алғашқы табысымызды осының арқасында тапқанымызды айтып бердім.

– Сол тұстағы қиындықтарыңызды айтып өсеңіз…

– Күндіз штамппен бәрін басып аламыз да, жұрт кеткен соң өнімдерді дәлізге, терезенің алдына, еденге жайып тастап түнімен кептіреміз. Азанда ерте келіп оны қайта жинайтынбыз. Полиграфиялық мекемемізді ашқан кезде ешқандай жарнамалық газет деген болған жоқ. Бір барақ қағазға жазып алып, жарнамамызды іліп кететінбіз. Қарнымыз бірде тоқ, бірде аш жүрдік. Таба нанды төртке бөліп алып, сонымен жүрек жалғап алып жұмысымызды әрі қарай істей беретінбіз. Тіпті, қонып қалған кезіміз де болды. Айта берсек, мұндай азаптың талайы болған. Сондықтан жастар ешнәрседен қорықпау керек. Өйткені бейнеттің де зейнеті болатыны анық. Бір кездері мен қандай бейнеттен өтсем, бүгінде соның жемісін көріп отырмын. Оған қоса, мектеп ашып алдым.

– Өзіңіз де кіріп кеткен шығарсыз қызған жұмыстың ішіне?

– Әрине, мен бастық екенмін деп сырттан қарап тұрғаным жарамас. Өзім сол өнімді ұстап көрмесем, қалай дайындалатынын білмесем, жалпы айтқанда полиграфиялық жұмыстың иісі мұрныма бармаса, мен оны кейінгі жастарға қалай үйретемін, оларға қалай тапсырма беремін. Сондықтан білекті түріп алып өзім де ел қатарлы кірісіп кететінмін. Тек міндетті түрде жұмыстың ішінде жүруден басқа жол болған жоқ менде. Тіпті ел сияқты он жылдығымызды ресторанға барып тойлаған да жоқпыз. Өйткені, бір кездері қиналған сәтте он жыл жұмыс істей аламыз ба, істей алмаймыз ба деген де күмәнді сұрақ мазалаған. Құдайға шүкір былтыр 25 жылдығымызды атап өттік.

– Тәуелсіздіктің алғашқы жалдары кәсіп бастау қиын болғанын жұрттың бәрінің есінде болар. Дегенмен, қазір тірлік істеймін деген жанға мүмкіндік мол. Әлеуметтік зерттеулерге сүйенсек бизнеске жастар көп барғысы келмейді екен, яғни тәуекелге баруға жүрексінеді. Кәсіпкерлікке ниетті жастарға қандай кеңес бересіз?

– Бір жағынан жастарды бекерге кәналай бермей, түсінуге де болады. Өйткені менің саламның өзін ғана айтайын, нарық бүгінде полиграфиялық өнімдерге тоған. Жертөледе, гаражда, үйінің ішінде, ашық та астыртын да жұмыс істейтін ірілі-ұсақты баспаханалар елімізде жетіп артылады. Сол сияқты бүгінде кәсіптің, қызмет көрсетудің барлық түрі нарықтың аузы-мұрнынан шығайын деп тұр. Сол себепті бүгінгі жастарға білімдерін шыңдау керек. Техниканың неғұрлым зорын, озығын алып келу керек. Яғни, нарықты зерттегенде ой-өрісі жарты қадам болса да алда тұрғаны абзал. Себебі, бүгін орнатқан қондырғың ертең өндіріске жарамай қалатын заман келді. Сәт сайын техника мен технологияның түрі көбейіп жатыр. Біздің 26 жыл бұрын алған техникаларымыз қазір қаусап тұр. Ол кезде олар дүние жүзінде бірінші орында еді. Ал қазір небәрі екі-ақ жылда техникалар өркениет көшінен қалып қоюда. Оған қондырғыларымыздың бір бөлшегі істен шықса, іздеген детальді таба алмай қиналатынымыз дәлел. «Ондай техника қазір шығарылмайды» деген жауап естиміз.

Кезінде бізде ізденуге, техникалардың тілін түсінуге көп мүмкіндік болған жоқ. Ал қазір жастар ағылшын тілін меңгерсе, интернеттен техниканың жеті атасын танып-білуіне, өзіне оңтайлысын таңдауына болады. Қазір талғамың болса, таңдау мүмкіндіктері мол.

Қазіргі жастар әрнәрседен бір қорқып жүре бермей, жанына жақын бір кәсіпті бастап кету керек. Рас, кезінде біз де қорықтық. Өйткені ол кез «бандиттердің» дүркіреген шағы еді. Нарық сенімсіз еді. Жұрттың әр нәрсені бір сатып ала қоятын қалтасы да қалың емес еді. Не интернет жоқ, интернет тұрмақ ұялы телефон қиялымызда жоқ еді ғой. Нағыз қараңғыда, тәуекелдің бел ортасында біз жүрдік. Ә дегенде мемлекет ешқандай мүмкіншілік, жағдай жасай алмады. Бүгінгідей бизнес жоспарыңа көмектесіп, кедергілермен бірге күресетін кәсіпкерлік палатасы болған жоқ.

Қысқасы, әр кезеңнің өз қиыншылығы бар, бірақ оны жеңуге болады. Жастарға қазіргі қиындықтарды жеңудің екі жолы бар деп айта аламын. Біріншісі, тілді меңгеру керек. Айталық, ағылшын тілін білсең әлемдік дамыған елдердің тәжірибесіне, өндірісі мен ғылыма терезе ашасың. Екіншіден, бұрын біз несие алу үшін банкке 30-40 пайызға дейін «шапкасын» беретінбіз. Ол өтірік емес. Осылай да тығырықтан шыққанбыз. Ал қазір банкир сіздің артыңыздан жүгіреді «менен несие алыңызшы» деп. Тіпті олардың арасында қазір конкурспен аукцион өткізіп жіберсеңіз де болады. Өйткені қазір бұрынғыдай «кім маған несие береді екен» деп емес, «кім маған төменгі пайызбен береді екен» деп таңдау жасай аласыз. Осы жағынан қазіргі жастарға өте қатты қызығамын.

Одан бөлек бүгінде кез келген елде өтіп жатқан көрмеге, өзге де өндіріс бағытындағы жиындарға қатыса аласыз. Бізде ондай жағдай болған жоқ. Біз ол кезде қай мемлекеттен не шығатынын да білмедік. Шекемізге бір нәрсе тисе ғана «А, бұл жақпен жүруге болмайды екен, мына жолмен жүрейік» деген ғана таңдауымыз болды. Сондықтан, бүгінгі бизнеспен айналысамын деген жастарға, кез келген адамға даңғыл жол ашылып тұр. Тіл, тәжірибе, батылдық сынды осы үшеуін қосса кез келген кедергіні бұзып-жарып өтуге, жетістікке жетуге әбден болады.

Керек затыңды алу үшін бұрынғыдай айлап кезек күтпейсің, АҚШ-тан тапқан затыңды үш күнде жеткізіп береді. Жастар өзін-өзі қамшылап, жалықпай алға қимылдаса қатардан озудың түрлі-түрлі жолдары бар. Жастарға қазір ашылып тұрған мүмкіндіктерді біздің заманымыздағы жастарға берсе, кім біледі тауды қопарып талай іс атқаратын ба едік.

Жастарға қанша қынжылыс білдірсек те, соларға арқа сүйеуіміз керек. Бүгінгі техника, технологияның озық үлгілерін меңгеріп кетуіне жағдай қайтсек те жасалуы керек. Онсыз өркениеттен қаламыз. Едбасы кезекті Жолдауында қазақстандықтардың өмір сүру сапасын арттыру бағытында біраз мәселенің шетін шығарды. Келесі жылды «Жастар жылы деп белгілеуі де тегін емес.

– Сіз жастарға қаншалықты сенім артасыз? Ұжымыңыздағы жастардың әлеуетін қаншалықты бағалайсыз?

– Биылғы Жолдауындағы Мемлекет басшысының жастарға деген бетбұрысы өмір бақи жастармен жұмыс істеп келе жатқан мені кәдімгідей қуантады. Ұжымымда да көбі жастар. Себебі менің ритмімнің өзі жастардыкіндей. Жастармен жұмыс істегенді өте жақсы көремін. Өйткені, жастарды бір нәрсеге үйретуде, бұрылыс жасауда, жөн сілтеуде қиналмайсың. Әр нәрсеге икемді келеді, сосын олар қорықпайды. Үлкен кісілерге де өкпем жоқ, сол кісілердің арқасында көп жұмыс атқардым. Бірақ, үлкендер жасы келген сайын қорқақтай береді. Сол себепті мен көп басымдықты, тапсырманы жастарға сеніп беремін. Өйткені олар ойнап жүріп істейді. Кейде кештеу қалып аяқтайтын жұмыстар шығып қалады. Сол кезде олар музыканы қойып қойып, ойнап, билеп жүріп тындырып тастайды. Соны көріп кәдімгідей марқайып қаламын және сондай позитивті жастардың ортасында жүруді қалаймын. Бірақ, кейде жастарға жаным ашиды. Осыған дейінгі сұхбаттарымда да бұл ойымды үнемі айтып келемін. Жастардың тау қопарар күші бар. Айталық, бұрынғы Порт-Шевченко, қазіргі Ақтау қаласын кімдер тұрғызды? Жастар. Тыңды кім игерді? Әрине, комсомол жастары. Сол айтпақшы, біз бүгін де жастарға үлкен сенім артуымыз керек. Олардың еңбектенуіне, пісіп-жетілуіне жағдай жасауымыз керек. Әр істі қорықпай табыстауымыз керек. Себебі, біз үй тәрбиесінде балалармызға «сен бүйт, сүйт анандай бол, мынандай бол» деп үнемі құлағына құйып жатамыз. Бірақ іс жүзінде олай бола бермейді. Мұның шешімін атамыз қазақ о баста айтып кеткен. «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» деп. Қанша ақыл айтамыз, бірақ соны біз өзіміз үлкендер орындамаймыз. Яғни, еңбекке баулу керек дейміз, қарап отырсақ қазір киімді машина жуады, еденді шаңсорғыш тазалайды, тамақты мультиварка пісіреді, тіпті, ыдыс-аяқтың өзін арнайы құрылғы жуады. Енді қазір еліміздегі жағдай бұрынғыдай мүшкіл емес қой. Жоғарыда айтылған заттар бәрінде болмаса да, көбісінде бар. Баяғыдай текемет тоқылмайды, күбі пісілмейді. Ойлаңызшы, балалар қол еңбегін қайдан көреді, үйде немен айналысады. Сондықтан, өз басым жастар нашар, олар жалқау, еріншек деген жалпылама баға беруден аулақпын. Себебі мен маған үйреткен, мені еңбекке баулыған адамдардың арқасында өстім. Үйде көрмеген тәрбиемді зауытта көрдім. Зауытта көрмегенімді комсомолда жүріп көрдім. Тәрбиені елдің ортасында жүріп көрдім. «Қызға қырық үйден тыю» дегендей, ол кезде сені кез келген орта тәрбиелейтін. Тіпті, подъездің алдындағы орындықта отыратын апалардың алдынан өтіп бара жатқанда қазіргі мекемелердің кіреберісінде тұратын металл іздеушіден өткендей болатынбыз. Қай жерімізден мін тауып қояр екен деп қысылатынбыз. Бірақ енді ол заманды аңсап отырған мен жоқ. Тәуелсіздігімізге тәубе. Әйтпесе қазір кімнің қарамағында жүрер едік, кімнің ауласын сыпырып жүрер едік. Сондықтан, тәуелсіздікпен қатар жастардың заманы туды деп айта аламын. Жастарға қазір шабыттанатын кез келді.

– Мемлекетті алға жетелеудің де бар ауыртпашылығы осы жастардың арқасына түсіп отыр. Себебі бүгінгі қоғамдық формация, өркениет цифрлық дамуға келе жатыр. Қазір балабақшадағы баланың өзі смартфонда немесе компьютерде қай тетік қай жерде екенін тез меңгеріп алады. Әлгінде жастарды көзін тырнап ашқаннан еңбекке баулу керек деп отырсыз. Ал бірақ бүкіл механизмі цифрлық технологияға негізделіп келе жатқан қоғамда жастарға қаншалықты үмітпен қарағанымыз жөн?

– Менде қазір екі мекеме бер. Соның бірі сонау жиырма алты жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан полиграфия, екіншісі 2016 жылы ашылған мектеп. Ол мектептің өзінде жастар басым. Өйткені онда ағылшын тілін, техникалық пәндерді жастар оқытпағанда кімдер оқытады. Мен болашақта мектепті халықаралық оқу орны қылсам деймін. Ал, олай болу үшін робототехника, интеллектум сынды сабақтар бірінші орында тұру керек. Оның бәрін тез игеріп жатқан жастар. Соларға бейімделген нәрсе.

Біз орта буындағылар кезінде біздің жастық шағымыз керемет заманда, комсомол дүркіреп, мықты идеология салтанат құрып тұрған шақта өтті деп құр кеуде соға бермей біз бүгінгі жастарға бата беруіміз керек. Мен өзім қазіргі жастардан, әсіресе жігіттер жағынан көп үміт күтемін, білім қуған жастарға сенім артамын. Еліміздің атын шығаратын оқыған жастар көбейсе екен деймін. Бүгінде Қазақстанды шетелге танытып жүрген отандастарымыз жоқ емес. Олар кімдер? Әрине әнші Димаш, боксшы Головкин. Бұл жігіттердің әр қадамына, әр жетістігіне сүйсініп, жанкүйер болып отыратын жандардың бірімін. Бірақ қазақта «Білекті бірді жығар, білімді мыңды жығар деген» сөз бар ғой. Неге қазақ балалары білім бәсекесінде оза шаппасқа. Жапония, Корея, Германияға барып топ жарып жүрген оқушыларымыз баршылық. Міне осылардың да жұлдызы жанса екен, еліміздің өрендері білім бәйгесінде де оза шапса екен деймін.

Президентіміздің «Ұлы даланың жеті қыры» деген мақаласы да көп нәрсеге түрткі болды. Елімізді жете танымай, дұрыс бағаламай шетел асып кеткен қандастарымыз да бар. Өйткені бізді жетпіс жыл бойы кеңестік дәуірдің тарихымен тәрбиеледі ғой. Сондықтан біз Ресейдің тарихынан басқа тарихты танымадық, одан басқа тарих жоқ деп ойладық. Шын мәнінде біз бүкіл дүние жүзін өзіміздің ұлттық тарихымызбен қарата алады екенбіз.

– Ертеректе болсын, кейінірек болсын сізден бизнес саласы бойынша ақыл-кеңес сұрап келген жастар болды ма? Қандай ақыл айта алдыңыз оларға?

– Әрине, болды. Мен өзім жан-жақтан, әсіресе, оқу орындарынан келіп жататын шақыртуларға үнемі баруға тырысамын. Түрлі стартап жобаларға шақырады, ондай жерде де білгенімше кеңесімді беріп, тәжірибемнен сыр шертуге әркез дайынмын. Мен де жастардың ойын тыңдап, жағдайын білгім келіп тұрады. Өйткені мен жұмысқа мүмкіндігінше жастарды алуға тырысамын.

Алматыда тұратын бір қызды біздің арқамызда табысты кәсіпкерге айналды. Ол 7-8-сыныпта оқып жүргенінде бізбен байланысып, іскерлік әріптестік орнатып, тауарларын жіберіп тұратын. Мен оған үнемі көрген-білгенімді үйреттім. Одан бөлек, осы жерде ағылшын тілін оқытатын екі егіз қыз арендада жүрді. Оларға да еш ақылымды аяған емеспін. Қазір екеуі өз алдына бөлек ғимарат сатып алып, кәсібін дамытып келеді. Өзімнен кеткен кейбір мамандар да «Сәуле Мақшанқызына ризамын, сол жерде тәлім алдым. Бизнесімді сол жерден бастағанмын» деп айтып жүреді екен.

– Өзіңіз де байқап жүрген шығарсыз, бүгінде ақылы тренинг арқылы бизнеске «баулып», соның әліппесін үйретушілер көбейіп барады. Бұған жастары да, үлкені де қалмай барып жатады. Жалпы, осы үрдіске сіздің көзқарасыңыз қалай? Қатысушыларға сол сабақтардан қандай да бір пайда бар ма?

– Жиырма тренингке барғанша, білек сыбанып, тәуекелге бел буып бизнесті бір-екі талпыныспен бастап кеткен дұрыс. «Шешінген судан тайынбас» дейді мұндайда дана қазақ. Суға бірінші аяқты салып көріп, артынша секіріп кеткен сияқты бизнес әлеміне осындай қадамнан кіріп кету керек. Әрине, мен біреудің қаржысын қызғанып отырған жоқпын. Кейде сондай тренингтерге текке жұмсалып жатқан жұрттың ақшасына жаным ашиды. Сол бизнес-тренерлердің өзі бизнес ашып көріп пе? Осы жолда кезігер кедергілермен күресіп, бір рет болса да маңдайы тасқа тиіп пе екен? Мәселе осыда. Сол кезіккен кедергілерінен қорытынды шығарып, қалтарыс-бұлтарыстан, тығырықтан сытылып шығып кете алатын өмірлік тәжірибесі болса онда әңгіме басқа. Ал теорияны жаттап, өзге тренерлердің материалдарын зерттеп алып пәлсапа соғатындарға барудың қажеті жоқ. Ондайларға мен тек теоретиктер деп қараймын. Егер жастар жарнамасы жер жарған ақылы бизнес-тренингтерге барғысы келсе сол адамды әбден зерттеп, оның өмір жолына кішкене болса да үңіліп алса артықтық етпейді. Бәріне жүгіре бермей, бизнеспен нақты айналысатындарды ғана тыңдауға кеңес беремін. Ал көп жағдайда бизнестен қолы босай бермейтін адам ондай жолмен ақша табуға бас қатармайды. Осыдан-ақ біле беруге болады кімдердің тренер болып жүргенін.

Мені де кейде аты, жарнамасы анадайдан менмұндалап тұратын осындай шараларға тыңдаушы ретінде шақырады. Бірақ мен «осы маған қаншалықты керек?» деп, ой елегінен өткізіп алып барамын. Яғни, оннан біреуіне баруым мүмкін. Бірінші күнгі әңгімелері ұнамаса, қайтып кеткен кездерім болған. Ал өзімнің іс-тәжірибеммен бөлісуге оқу орындары шақырып тұрады. Ондайдан бас тартпаймын.

– Ақылы тренинг өткізу жоспарыңызда жоқ па?

– Мен бұл туралы ешқашан ойлаған емеспін. Бұндай жол мен үшін табыс табудың көзі емес. Кез келген жанға тегін кеңес беруге әркез дайынмын, уақытым болып жатса, әрине. Әсіресе, жастар келіп тәжірибемнен тәлім алғысы келсе, тек қана қуанамын. Есігім ашық. Өйткені менің ұстанымым – бізде кәсіпкерлер қаншалықты көп болса, еліміздің ертеңі соншалықты ашық, болашағы жарқын болады. Жастар мекемемізге үлкен үмітпен келіп жатса, баспахананың да, мектептің де ішін аралатып жан-жақты көрсете аламын.

– Құпия болмаса болашақтағы жоспарларыңызбен бөлісе отырсаңыз. Алдағы уақытта бизнестің қай бағыты бойынша бағыңызды сынап көргіңіз келеді?

– Осыдан екі жыл бұрын бастаған білім беру саласын одан әрі дамытсам деймін. Мақтанғандық емес, «Рысбаева және К» баспаханасы облыстық полиграфия саласындағы алғашқы қарлығашы әрі биік беделді мекеме екені жасырын емес. Ол менің емес, елдің берген бағасы. «А-статус» мектебін де сондай беделге жеткізсем деймін. Әрине, екі бизнесім бір-біріне ұқсамайтын мүлдем бөлек сала. Сондықтан, полиграфияның қыр-сырын бүгінде бес саусақтай білсем, білім беру бағыты бойынша әлі де көп ізденуім керек. Солай әрекетеніп те жатырмын. Мен тәжірибелі бизнесмен шығармын, бірақ білім берудің мықты маманы емеспін. Өйткені жекеменшік мектеп ашу ол тек қана бизнес емес, ол – ұрпақ тәрбиесімен астасып жатқан үлкен жауапкершілік. Полиграфиялық кәсібім қазір кез келген бәсекеге төтеп бере алады. Мектебім де сондай, тіпті одан жоғары бәсекеге қабілетті болуы керек деген қағидамен жұмыс істеп жатырмын. Алғаш баспахана ісімен айналысқанда мен ешнәрсе білмейтінмін, көзді тарс жұмып бастадым да кеттім. Көпке ұзамай-ақ нәтиже шығарып, жемісін көрдім. Ал өмірдің де, кәсіптің де бар ауырпашылығынан өтіп, тәжірибем толысқан шақта мектеп бизнесін дөңгелетіп әкете алмасам ол маған үлкен сын. Яғни, мен өзіме мектепті ерекше деңгейге жеткізуім керек деген мақсат қойдым. Сол себепті жазда Финляндия мен Эстонияға барып, Еуропаның білім беру жүйесінің іс-тәжірибелерін саралап көрдім. Қазір электрондық оқулықтарды енгізудеміз. Біз өйткені республикадағы эксперименталдық мектептер қатарындамыз. Ал жақында Гонконг пен Сингапурға барып, Азияның тәжірибесін зерттеп келдім. Еуропада оқушымен жұмыс істеудің ерекшеліктеріне мән берсем, Азия елдеріне сапар кезінде мұғалімдерді қалай бағалау керек, оларға қалай мотивация беру керек деген сауалға жауап іздедім. Жалпы, келешекте біздің мектеп халықаралық деңгейдегі білім беру мекемесі болады. Қазір менде бір-екі шетелдік мұғалімдердің түйіндемесі бар. Егер келесі жылы дайын болып жатсақ, оларды жұмысқа алу мәселесін қарастырамыз.

– Сәуле Мақшанқызы, сұқбат барысында жастарға үлгі боларлықтай өмір тәжірибеңізден туған бар ақыл-кеңесіңізді аямадыңыз. Ойыңызды қорытындылап жастарға мотивация беру бағытта тілегіңізді айтсаңыз…

– Жоғарыда айтып өткенімдей, біздің жастар жалқаулықтан, еріншектіктен арылу керек. Әрине, бәрі бірден ойдағыдай жақсы болып кете қоймас. Сол үшін жаман қасиеттерден арылуға, олардан бойын аулақ ұстауға ең құр дегенде талпынып көрсе деймін. Өзіне деген сенімсіздіктің арты қорқақтыққа келіп тіреледі. Білімге деген шорқақтық та талпынбаудан, немқұрайдылықтан туады. Оның үстінен бізде бір жаман қағида бар. Біз тек балам оқыса екен деп тыраштанып жатамыз. Бұл негізінен жақсы қасиет. Бірақ, сол бала мектеп бітіргеннен кейінгі оның өміріне көп алаңдай бермейміз. Яғни, біздің балаларымыз бәрін білсе екен деген мақсатымыз олардың өмірінде қаншалықты маңызды орын алып жатыр? Осыған бас қатыра бермейміз. Мен де солай, балаларым жақсы оқыса екен деп күйбеңдеп жүрген жандардың бірімін. Бұл ретте мұғалім де, оқушы бала да қатар іздену керек. Яғни, мұғалім ертеңгі сабақты қалай өзгешелікпен өткізсем екен деп бас қатырса, оқушы да жанама түрде мұғалімнен асып түсуге талпынып, өз бетінше ізденсе олардың көп нәрсеге көзі ашылады. Оқушының алға ұмтылу қасиеті дамиды. Егер болашақта жүрген ортасы, ел сыйлайтын адам болғысы келсе, оқушы осы бастан өзін құрметтеуді бастауы керек. Ол құрметтеу – өзін-өзі біліммен қаруландырудан басталады.

Көпшілік ата-ана балам жоғары оқу орнында оқып жүр деп мақтанғанымен, оның бағаны қалай алып, қандай жолмен емтихан тапсырып жүргенін бақылай бермейді. Бұл ретте, жастар да көз қысты, бармақ бастымен баға алудан бас тартып, таза біліммен сынақтан өтуге әрекеттенсе, бізде көп нәрсе өзгерер еді.

Бұрын біз емтиханнан өте алмасақ үш қайтара сынақ тапсыратынбыз. Үшінші жолы өте алмасақ, құритынымызды санамызбен түсінетінбіз. Сөйтіп жата-жастанып, күні-түні дайындалатынбыз. Бүгінгі жастарға бейқам жүруге болмайды. Ата-анасының берген білімін, тамағы мен киген киіміне жұмсаған ақшасын өздеріне берілген несие, оны қайтаруым керек деп қараса, жастарда жауапкершілік артар еді. Артқа шегінетін бұрынғыдай заман емес қазір. Оның үстіне әкенің байлығы балаға мал болмайды. Әр жас өзі тірнектеніп тірлік істеуі керек. Қазір ауадан басқаның бәрі ақылы. Қорқа берудің қажеті жоқ. Бір жұмысты бастай алмасаң, басқасын көр. Және жетістікке жете алмай жатсаң ешкімге өкпелеудің қажеті шамалы. Кейбір сәтсіздіктерге бола өмірге, мемлекетке, ата-анаңа өкпелегеннен ешнәрсе өзгермейді. Сен тамсанып жүрген америкалықтарға да өмір сүру да оңай емес, кез келген елдің проблемасы бар. Менде жоқ деп отыра берсең біреу саған қолындағысын тектен-тек бөліп бермейді. Өзің талпынуың керек. Жастар осыны ұғынса екен деймін.

– Өкпелемеу керек дегеннен тағы бір сұрақ туып отыр. Бүгінде еліміздегі жағдайға көңілі толмай, я болмаса билікке өкпелегендей болып кейбір азаматтар, әсіресе жастар сыртқа кетіп жатады. Сіз енді шетелге көп шығасыз. Ол жақтың тұрмыс-тіршілігінен жақсы хабардарсыз. Жалпы, біздің елмен салыстырғанда шет мемлекеттердегі өмірді сондай бір «жұмақ» деп айта аласыз ба?

– Сол сыртқа қызығып жүрген жастар Жер бетіндегі нағыз жұмақтың не екенін, қайда екенін білмейді меніңше. Жұмақ – бұл өзіміздің үйіміз, Отанымыз. Шындап келгенде соның қадірін әлі де жете түсінбей жүрміз. Айталық, дамыған елдерде бәрі керемет деп жүргендер – көбіне шетелде тұрып көрмегендер, немесе оны азғырып жүрген сол жақтағы танысы не туысы біреудің арқасында, әлдекімнің қолдауымен қиындықтан ада жерде, яғни «көлеңкеде» өмір жатқан болуы мүмкін. Әйтпесе ол жақта да кедейшілік, жұмыссыздық, қарақшылық, қылмыс деген үкіметтің басын қатырып отырған проблемалар бар. Әрине, өз білімімен жұмыс тауып, кәсібін ашып қалып кетіп жатқан отандастарымыз бар. Бірақ, сол елдің азаматтығын алған күннің өзінде бөтен ел үшін сен бәрібір келімсек болып есептелесің. Ол жер бәрібір өз Атамекеніңдей бола алмайды. Күндердің күнінде сондағылар қарттыққа жеткенде еңіреп, еңбектеп елге қайтатын кезі келеді. Мен өз өмірімнен-ақ мұндай жағдайға мысал келтіре аламын. Кезінде Германияға, басқа да сырт елдерге бақыт іздеп кеткен таныстарымның ішінде қазір Қазақстанға келуді, тым болмаса бір көруді армандап жүргендері бар. Бірақ қайтуға мүмкіншіліктері жоқ. Орта тұрмыстық деңгеймен өмір сүріп жатыр. Тапқан-таянғандары өздерінен артылып жатқан жоқ. Әрине, әлеуметтік көмек, зейнетақы, жалақы дегендері бізбен салыстырғанда дұрыстау шығар. Бірақ бәрібір ол табысының керемет берекесін көріп жүргені шамалы. Өйткені еңбекақыңның тең жартысына жуығын мемлекетке бөліп бересің. Финляндияда болғанымда мектеп мұғалімі 3000 еуро жалақы алатынын естідім. Бірақ оның 38 пайызын мемлекетке салық ретінде құяды екен. Енді одан қалған ақшаға бізден әлдеқайда қымбатырақ нанның, коммуналдық қызмет ақысын, үйдің салығын қосыңыз. Айналып келгенде әйтеуір өзіне жететін біздегідей сома мөлшеріндегі ғана еңбекақысы қалады. Қазақ мұндайда тауып айтқан ғой «Алыстан арбалағанша, жақыннан дорбала» деп. Тіпті, «Бәлен жерде алтын бар, іздеп барсаң тас та жоқ» дегенді де бабаларымыз қандай даналықпен өсиет етіп айтып кеткен. Өзім талай елді, жерді көрдім. Сыртқы әдемілігіне қызығып, аузымды ашып таңғалған кездерім де болған. Кету керек болса, менің ертеректе-ақ кетіп қалуға мүмкіндігім жетіп тұрған еді. Бірақ, мен ол жерде кім боламын? Мүмкін, кейбіреулер өзінің тілі, мәдениеті, басқа да құндылықтары үшін өзге ел алдында қысылып, намыстанатын да шығар. Бірақ Отан да өз отбасың сияқты ғой. Әке-шешеңнің түрі жаман я кем болса, басқа да қылықтары ерсі көрінсе үйді тастап басқа ата-ана іздеп кетіп қалмайсың ғой. Сол сияқты менің елім туралы кім не десін, мейлі ол артта қалған десін, ұсқынсыз десін бәрібір ешқашан елімді сатпаймын, тастап өзге елден жұмақ іздеп кетпеймін. Сөйтіп сырт айналып кетіп қалған адамдарға мен өкпелемеймін. Бірақ, олардың бәрібір өзінің кіндік қаны тамған жерінің таба нанының иісін аңсап күндердің бір күнінде келетіні анық. Бірақ ол кезде оның дос-жараны, туған-туыстары бұрынғыдай құрақ ұша қарсы аламауы мүмкін. Араласатын ет-жақыны қалмағандықтан күйзеліспен күн кешпек. Ал келмеген күннің өзінде елге деген сағынышпен, сары уайыммен өмірден өтер. Міне, осындай жағдайларды жастар көз алдыларына елестету керек. Мюнхен қаласында 200-ге тарта қазақтар бар екен. Бірақ, сені қоршап жүретін 200 ба, әлде 18 миллион халық па? Бізде, ағайын-туыс, дос-жаран деген бар. Ал Мюнхенде тәртіп, түсінік, тұрмыстық талап басқа. Біздегідей достарыңның, не болмаса туыстарыңның үйіне кез келген уақытта барып, емін-еркін жүре алмайсың. Ол жаққа барғаннан кейін генетикалық қорыңызға, психологияңызға компьютер тілімен айтсақ басқаша бағдарлама орнатуыңыз керек. Бірақ, сіз бәрібір ұлттық генетикалық қорды өзіңізбен алып жүретін, жеткізетін тұлға ретінде қаласыз. Қаныңыздың құрамын өзгерте алмайсыз. Яғни ол жаққа түбегейлі сіңісіп кете алмайсыз деген сөз. Сыртта тәжірибе жинасаң да, өз еліңе қызмет еткеннен, өз еліңде еңбектенгеннен асқан бақыт жоқ.

Мен сол шетелге бізден барып, президент, министр болып кеткен, я болмаса проблемасыз өмір сүріп жатқан адамды көрмедім. Әр мемлекеттің өз талабы, өзіне тән минустары бар. Абай атамыз «Сен де бір кірпіш дүниеге кетігін тап та, бар, қалан» деп айтпақшы біз қазір тәуелсіз Қазақстанды құру үстіндеміз. Қалыптасып келе жатқан жас мемлекетке әр азамат атсалысу керек, сыртқа қашып кетпей. Міне, мен жастар сол кетікті тауып еліміздің бір қажетіне жарап жүрсе екен, патриот болса екен деймін. Әлемнің қай бұрышында жүрсем де елді, ауылды ұмытқан емеспін. Әр жетістігіме Аллаға шүкір етіп, Жаратушының қолдауын сезініп жүремін.

– Әңгімеңізге рақмет!

 

Сұхбаттасқан Жасұлан СЕЙІЛХАНОВ