Таңдаулы жаңалықтар:

САҒАДАТ НҰРМАҒАМБЕТОВ АТЫНДАҒЫ ЕСКЕРТКІШ ТАҚТАЙШАСЫ АШЫЛДЫ - Zau.kz

Кеңес одағының батыры, Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш қорғаныс министрі, Халық қаһарманы, №1 армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтың атымен аталатын Шымкент қаласындағы №72 жалпы орта білім беретін мектепте батырдың ескерткіш тақтайшасы ашылды.

Салтанатты іс-шарада қалалық қарулы күштер ардагерлері ұйымының төрағасы Серікбай Онбаев және мектеп директоры Бегмат Усманов сөз сөйлеп, халықтың қаһарман ұлы жайлы ой толғады.
-Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Қор демеушілігімен батырдың бюсті соғылуда. Мектепке халық қаһарманының атын беру ісіне жергілікті әкімдік, ардагерлер ұйымы, ҚР Білім және Қорғаныс министрліктері көп еңбек сіңірді. Мектеп батыр атымен аталатындықтан мұнда 7 сыныптан жоғары оқушыларға арналған «Кадет сыныбы» ашылды. Сондай-ақ «Ерлікке тағзым» атты қосымша сабақ өтіледі. Осы арқылы оқушыларға патриоттық тәрбие беріліп, шәкірттер әскери өнердің қыр-сырына қанығады, — деді Бегмат Нұралиұлы.

Іс-шара соңында жиналған жұрт оқушылардан құралған әскери топ өрендерінің өнерлерін тамашалады.
Айта кету керек, мектепке Кеңес одағының батыры, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтің есімі 2020 жылдың 27 қарашасында ҚР Үкіметінің №799 қаулысына сәйкес берілді. Алайда дүние жүзін жайлаған коронавирус инфекциясының таралуына, соған орай карантиндік шаралардың күшейтілуіне байланысты ресми датаны салтанатты атап өту бүгінге дейін шегеріліп келді.