«Nur Otan» партиясының «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір!» атты сайлауалды бағдарламасында көрсетілген міндеттерді орындауға Шымкент қаласы бойынша 2021 жылы 292 млрд теңге жұмсау көзделген. Оның ішінде бюджеттен 206,9 млрд теңге, ал жеке инвестор есебінен 84,7 млрд теңге тартылады.
Бұл туралы Шымкент қаласының әкімі, «Nur Otan» партиясы Шымкент қалалық филиалының төрағасы Мұрат Әйтенов айтып берді.
«Nur Otan» – нақты істердің партиясы. Оның өңірлік сайлауалды бағдарламасы мемлекетіміздің ұзақмерзімді стратегиялық бағытының және қарқынды жүргізіліп жатқан реформалардың заңды жалғасы. Ол елімізді жаңғырту мен барша қазақстандықтардың өмір сапасын жақсартуға, Шымкентті өмір сүру мен жұмыс істеуге және демалуға қолайлы заманауи мегаполиске айналдыруға бағытталған.
Біз бүгін осынау маңызды бағдарламаны орындаудың алғашқы нәтижелерін баяндап шықтық. Келер жылы осы жұмыстар жаңа қарқынмен жалғасатын сөзсіз. Алдымызда Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерекесі жақындап келеді. Тәуелсіздік – қазақ халқының басына қонған бағы, барша қазақстандықтардың ең қастерлі құндылығы. Өйткені біздің Отанымыз – Қазақстан тәуелсіздікке қол жеткізу арқылы ғана өз дамуының жаңа дәуіріне қадам басты.
Дербес дамудың осынау жасампаз жолын жалғастырып, ХХІ ғасырдың үшінші онжылдығы алдымызға көлденең тартқан сын-қатерлерді еңсеруде Тұңғыш Президент – ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев жетекшілік ететін «Nur Otan» партиясы тағы да шешуші рөл атқарып, барша қазақстандықтардың күш-жігерін елдік мақсаттың төңірегінде шоғырландырары талассыз. Күншуақты Шымкент қаласының халқы бұл іске жан-жақты қолдау көрсетері анық.