Дуниядар Абдуллаев

Білікті дәрігер, нефролог әрі жоғары санатты диализолог Дуниядар Мизамұлы Абдулллаев 1953 жылдың 9 маусымында Оңтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген. 1971 жылы Шымкент медициналық колледжінің фельдшер-акушерлік факультетін тәмамдап, сол жылдан бастап Сайрам ауданының Забадам ауылдық фельдшерлік-акушерлік пунктінің меңгерушісі қызметін атқарады. Сонымен бірге, 1971-1974 жылдары Шымкент қалалық жедел жәрдем  қызметінің желілік фельдшері болып жұмыс істейді.

1974-1979 жылдар аралығында Шымкент облыстық ауруханасында «жасанды бүйрек» гемодиализ аппаратының  инженері болады. 1980 жылы  Семей мемлекеттік медицина институтында оқуын жалғастырып, 1986 жылы емдеу бөлімі факультетін хирург мамандығы бойынша тәмамдайды. Ол оқу орнынан жолдамамен Шымкент облыстық денсаулық сақтау басқармасына жіберіледі.

Дуниядар Мизамұлының хирургиядағы дәрігерлік тәжірибесі 1986 жылдың қыркүйегінде Шымкент облыстық ауруханасының базасында басталды. Ал, 1987 жылдың қаңтарында оған ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығымен Жамбыл облыстық денсаулық сақтау басқармасына қарасты №2 қалалық ауруханасының  созылмалы гемодиализ бөлімшесін ұйымдастыру туралы тапсырма беріледі. Ол 1987 жылдың 1 шілдесінде ашылған гемодиализ бөлімінің меңгерушісі қызметін сол уақыттан бастап қазіргі таңға дейін абыроймен атқарып келеді.

Д.Абдуллаев нефрологияның тәуелсіз сарапшысы, Қазақстанның денсаулық сақтау саласының үздігі. Ол 1987 жылдан 1992 жылға дейін Жамбыл облысы дәрігерлерінің арасында бірінші болып қанды тазарту, қан құрамынан плазманы бөліп алып, формалы элементтерін тамырға қайта жіберу, ультрасүзгіден өткізу, аутологиялық асцит сұйықтығы сынды заманауи жоғары тиімді емдеу әдісін енгізді.

Тәжірибесі мол дәрігер қоғамдық-саяси  жұмыстарға да белсенді атсалысып келеді. Ол 1992 жылы Жамбыл облыстық түрік қоғамының президенті болып сайланды. 1995 жылдан бастап Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі. Сонымен қатар, Қазақстан халқы Ассамблеясының барлық сессиясына делегат ретінде қатысқан. 2010 жылдан облыстық  Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы ғылыми-сараптамалық топтың мүшесі. Сол  жылдан бастап «Ахыска» түріктерінің дүниежүзілік ұйымы кеңесінің мүшесі. Ал, 2012 жылдан Жамбыл облысы түріктер қоғамының құрметті төрағасы.

Д.Абдуллаев ұзақ жылдар бойғы жемісті еңбегі және қоғамдық-саяси жұмыстарға белсене араласқаны үшін «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл», «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл», «Қазақстан Конституциясына 10 жыл», Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғамдық «Бiрлiк» алтын медалiнің және  ІІ дәрежелі «Достық» ордені және көптеген Құрмет грамоталарымен, Алғыс хаттармен марапатталған.

Пікір қалдыру

Your email address will not be published. Required fields are marked *


Бізбен байланыс

«ZAU.KZ» ақпарат агенттігі

Мекен-жайымыз: Жамбыл облысы, Тараз қаласы

Телефон: 8 771 399 43 63

Электронды пошта: zau.kz18@mail.ru