Дербес бюджеттің «дәмі» қандай?

Мемлекетті дамудың даңғылына түсіруде оны басқарудың оңтайлы жүйесін құрудың тиімділігі ешқандай да дәлелдеуді қажет етпейді. Жыл басында Қазақстан халқына Жолдауында да Елбасы тиімді мемлекеттік басқару жүйесін құруға басымдық берді. Мемлекет басшысы осы орайда  «2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап 2 мыңнан астам адам тұратын аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар мен ауылдық округтерде жергілікті өзін-өзі басқарудың дербес бюджеті мен коммуналдық меншігін енгізу заң жүзінде белгіленген. 2020 жылдан бастап бұл нормалар барлық елді мекендерде күшіне енеді» деп атап көрсетті.

Мемлекеттік басқару ісіндегі жаңа жүйе арқылы ендігі кезекте жергілікті жердегі салықтық және салықтан тыс басқа да түсімдердің бірнеше түрінен төртінші бюджет қалыптаспақ. Сәйкесінше, ауыл тұрғындарының көңілін күпті еткен көп түйткілдің түйіні де дербес бюджеттегі қаражат есебінен шешілмек.

Жамбыл облысы, Байзақ ауданындағы Бурыл ауылдық округінің әкімі Ерік Әліқұловпен болған әңгімеміз дәл осы жаңа жүйенің жергілікті өзін-өзі басқару саласындағы тиімділігі турасында өрбіді.

-Ерік Елубайұлы, жергілікті және өзін-өзі басқару ісіндегі тәжірибелі маман ретінде жыл басынан салаға енгізілген өзгерісті қалай қабылдадыңыз? Дербес бюжетті қалыптастыру Бурыл ауылының  гүлденуіне қаншалықты сеп болуы мүмкін?

  • Ауылдық округтердің дербес бюджетін қалыптастыру жайы алғаш рет

2015 жылдың 20-мамырында Елбасының «Ұлт жоспары– 5 институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі  100 нақты қадам» бағдарламасында айтылды. Міне, содан бергі аралықта ұйымдастыру, дайындық жұмыстары жүргізілумен болды. Ауыл қазынасына жауапты тұлғалар «Зерде» оқыту орталығында арнайы курстан да  өтті. Курста ауыл бюджетін қалыптастыру, оны орынды жұмсаудың қағидаттары пысықталды. Ауыл бюджетін басқарудың әр қадамы жергілікті қауымдастық жиналысында талқыланып, аудандық мәслихаттың қарауына жіберіледі. Сәйкесінше, есепшоттағы ақша толығымен мүдделі мекемелердің бақылауында болады. Оны жұмсауды үйлестіру ауыл әкімі аппаратына жүктелген. Меніңше, жергілікті басқару саласындағы бұл жаңашылдық ауылдың жағдайын түзеп, ондағы мәселелердің шешімін табуға септігін тигізеді.

Өз кезегінде, 12 893 тұрғыны бар Бурыл ауылдық округінде де төртінші бюджет қалыптастыра отырып, ондағы қаражатты жергілікті тұрғындарды мезі еткен мәселелердің шешімін табуға жұмсау ісі де қолға алынды. Біздің қазіргі жоспарымыз бойынша ауыл қазынасының көлемі кемінде 21-22 миллион теңгенің төңірегінде болмақ.

  • Бұл заң жобасында ауыл бюджетін қалыптастырудың негізгі көзі

жергілікті тұрғындар төлейтін салықтар екендігі нақты көрсетілген.  Әсіресе, ауылда кәсібін ашып, шаруасының тасын өрге домалатып отырғандар төртінші деңгейлі  бюджетті қалыптастыруға қомақты үлес қосатындығы көзсіз. Ал, күре жолдың бойында орналасқан Бурыл ауылында кәсіпкерліктің дамуы қай деңгейде?

  • Расында, облыстық маңызы бар автомобиль жолының бойында әрі

Тараз қаласына іргелес жатқандықтан, ауылда кәсіпкерлік саласының даму қарқыны жоғары. Қазіргі таңда ауылда 5200 гектар жерге иелік ететін 185 шаруа қожалығы бар. Сондай-ақ 52 кәсіпкерлік нысан тіркелген. Осының барлығы да ауыл бюджетін қалыптастыруға лайықты үлес қоса алатындығына күмәнім жоқ. Жалпы, ауылдықтарда кәсіпкерлікті бастауға немесе шаруа қожалағын ашып жұмыс жасауға деген құлшыныс жоғары. Өйткені, қалаға жақын орналасқандықтан, әрі тұрғындардың саны көп болғандықтан өнімді өткеруде немесе қажетті жұмыс күшіне иелік етуде ешқандай мәселе жоқ. Ауылдың әлеуетінің артып келе жатқандығын мұнда көшіп келушілердің жыл санап көбеюімен түсіндіруге болады. Әсіресе, ауданға қарасты шалғай ауылдардан келіп, осында қоныстанушылардың қарасы қалың. Сәйкесінше, бұл факторлардың барлығы да ауыл қазынасының қорын қомақты етуге үлес қосады.

-Дербес бюджеттің тағы бір тиімді тұсы оны ауылдың әлеуетін

көтеруге жұмсауда болып отыр. Осы мақсатта жаңа мүмкіндікті пайдаланып,  қандай күрделі  мәселелердің күрмеуін шешуді  жоспарлап отырсыз?

-Жасыратыны жоқ,  ауыл тұрғындарын алаңдататын мәселе көп. Дейтұрғанмен, Бурыл ауылдық округінде инженерлік инфрақұрылым, яғни газ, ауызсу, электр желілерін тарту, жол жөндеу сияқты мәселелер шешімін тапқан. Ендігі кезекте  басымдық ауылды абаттандыруға берілмек. Сонымен бірге, көшелерді жарықтандыру мәселесінің шешімін табуды жоспарлап отырмыз. Олардың денін ауыл бюджетіндегі  қаражаттың көмегімен-ақ реттеуге болады.

  • Ел өміріне үлкен өзгеріс алып келген Елбасының «Болашаққа

бағдар: рухани жаңғыру» атты  мақаласы аясында  «Туған жер» бағдарламасы қолға алынып,  іле-шала іскер азаматтар өскен өңірлеріне демеушілік көмек көрсетуді бастады. Ал, Бурыл ауылында бұл бағдарлама аясында қандай жұмыстар жасалынды?

  • Шынында Елбасы мақаласы қоғам өміріне үлкен серпіліс алып келді.

Осы ауылдан түлеп ұшып, облысқа, республикаға танылған азаматтар «Туған жер» бағдарламасын жүзеге асыруға шындап  кірісіп кетті. Атымтай жомарт азаматтардың жеке қаражаты есебінен құны 5 миллион теңге болатын кіші футбол алаңын жасақтау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сонымен бірге, осы ауылдан шыққан іскер азаматтар стрит-уоркаут және волейбол алаңшаларының құрылысын қаржыландыруға ниет танытып отыр.  Бұдан бөлек, ауылдың кіре берісіне жаңа қақпа орнату, жазғы спорт алаңының жан-жағын қоршау сынды жұмыстарды жүргізуге жомарт жандар қолын ұшын беруге әзір.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында дүниеге келген «Бір сәби–бір ағаш» акциясына да бурылдықтар бір кісідей қолдау білдірді. Осынау қыруар шаруаның басы-қасында жүрген ауыл азаматтары мен ақсақалдарына алғыстан басқа айтарым жоқ.

–Бурылда ауыл халқының негізгі кәсібі саналатын  агросектордың қазіргі хал-ахуалы қалай?

–Өткен жылдың басында ауыл шаруашылығы кооперативтері құрыла бастағаны мәлім. Ұсақ шаруа қожалықтарын ірілендіру бүгіннің күннің басты талабы болып отыр. Агросектордың алға басуы үшін шаруаларды ірілендерудің маңызы зор.  Былтыр  Бурыл ауылында 2 кооператив құрылды.

Негізінен ауыл кеңестік кезеңнен көкөніс шаруашылығына ден қойған. Сондықтан да, құрылған кооперативтің бірі көкөніс сақтауға қабілетті  1000 тонналық қойма салды. Қазір қойманы жабдықтау жұмыстары жүргізілуде.  Стратегиялық дақыл саналатын қант қызылшасын егу де күн тәртібінен түскен емес. Өткен жылы Байзақ ауданында 2000 гектар жерге қант қызылшасы егілсе, соның 341 гектары Бурыл ауылдық округінің аумағында. Шаруалар қант қызылшасын егуге құштарлық танытып отыр. Өнімді өткеруде ешқандай мәселе орын алмайды. Тараз қаласындағы қант зауыты қызылшаның әр килограмын  18 теңгеден қабылдады. 2017 жылы бурылдық шаруалар қант зауытына 10 мың тонна тәтті түбір өткерді. Мал шаруашылығы да өз деңгейінде жолға қойылған.

–Енді жастарға қатысты бір сауал.  Жалпы, Бурыл ауылында ауыл жастарының бос уақытын тиімді ұйымдастыру жұмыстары қаншалықты жолға қойылған?

  • Ауыл жастарының мәселесін үнемі назарда ұстаймыз. Олардың бос

уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатында ауылдағы екі орта мектеп пен өнер мектебінің материалдық-техникалық базасын кәдеге жаратудамыз. Үйірмелер мен спорттық секцияларға жастарды тарту жұмыстарын жастар ісі жөніндегі нұсқаушы мен спорт мамандары айналысады.

Сондай-ақ, ауылға «Дипломмен ауылға» бағдарламасымен 1 дәрігер келді. Сондай-ақ  бізге мал дәрігері маманы қажет еді. Жақын арада дәл осы мамандық бойынша жоғары білімі бар жас  «Жастар практикасы» арқылы жұмысқа қабылданды. Жастарды қолдау бағытындағы жұмыстар жандана түсетін болады.

  • Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан Шынболат КҮЗЕКБАЕВ

Пікір қалдыру

Your email address will not be published. Required fields are marked *