Бұл байқау бұрынғыдан өзгерек

Тараз қаласындағы қоғамдық келісім сарайында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында  облысымызда тұңғыш рет музей саласы мамандарының «Үздік экскурсовод» сайысы өтті. Тарихи тағылымды танытуды һәм өңірлік туризмді дамытуды көздеген  шара аймақтағы  «Ежелгі Тараз ескерткіштері» тарихи-мәдени қорық-музейінің құрылғанына  20 жыл толуына орай ұйымдастырылды. Сондай-ақ, байқау өңірдің әлеуметтік-мәдени даму аясында музей ісі мамандығының рөлін арттыру, олардың имиджін қалыптастыру және көтеру, жұмыс жасауда жаңа әдістер қолдану арқылы  кәсіптік шеберлік пен шығармашылық қабілетті дамыту, экскурсиялық қызмет көрсету сапасын жетілдіріп, заманауи өзгерістер енгізуге бағытталды.

Облыс әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы мен  қорық-музей бірлесіп өткізген өткен  шараға өңірлегі музейлердің, жеке туристік фирмалардың, мәдениет саласының экскурсоводтары қатысып,  бақ сынады. Екі күнге созылған сайыста  12 маман сынға түсіп, Жамбыл атындағы «Руханият» орталығының экскурсоводы Айніл Әбдуәлі бас жүлдені иеленсе, «Ежелгі Тараз ескерткіштері» тарихи-мәдени қорық- музейінің экскурсоводы Таңшолпан Жүзбаева бірінші  орынға лайық деп танылды. Ал,  екінші және үшінші орындарды Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейінің қызметкерлері Ақпан Жамал мен  Жұлдыз Алманқұлова өзара бөлісті.

-Шара жайында тосыннан естідім. Өңірімізде мұндай байқау бұрын-соңды ұйымдастырылмағандықтан, маған күтпеген сын болды. Әрине, байқауға қатысу үшін жан-жақты білімің болуы қажет. Оның үстіне, өмірлік мол тәжірибесі бар  мұражай мамандарымен бір додаға түсу де оңай болған жоқ. Бірақ, мен өзіме сендім. Бала кезден тарих пен әдебиетке қызығып өскендіктен, мен өз жұмысымды ерекше жақсы көремін. Байқаудың талаптары да қиын. Ең алдымен заманауи техникалық құралдармен жұмыс жасай алуымызға басымдық берілді. Ол үшін қазылар алқасына өзіміз қызмет ететін музей экспозициясы жайында 3D форматында ұзақтығы 5-7 минуттық виртуалды экскурсия үзіндісін жолдадық. Онда әр үміткердің сөз байлығы, эрудициясы, креативтілігі, тапқырлығы сараланды. Екінші кезеңде өзіміз ұсынған екі жәдігер, бір картинаны таныстырдық. Одан кейін байқауға дайындап алып келген портфолио бойынша жұмыс жасадық. Яғни, әр портфолионың ішінде 2 сурет, 3 жәдігер, 1 картина және 2 кітап топтастырылған. Мәселен, мен дайындаған портфолио басқа қатысушыға, ал оның әзірлегені маған түсті. Біз оны 10 минутта қорғап, қазылар алқасына талдап, таныстыруымыз керек болды. Тағы бір кезеңде облыстық тарихи-өлкетану музейіндегі кез-келген көрме залын таңдап, 5 контингент бойынша, атап айтқанда бастауыш, жоғарғы сынып оқушыларына, олардың ата-аналарына немесе орта буын өкілдеріне, басқа елден келген туристерге, егде жастағыларға көрме залындағы жәдігерлерді 5 минутта таныстырудан сынға түстік. Маған бастауыш сынып оқушыларының танымына лайықтап түсіндіру талабы қойылды. Ең соңында ел тарихы, археология, рухани жаңғыру секілді жан-жақты тақырыптар бойынша сұрақтарға жауап бердік. Ата-анамның, жұмыстағы әріптестерімнің сенімін ақтадым деп ойлаймын, -дейді байқау жеңімпазы Айніл Әбдуәлі.

Расында да, Айнілдің жетістігі көңіл қуантады. Оның Жамбыл атындағы «Руханият» орталығында жұмыс жасап жүргеніне де бар-жоғы бес-ақ ай болған. Тіпті, ол  қазіргі таңда Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінде «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша 3 курста оқып жүр. Жас та болса ана тілінен бөлек,  орыс, ағылшын және  түрік тілдерін де жетік меңгерген. Тәжірибелі мамандар арасынан топ жарған талабына тек қана сәттілік серік болғай. Шара соңында жеңімпаз бен жүлдегерлерге ақшалай сыйлықтар мен сертификаттар табыс етілді.

Нұржан ҚАДІРӘЛІ

Пікір қалдыру

Your email address will not be published. Required fields are marked *