Таңдаулы жаңалықтар:

Ауылдықтардың игілігі үшін аянбауды мақсат тұтқан азамат

«Ауылына қарап азаматын таны» деген сөз бар қазақта. Бүгінде бұл сөз  Талас ауданы Кеңес ауылдық округінің әкімі Еркебұлан Тәттібаевқа арнап айтсақ, еш артық емес.  Өйткені, ол өзі басқарып отырған ауылды өз баспанасын қамдағандай кем-кетігін түгендеп, жыртығын жамап, келбетін ажарлы, тұрмысын базарлы етуге бар күш-жігерін жұмсап жүрген азамат. Тиісінше, бұндай ауылдың берекесі тарқамайтыны да белгілі.

Қош, сонымен жас та болса, бас болып, отызында орда бұзған Еркебұлан өзіне жүктелген әкімдік міндетті қалай атқаруда? «Ауыл деген ауыспайтын астананың» ажарын арттыру жолында нендей тірліктер тыңдыруда? Оған осы мақалада бірқатар мысалдар арқылы нақты жауаптар беруге тырысып көрдік.

Әлбетте, ер жігіт сөзімен емес, ісімен көрінеді десек, әкім де өзіне жауапты аумақтағы мәселелерді шешумен, жасалынған жұмыстардың нәтижесімен бағаланғаны ләзім. Осы орайда біз Еркебұланның іскерлігін Кеңестегі жүзеге асып жатқан келелі істермен саралауға тырыстық.

Бүгінде округтің тұрғындарының игілігіне 2 жаңа мектеп, 2 дәрігерлік амбулатория, почта байланыс торабы, балабақша, шағын орталық, 2 кітапхана, 1 клуб, 1 ветеринарлық пункт, 2 ауыз су тарату торабы, 2 заманауи кіші футбол алаңы қызмет көрсетуде. Бүгінде округке қарасты Көшек батыр және Бөлтірік шешен елді мекендеріне көптен күткен газ кіруде. Осыдан біраз бұрын ауылдағы тозығы жеткен көпір қайта жаңартылған.

Соңғы жылдары ауылдықтардың әлеуметтік жағдайы да жақсарып келеді деуге негіз бар. Оған өткен жылы әлеуметтік көмекке мұқтаж отбасылардың саны 15-тен 5-ке азайғанын айрықша атауға болады. Бұл «бір реттік әлеуметтік осал топтарды көтермелеу» бағытында берілген грантқа тікелей байланысты. Сондай-ақ, округтегі бірлі-жарым тұрмысы төмен, толық емес және көп балалы отбасыларға өткен жылдың қорытындысы бойынша 1 млн теңгеге жуық азық-түлік себеттерімен көмек беріліпті. Былтырғы салықтық түсімдердің орындалуы да жоспарлы межеден кем болмаған.

Ауылда өткен жылы көгеріштендіру және көгалдандыру бағытындағы Жасыл Белдеу құруға арналған 3 га жерді қоршау іске асқан. Жақында ғана осы маңға Еркебұлан Тәттібайдың өзі бастап ауылдықтар 2500 түп қара ағаш көшетін отығызған.

Әрине, аталған жұмыстардың бәрін ауыл әкімі бір өзі атқарып шықты деуден аулақпыз. Дегенмен, қашанда үйлестіру мен ұйымдастыруда ауыл басшысының қарым-қабілеті мен таным-түйсігі алғашқы орында тұрары сөзсіз. Ол өзінің іскерлігін танытып, ауылдықтардың игілігіне арналған жобалардың маңыздылығын аудан, облыс басшылығына дәлелдей алғанда ғана ойдағы тірліктерді орындауға мүмкіндік туады.

Осы тұрғында Еркебұланның өзі Фейсбук әлеуметтік желісіндегі парақшасында: «Қазақстанның қай облысы болмасын, әрбір ауылының әлеуметтік және  экономикалық даму көрсеткіштерінің өсіп немесе кемуі ол әкімге емес, сол ауылдың тұрғындарының белсенділігіне байланысты»,-деп анық жазған болатын. Осыған қарап-ақ, Еркебұлан Тәттібаевтың ауылдықтарды алдыға тартып, бірлік –берекенің бастауы екендігін өзінің негізігі ұстанымы ретінде алғанын байқауға болады.

Ауыл әкімінің  алдағы жоспар-мақсаттарының қатарында Көшек батыр елдімекеніне клуб ғимаратын салу, ауыл ішіндегі көшелерге жарық шамдарын орнату, 3 ауыл іші жолына ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу мен 1 көшені асфальт жабынымен жабдықтау секілді мәселелер бар. Бізде талапты басшығы сәттілік серік болуын тіледік!