Таңдаулы жаңалықтар:

30 АЗАМАТТЫҢ ТҰРҒЫН ҮЙ СЕРТИФИКАТЫ БОЙЫНША ӨТІНІМІ МАҚҰЛДАНДЫ

Шымкент қаласы бойынша «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында жеңілдетілген пайызбен несиелік бағытта баспана алуды көздеген азаматтар қатары көбеюде. Бүгінгі таңда банктің ипотекалық қарыз шартын мақұлдау туралы хаты негізінде тұрғын үй сертификатын иеленген азамттар саны 30-ға жетті.
Бұл туралы Шымкент қалалық тұрғын үй басқармасының жекешелендіру және несиелік тұрғын үй бөлімінің басшысы Гүлнар Әшірбаева БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында мәлімдеді.

Әзірге тұрғын үй сертификатының талаптары мен шарттарына сәйкес келген қала тұрғындарының басым көпшілігі «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасының «Бақытты отбасы» несиелік бағытының қатысушылары.
Қазіргі таңда http://www.xn--ezekte-2pf.kz/ интернет порталы арқылы жалпы саны 336 азаматтан тұрғын үй сертификатына өтінім келіп түскен. Оның ішінде 268 өтінім бойынша тұрғын үй сертификатын берудің жалпы талаптары мен шарттарына сәйкес келмеуі себепті бас тартылған.

Атап айтсақ, 178 азамат құжаттарын толық жібермеген. 11 өтінім иесінің деректері анық емес, ал 79 азаматтың өтінімі тұрғын үй сертификатының талаптары мен шарттарына мүлде сәйкес келмеген.
Құжаттарын толық жібермеген және деректері анық емес азаматтар тұрғын үй сертифкатына қайта өтінім жібере алады.

Шымкент қаласында тұрғындарды несиелік бағытта баспанамен қамту бойынша жүйелі іс-шаралар белсенді жүргізілуде.