Жанармай бағасына бақылау жоқ: газ бен бензин қымбаттайды
2024 жылдың желтоқсан айының қорытындысы бойынша Қазақстанда бензин бағасы жылдық көрсеткіште небәрі 0,8 пайызға өскен.
Оның ішінде АИ-92 маркалы бензин 0,4, АИ-95/ АИ-96 – 2,9, ал АИ-98 – 4,7 пайызға қымбаттаған. Қымбатшылықтың жоғары көрсеткіші Батыс Қазақстан облысында тіркелген. Одан кейінгі орындарда Шымкент пен Ұлытау облысы тұр. Ең төменгі жылдық өсім Абай, Ақмола және Түркістан облыстарында байқалды. Жетісу облысында баға өзгеріссіз қалса, Алматы облысында бензин керісінше 0,3 пайызға арзандаған.
Тарқата кетсек, АИ-92 маркасының қымбаттауы Батыс Қазақстан облысында байқалған. Ал ең төменгі өсім Абай және Шығыс Қазақстан облыстарында тіркелген. Солтүстік Қазақстан және Жетісу облыстарында, сондай-ақ Алматы мен Астанада баға өткен жылдың деңгейінде қалды. Қарағанды облысында АИ-92 0,1 пайызға, Алматы облысында 0,4 пайызға арзандап отыр.
АИ-95/АИ-96 маркалы бензин Солтүстік Қазақстан облысында 8,4 пайызға қымбаттаса, ал ең аз өсім Шымкентте, Түркістан және Жетісу облыстарында тіркелген. Костанай облысында бұл марканың бағасы 1,9 пайызға арзандаған. АИ-98 маркасы Жамбыл облысында 12,4 пайызға, Қарағанды облысында 11,6 және Павлодар облысында 11,2 пайызға қымбаттаған. Ең төменгі өсім Ақтөбе облысында тіркеліп, Жетісу облысында баға өзгеріссіз қалып отыр.
2024 жылдың желтоқсан айындағы ақпарат бойынша елімізде бензиннің орташа бағасы: АИ-92 маркасының литрі 203 теңге, АИ-95/АИ-96 – 260 теңге, АИ-98 – 298 теңге болып отыр. Мұндай өсімге қарамастан Қазақстан дәстүрлі түрде бензиннің төмен бағасымен және қолжетімділігімен ерекшеленеді. Numbeo деректеріне сәйкес, 2024 жылғы 30 қаңтардағы жағдай бойынша Қазақстан 99 елдің ішінен бензин бағасының арзандығы бойынша 32-орынды иеленді. Бұл рейтинг жанармайды орташа айлық жалақыға қанша литр сатып алуға болатынына қарай жасалған. Қазақстанда бұл көрсеткіш 1,1 мың литрді құрады. ТМД елдері арасында Қазақстан көш бастап отыр.
Салыстыру үшін: Ресейде 980,4 литр, Әзірбайжанда 704,2 литр, Беларусьта 682,6 литр, Өзбекстанда 481,1 литр, Арменияда 456,8 литр. Дегенмен, мұндай жағымды көрсеткішке қарамастан бұл жағдай алдағы уақытта өзгеруі мүмкін. Себебі, жуырда Қазақстанда бензин мен дизель отынының мемлекеттік бағалық реттелуі жойылды. 27 қаңтарда Энергетика министрлігі бұған дейін қолданыста болған мұнай өнімдерінің бағасын реттеу туралы қаулылардың күшін жоятын бұйрыққа қол қойды. Құжат 30 қаңтардан бастап заңды күшіне енді. Осы өзгерістерге байланысты сала мамандары тұрақты баға белгілеу моделіне көшу туралы мәлімдеді. Реттеуші органдардың айтуынша, нарықтағы бақылау күшейіп, заң талаптарының сақталуы және жанармаймен үздіксіз қамтамасыз ету басты назарда болады. Бұған қоса, әлеуметтік қолдау шаралары өзгеріссіз қа лады, а л ауыл шаруашылығы өндірушілеріне дизель отыны қолжетімді әрі тиімді бағамен сатылады.
Өз кезегінде жанармай бағасына жүргізілетін бақылаудың алынып тасталғанына байланысты көлік жүргізушілері алаңдаушылық білдіруде.
– Қымбатшылық бүгінгі күні басты мәселеге айналып кетті. Азық-түліктің бағасы сәт санап өсіп жатыр. Енді оған жанармай қосылды. Менің көлігім газбен жүреді. Кеше бес теңгеге қымбаттапты. Осыдан екі жыл бұрын газ арзан болғандықтан, бензиннен газға ауысып едім. Алдағы уақытта газдың бағасы бензинді қуып жететін сыңайлы. Енді бензин мен дизельдің бағасын да мемлекет реттемейтінін естіп, ауылдағы шаруаларға алаңдап жүрмін, – дейді қала тұрғыны Әділет Айтпаев.
Айта кетсек, өткен жылдың қаңтар- желтоқсан айларының қорытындысы бойынша, Қазақстанда 5,5 миллион тонна бензин өндірілген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 2,9 пайызға артық. Негізгі өндіріс көлемі дәстүрлі түрде үш ірі өңірге тиесілі. Шымкент – 2,1 миллион тонна, Атырау облысы – 1,7 миллион тонна, Павлодар облысы – 1,6 миллион тонна. Бұл өңірлерде елдің басты мұнай өңдеу зауыттары орналасқан.
Мұнай өнімдері нарығындағы көтерме және бөлшек бағаларды мемлекеттік реттеуді алып тастауды Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі ұсынған болатын. Агенттік мамандарының пікірінше, Энергетика министрлігінің ішкі нарықтағы мұнай өнімдерінің (АИ-92 бензині мен дизель отыны) көтерме және бөлшек сауда бағаларын реттеуі, сондай-ақ олардың экспортына тыйым салынуын ескере отырып, ішкі нарықтағы мұнай бағасы мұнай өнімдерінің шекті бағасына толықтай тәуелді және әлемдік бағаға тәуелді емес.
«Баға белгілеуге тасымалдау мен қайта өңдеуге қойылған монополиялық тарифтер әсер етеді. Өйткені, мұнайды еркін тасымалдау мен қайта өңдеуге әкімшілік шектеулер бар. Қалыптасқан жағдай жер қойнауын пайдаланушылардың экономикалық дамуын тежейтін негізгі факторлардың бірі болып табылады. Бұл өндіру деңгейі мен ресурстық базаны толықтыруға әсер етеді. Осы мәселені шешу үшін ішкі нарықтағы мұнай өнімдерінің баға белгілеуін ырықтандыру арқылы мұнай экспорты мен ішкі нарықтағы сатылымның рентабельділігін теңестіру қажет», – делінген қорытындыда.