Жаңа кодекстің жақсылығы қандай?

Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың биылғы Қазақстан халқына «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында еліміздің алдағы жылдардағы басым бағыттары айқындалды.  Жолдаудағы он негізгі міндеттің ішінде мемлекеттік органдармен бірге Үкіметке бизнес-климатты жақсартудың жаңа тәсілдерін ойластыру тапсырылды. Бұл, әрине, кәсіпкерлік көкжиегінің кеңеюіне көмектесіп, халықтың өз бетінше табыс табуына жол ашады.

Баршаға белгілі, жыл басынан елімізде жаңа Салық және Кеден кодекстері күшіне енді. Осы орайда, кәсіпкерліктің қыр-сырына енді қанығып жүрген азаматтар үшін Салық кодексіндегі өзгерістер туралы түсіндіре кетудің артықшылығы жоқ. Бұрын 687 баптан тұратын кодекстің  жаңа редакциясы  бүгінде 773 бапқа ұлғайып, бірқатар жеңілдіктермен толыққан.

Жаңа кодекстің басым бөлігі биыл күшіне енді. Кейбірі алдағы жылдары қолданыста болады. Қабылданған құжат шағын және орта бизнестің дамуына ықпал етіп, еліміздің стратегиялық мақсаттарының жүзеге асуына жетелейді.

Заман талабы дейміз бе, жоқ әлде табыс табудың жаңа жолдары дейміз бе, қазіргі уақытта әлеуметтік желілер арқылы сауда жасап жатқандар электрондық алаңға көшсе, онда табыс салығын төлемейтін болады. Жеңілдік алу үшін мәмілелерді электрондық нысанда ресімдеу және тауарлар үшін төлеу ақысын қолма-қол ақшасыз, төлеммен жүргізу қажет. Тауарлардың электрондық саудасынан түсетін кірістер жылдық жиынтық табыстың кем дегенде 90 пайызын құрауы тиіс. Бұл өз кезегінде көлеңкелі экономиканы жүгендеп, халықтың табысын заңдастыру мақсатында ойластырылған тетік. Бірақ, қазіргі уақытта облыс аумағында интернет-сауда жасаушылар әзірге тіркелмесе де, мемлекеттік кіріс саласының мамандары түсіндіру жұмыстарын бастап кетті.

Әсіресе, ауылшаруашылық саласындағы ағайындарға үлкен жеңілдіктер қарастырылған. Кодексте агросектордың мүддесі қорғалып, шаруа (фермерлік) қожалықтары әлеуметтік салықтан босатылды.

Бұған қоса, бизнеске түсетін қаржылық ауыртпалықты жеңілдету мақсатында әлеуметтік салықтың мөлшерлемесі 11 пайыздан 9,5 пайызға дейін төмендетілді. Сондай-ақ, жаңа заңнамада бала-шағасының нәпақасын есігінің алдындағы кішігірім дүкеннен тауып отырған шағын және орта кәсіпкерлік субьектілеріне де жеңілдіктер қарастырылған.

Ал, қазіргі таңда берешекті мәжбүрлі түрде өндіріп алу тәсілдері барлық салық төлеушілерге бірдей қолданылатын болады. Осылайша, мемлекет ірі салық төлеушілермен жұмыс істеуде сенім мен ашықтыққа негізделген мониторингке сенім артады. Арнайы келісім жасайды, арадағы қатынас осы құжатпен реттеледі. Бір сөзбен айтқанда, жаңа кодекстің тиімді тұстары көп. Бұл тұрғыда «көлеңкелі» бизнеске бой ұрмай, ашықтық принципін ұстанған кәсіпкерлерге көп мүмкіндіктер жасалатын болады.

Ерлібек Зикеев, Тараз қаласы бойынша
мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы

Пікір қалдыру

Your email address will not be published. Required fields are marked *


Бізбен байланыс

«ZAU.KZ» ақпарат агенттігі

Мекен-жайымыз: Жамбыл облысы, Тараз қаласы

Телефон: 8 771 399 43 63

Электронды пошта: zau.kz18@mail.ru