Жамбылда 23 мопед ресми тіркелді
Жамбыл облысы ПД ӘПБ қызметкерлері рейстік автобустардың, маршруттық көліктердің жолаушылары мен мопед жүргізушілері арасында профилактикалық іс-шаралар өткізіп, оларға жадынамалар мен парақшалар таратты.
Полицейлер жол қозғалысы ережелерін сақтауға ерекше назар аударып, сондай-ақ тұрғындарға мопедтерді қалай тіркеуге қою керектігін түсіндірді.
Күн сайын қоғамдық көлікті мыңдаған жолаушы пайдаланады. Олардың арасында мопед иелері де бар. Осыған байланысты полиция қызметкерлері автобустарға мопедтерді тіркеу ережелері мен қажетті құжаттар тізімі жазылған парақшалар жапсырды.
Мопедті тіркеу үшін арнайы ХҚКО-ға жеке куәлікпен (соның ішінде электронды), техникалық құжаттармен немесе мопедтің сипаттамаларымен бару қажет. Одан кейін өтініш толтырып, көлікті тексеруден өткізіп, мемлекеттік баж салығын төлеу керек.
Тіркеу басталғалы бері Жамбыл облысында 23 мопед есепке қойылды.
— Жамбыл облысының Полиция департаменті биылғы жылдың 5 сәуірінен бастап тіркелмеген мопедтерді пайдалануға және жүргізуші куәлігінсіз басқаруға тыйым салынатынын еске салады. Бұзушылықтарға жол бермеу үшін мопедті уақытында тіркеп, жүргізуші куәлігін алуды ұсынады,- делінген хабарламада.