Жамбыл облысында сәбилерге ең көп қойылатын есімдер

Жамбыл облысының әділет департаменті мекеменің «Инстаграмм» желісіндегі ресми парақшасында қызықты мәлімет жариялады.  Азаматтардың хал актілерін тіркеу базасындағы ақпараттар негізінде Әулиеата өңірінде жаңа туған сәбилерге ең көп қойылатын 15 есім анықталыпты.

Сонымен ұл балаларға Әлихан, Әлинұр, Арсен, Нұрасыл, Ислам, Нұрислам, Айсұлтан, Ерасыл, Дінмұхамед, Дамир, Мансұр, Ернар, Әбілмансұр, Әмірхан, Диас есімдері көбірек беріліпті.

Ал, қыздарға  Айзере, Аяла, Раяна, Айару, Айша, Інжу, Айым, Медина, Кәусар, Амина, Адия, Іңкәр, Асылым, Адина, Аиша есімдері  жиі қойылып жүр екен.

Алайда, бұл ақпан айындағы ақпарат. Сондықтан да біз департамент мамандарымен байланысып, жаңа тізімді сұрастырып көрдік. Бірақ, мекеменің АХАТ бөліміндегі қызметкерлер қазіргі таңда мұндай есептің жүргізілмейтіндігін тілге тиек етті. Дейтұрғанмен, ата-аналардың ат қоюда ұлттық құндылықтарға, тарихи тұлғаларға, патриотизм негіздеріне, көркемдік үйлесімге  басымдық беріп жатқандығын, адам түсініп болмайтын есімдерден арыла бастағандығын  қуана жеткізді.

Мысалы, кейінгі кездері Кәусар, Құралай, Қарлығаш, Ханшайым, Несібелі есімдері жиі қойыла бастаған. Сол сияқты таяуда ғана Шу ауданында өмірге келген қыз баланы ата-анасы  Ынтызар деп атауды жөн көрген. Сонымен қатар Ораза кезінде дүние есігін ашқан ұл балалардың басым көпшілігіне Рамазан, Рамадан есімдері беріліпті.

 Ақнұр ТЕМІРЛАНҚЫЗЫ

 

 

 

Пікір қалдыру

Your email address will not be published. Required fields are marked *