Таңдаулы жаңалықтар:

Ұшақта масаң күйде жанжал шығарған 56 жастағы жамбылдық жазаланды

Көлік полицейлері «Тараз-Нұр-Сұлтан» бағытындағы әуе рейсінің жолаушысын құқық бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартты.

Ағымдағы жылдың 8 сәуірінде сағат 15.30-да «Тараз-Нұр-Сұлтан» бағытындағы ұшақ Тараздан ұшып шығып, бір сағаттан кейін әуе бортында деструктивті жолаушының болуына байланысты әуежайға кері оралды. Қайта қонған соң, құқықбұзушы әуе кемесі командирінің актісімен Тараз қаласының әуежайындағы Желілік полиция бөлімшесінің қызметкерлеріне табысталды. Бұдан соң, ұшақ межелі жеріне ұшып кетті.

Көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, тексеру барысында көлік полицейлері 56 жастағы Жамбыл облысының тұрғынын анықтады. Ол ұшақ бортында масаң күйде болып, өзін дөрекі ұстап, қоғамдық орында балағат сөздер айтып, экипаж бен әуе кемесі командирінің бірнеше рет ескерткен талаптарына бағынбаған.

Медициналық куәландыру қорытындысына сәйкес ер адамның орташа дәрежедегі алкогольдік масаң күйде болғандығы анықталды.

Оған қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 434-бабының 1-бөлігімен, яғни ұсақ бұзақылық, ҚР ӘҚБтК-нің 440-бабының 1-бөлігімен, яғни алкогольдік ішімдіктер ішу және қоғамдық орындарда масаң күйде болу және ҚР ӘҚБтК-нің 566-бабының 1-бөлігімен, яғни әуе кемесінде мінез-құлық қағидаларын бұзу бойынша бірден үш әкімшілік хаттама толтырылып, 13 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды.

Сондай-ақ, аталған әуе рейсінің 1968 жылы туған әйел-жолаушысына да қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 434-бабының 1-бөлігімен, яғни ұсақ бұзақылық және ҚР ӘҚБтК-нің 566-бабының 1-бөлігімен, яғни әуе кемесінде мінез-құлық қағидаларын бұзу бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылып, оған 3 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды.

Ұсақ бұзақылық бойынша жасалған материалдар тиісті шешім қабылдау үшін Тараз қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына жолданды.

Пікір қалдыру

Your email address will not be published. Required fields are marked *