Таңдаулы жаңалықтар:

ТӘУЛСІЗ ЕЛІМІЗДІҢ ЕЛОРДАСЫ – ДІНАРАЛЫҚ КЕЛІСІМ МЕН БЕЙБІТШІЛІКТІҢ ОРТАЛЫҒЫ | Zau.kz

 

Байтенова Н.Ж.

филос.ғ.д., профессор

Әл-фараби атындағы Қазақ ҰУ

Қақан Ж.С.

Әл-фараби атындағы Қазақ ҰУ

 магистрант

Әл-фараби атындағы Қазақ ҰУ

Жорабек Ж.Г..

Әл-фараби атындағы Қазақ ҰУ

докторант

 

Қазақ халқының тамырын тереңге жайған сан ғасырлық тарихында бүгінгі күннің ұрпағы үшін үлгі болатын, ой жүгіртіп, тағылым алатын құндылықтар жүйесі толып жатыр. Ал, тарихтың қатпарында жатқан рухани құндылықтарымызды тірілту, заманға сай жаңғырту – бүгінгі күннің өзекті мәселесіне айналып отыр. Қәзіргі жаһандану заманында көптеген мәдениеттер мен ұлттар жоғалып кету қаупінің алдында тұр. Әр ел өзінің тарихын, мәдениетін жаңғыртуға, өзгелерден ерекшеленуге, сол арқылы әлемдегі өздерінің орнын сақтап қалуға күш салып жатыр. Қәзіргі уақытта Қазақстанды өзгелерден ерекшелейтін құндылық деп нені айта аламыз?  Қазақстанның негізгі құндылығы мен артықшылығы бейбітшілік пен тұрақтылықты насихаттауы.

Батыс пен Шығысты бір нүктеде түйістірген, Еуразияның кіндігінде орналасқан Қазақстан бейбітшіліктің символы іспеттес. Сонымен қатар, тоғыз жолдың торабындағы әлемнің сәулетті қалаларының бірі, талай көкейкесті жаһандық мәселелердің шешімі табылған, уақытпен бірге жылжып, әлемді таңқалдырудан жалықпаған Нұр-Сұлтанның орны ерекше. Тарихқа көз жүгіртсек қазақ даласында көптеген ірі қалалар өмір сүрген. Солардың ішінде Түркістан қаласы Қазақ хандығының орталығы ретінде танымал. Түркістан қаласы саяси, экономикалық орталық ретінде ғана емес, сонымен қатар, барша түркі жұртының рухани астанасына айналғаны тарихтан мәлім. Қәзіргі таңда Түркістан қаласы өткеннен сыр шертетін тарихи жәдігер, қасиетті мекен ретінде сақталып қалды. Ал, бүгінгі күннің Түркістаны, ол – Нұр-Сұлтан қаласы. Нұр-Сұлтан тек саяси, экономикалық орталық қана емес сонымен қатар әлемдік деңгейдегі рухани мекенге айналды. Оған себеп, Елбасы Н. Назарбаевтың бастамасымен 2003 жылдан бері Нұр-Сұлтанда Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съездері өткізіліп келеді. Бұл форум мәдениеттер өркениеті диалогы саласында жұмыс істеп жатқан негізгі әлемдік конфессиялар мен халықаралық ұйымдар тарапынан қолдау тауып, Қазақстанның конфессияаралық келіспеушіліктерді болдырмау, мәдени және рухани ынтымақтастықтың тиімді тетіктерін іздеу ісіне қосқан қомақты үлесі.

Қазақ даласында Орта ғасырдан бастап ислам діні үстемдік еткенмен, оған дейін тәңірлік, буддизм, зороастризм, иудаизм, христиан діндері де өмір сүрді, сәйкесінше, әртүрлі ұлттардың тоғысқан мекеніне де айналды. Оған әсер етуші факторлардың бірі Ұлы Жібек жолының негізгі орталығы Қазақ жері болуы. Халқымыз әр діннің догмалық емес, тәрбиелік, рухани, моральдық қырларын сіңіре білді. Ислам — араб тілінде бейбітшілік, тыныштық деген мағына береді. Қазыбек бидің: «»Біз қазақ деген мал баққан елміз, бірақ ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз. Елімізден құт-береке қашпасын деп, жеріміздің шетін жау баспасын деп найзаға үкі таққан елміз; ешбір дұшпан басынбаған елміз, басымыздан сөзді асырмаған елміз. Досымызды сақтай білген елміз, дәмі тұзын ақтай білген елміз… », — деген өлең жолдарының өзі Ислам дінінің идеологиялық, моральдық қырларын ұлттың құндылығына айналдыра білгендігін көрсетеді. Жалпы айтқанда, Қазақ даласы толерантты өркениетті қоғам  ретінде қалыптасқан деуге негіз бар. Патшалық Ресей мен Кеңестік кезеңде де әртүрлі этностарды құшағымызға сиғызғанымызға тарих куә. Қазақтың өткен тарихында діни алауыздық орын алған емес. 2001 жылы Рим папасы Иоанн Павел II Қазақстанға келген сапарында былай деген болатын: « Көшпенділердің Ұлы даласы көп ұлтты мемлекетте де бейбітшілік пен келісімді сақтауға болатының көрсетуде және бізді таңқалдыруда». Еуропа мен Азияның түйіскен жерінде орналасқан Қазақстан дінаралық диалогтың бастамашысы мен белсенді қатысушысы атануы кездейсоқ емес. Біздің елімізде көптеген этностар мен діндердің өкілдері тұрып жатыр, олардың өзара әрекеттесуінің үлкен тәжірибесі бар, сондықтан Қазақстанның конфессиялар мен өркениеттердің жемісті диалогы орнаған мекен атануға құқығы бар. [1]

Нұр-Сұлтан қаласы әлемнің рухани және дінаралық келісімнің толыққанды орталығы ретінде мойындалуы үшін ішкі тұрақтылыққа қол жеткізіп, өзгелерге үлгі бола алуы тиіс. Бұл жолда Қазақстан қандай жобаларды іске асырды? Біріншіден, Нұр-Сұлтан қаласындағы Бейбітшілік пен келісім сарайында жыл сайын өтетін Қазақстан халқы Ассамблеясы. Қазақстан халқы Ассамблеясы — Қазақстан Республикасының Президенті ұйымдастырған, басты міндеті мемлекеттік ұлттық саясатты іске асыру болып табылатын мекеме. Ассамблеяның басты мақсаты Қазақстан Республикасындағы этносаралық келісімді қамтамасыз ету болып табылады.

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың ассамблеяның XV сессиясында сөйлеген сөзі ҚХА дін саласына қатысты саяси үрдістердің белсенді қатысушысы болып табылатындығына мысал бола алады. «Құрметті Ассамблея мүшелері! Қымбатты сессияға қатысушылар! Бүгін біз өте маңызды мәселені – Қазақстанның Ұлт бірлігі доктринасы туралы мәселені талқылауға жиналдық. Ассамблеяның осы сессиясы күрделі кезеңде өтіп отыр. Жаһандық экономиканың күйреп түсуі әлемдегі этносаралық және дінаралық қатынастар проблемасын ұшықтырып жіберді. Мысалдар көп-ақ – Кавказ, Таяу және Орта Шығыс, Орталық және Шығыс Африка елдері. Дәл осындай кезеңде ұлттың топтасқандығы мен бірлігін сақтаған елдер дағдарысқа қарсы табыстырақ әрекет етуде, тұрақты дамып, жаңа биіктерге қол жеткізуде. Ешқандай қысылып-қымтырылмастан біздің Қазақстанды осындай мемлекеттер қатарына жатқызуға болады…».[2, 64-б.]

 2011 жылғы 18 сәуірде Қазақстан халқы Ассамблеясында сөйлеген сөзінде «этносаралық және конфессияаралық қатынастардың қыр-сырын зерттейтін қуатты орталық құру қажет. Этносаралық, конфессияаралық қатынастар жіті зерттеуді талап етеді. Бұл – ғылым және өте салмақты ғылым. Әркім ұлтаралық қатынастың маманы болуға тырысады, әркім осы мәселе бойынша пікір айтқысы келеді. Қолы таза еместердің оған бас сұғуларына болмайды. Адамдар арасындағы қарым-қатынас – өте нәзік материя, оның үстіне әңгіме этносаралық, дінаралық қарым-қатынас туралы болған кезде», — деп атап өтті Н.Назарбаев. [2, 67-б.]

2001 жылдың 11 қыркүйегінде АҚШ-тың Нью-Йорк қаласындағы қос ғимаратқа террористер шабуыл жасаған қайғылы оқиғадан кейін бүкіл әлем бөлінудің аз-ақ алдында қалды, күйіктің иісі шықты. Біреулер III дүниежүзілік соғыс жайлы, енді біреулер өркениеттер мен діндердің арасында жаһандық қақтығыстың болатының айтты. Қазақстан осы тұста әлемді бейбітшілікке үндеуде нақты қадамдар жасады. Таза дінде терроризмге жол жоқ, әртүрлі «измдердің» исламға жаттығы туралы батыл да ашық айтқан мемлекет басшыларының бірі Н.Ә.Назарбаев болды. Қазақстан Республикасының Президенті ҚР астанасында Әлемдік және Дәстүрлі діндердің форумын өткізу туралы бастаманы алға тартып, 2003 жылдың 23-24 қыркүйек күндері Нұр-Сұлтан қаласында өтті. Қазақстан Президентінің ойынша ортақ аспектілер мен бір-бірі жайлы нақты ақпараттардан құрылған Әлемдік  және Дәстүрлі дін лидерлері арасындағы диалог өзара ынтымақтастыққа кең мүмкіндіктер ашып, зорлық-зомбылық, фанатизм, экстремизм және терроризм сияқты қәзіргі заманғы жағымсыз құбылыстарды жеңуге септігін тигізеді. I съездің концептуалды идеясы ретінде діндер диалогы және ұлтаралық қатынастардағы зорлық-зомбылық пен террордың әдістеріне қарсы қойылды.

Әлемдік және Дәстүрлі дін лидерлерінің съезі конфессияаралық дилогтың басқа формаларымен салыстырғанда бірқатар ерекшеліктерге ие. Нұр-Сұлтанда өтететін форумның басты ерекшелігі – оны өткізу жөнінде бастаманы конфессиялардың басшылары емес, зайырлы мемлекет басшысы ұсынып отыр.

Бұл аталған форум бір діннің мүддесіне қызмет етпей, жалпы адамзатқа ортақ өзекті проблемалар талқыланатын дінаралық диалог құруға мүмкіндік жасайтының көрсетеді. Дін лидерлері Нұр-Сұлтанда әлемдік діндердің рухани және адамгершілік әлеуеті халықаралық шиеленістерді шешуде, жаһандық қәуіп-қатерлерге қарсы тұруда қалай пайдалануы мүмкін екенін талқылауға мүмкіндік алды.

Съездерді өткізу Қазақстанға, соның ішінде Нұр-Сұлтан қаласына өркениеттер арасындағы диалог алаңына айналуға мүмкіндік берді. Дін лидерлері мен саясаткерлер Нұр-Сұлтанға әлем дамуындағы ең өзекті мәселелердің шешемін табу үшін жиналады. Франция митрополиті Эммануельдің: «Нұр-Сұлтанда мен білетін діндердің бәрі бас қосты», – деуі де орынды. [3]

2018 жылдың күзінде Нұр-Сұлтан қаласының 20 жылдық мерейтойы қарсанында Әлемдік діндер съезі Қазақстан 1995 жылы Ислам ынтымақтастығы ұйымының толық құқылы мүшесіне айналды.

Нұр-Сұлтан қаласында 2011 жылғы 28-30 маусымда Ислам ынтымақтастығы ұйымы Сыртқы істер министрлері кеңесінің  38-ші сессиясы өтті. Бұл басқосуды тарихи оқиға деп атауға болады, өйткені, онда Ислам конференциясы ұйымы атауын  Ислам ынтымақтастығы ұйымы деп өзгерту туралы шешім қабылданды және Адам құқықтары жөніндегі тұрақты комиссия құрылды.

Реформаларды ХХІ ғасырдағы Ислам әлемі дамуының негізі деп жариялаған, мазмұны жөнінен ұйымның ең прогресивті құжаты болған Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың мұсылман үмметі алдындағы бағдарламалық сөзі ИЫҰ Нұр-Сұлтан декларациясының негізін қалады.

Ислам әлеміндегі күрделі геосаяси ахуалға байланысты ИЫҰ-ның Атқару комитетінің Сирия мен Ливиядағы дағдарысты реттеуге арналған төтенше отырыстары өтті. Сомалидегі гуманитарлық апатты еңсеру, исламофобиямен күрес және дінаралық қақтығыстардың алдын алу мәселелері ұйым назарына алынды.

Кез-келген діннің мақсаты адамзатқа бақыт сыйлау. Қәзір әлемде кейбір саяси, идеологиялық топтар діннің атын жамылып өздерінің арам пиғылдарына пайдалану арқылы керісінше қәсірет туғызуда. Таяу Шығыс, соның ішінде, Сирияда үздіксіз жарылған бомба миллиондаған адамдардың өмірін қиды, жазықсыз балалар мен аналардың көз жасына қалды.

Әлем жұртшылығына үрей туғызған, ондаған жылдардан бері соғыстан көз ашпаған Сириядағы күрделі саяси ахуалды шешуде Қазақстанның алатын орны ерекше. 2017 жылғы Елордада өткен Астана процесі кездесулері соның айғағы. Қазіргі таңда Сириядағы қарулы қақтығыстардың саябырсуы, өзара бітіспестей көрінген қарсылас тараптардың келісімге келуге деген ұмтылыстары Астана процесінің оң нәтиже бергенін аңғартады.

Наваф Салам, Ливанның БҰҰ-дағы тұрақты өкілі: «Таяу Шығыс халқы Сириядағы ахуалды оңалтуға Қазақстан ықпал ете алады деп санайды. Нұр-Сұлтан ерегескен екі тарап үшін де маңызды алаң. Біз олардың дұрыс шешімге келетініне сенеміз. Ливан Қазақстанның БҰҰ-дағы Өркениет Альянсы мен мәдениетаралық келіссөздерге қатысуын қолдайды. Бұл ел түрлі ұлт пен ұлыс өкілдерінің бірлігін сақтаған, әлемде өзіндік орны бар мемлекет. Ал Қазақстандағы келіссөздер лаңкестікпен күреске де оң әсер етері сөзсіз»,- деп, жоғары баға берген болатын. [4]

«Астана процесі» Нұр-Сұлтан қаласының саяси аренадағы рөлін де көтерді. Түркия басшысы Режеп Тайип Ердоған Ресей президентімен кездескен сәтінде: «Астана келіссөздері Сириядағы қантөгісті азайтуға зор үлес қосты. Осы орайда Сириядағы дағдарысты саяси жолмен реттеуге негіз пайда болды», деп атап көрсетті. Ал В.Путин: «Осы процеске қатысушыларға Астана алаңын ұсынғаны үшін Қазақстанға және Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа алғысымды білдіремін. Қазақстан жай ғана бас қосатын жер емес, ол өте қолайлы алаң. Мен мұнда Қазақстанның бейтарап позициясын, қандай да бір шиеленістерге ешқашан араласпағанын, керісінше, беделді бітімгер болып есептелетінін айтып отырмын. Айта кетейін, Президент Нұрсұлтан Назарбаев барлық шиеленісуші және бітімге келісуші тараптарды келіссөз үстелінің басында ұстап қалу үшін белгілі бір жауапкершілікті өз мойнына алған кездер де болған. Сол үшін алғысымыз шексіз», деп өзінің лайықты бағасын берген болатын. [4]

Қорыта айтқанда, Астана процесі тарихта еліміздің бітімгерлік бағытында атқарған ауқымды шараларының бірегейі ретінде таңбаланатыны сөзсіз.

2018 жылы Нұр-Сұлтан қаласында  Еуропа мен Орталық Азияның 21 елінен 35-тен астам делегат, еліміздің зиялы қауым өкілдері, жазушылар, теолог-ғалымдар, облыстың бас имамдары да қатысқан Еуразия мұсылман ғұламалары форумы өтті. Жиын ислам өркениетінің өткені, бүгініне баға беріп, болашағына қатысты ой бөлісу мақсатын көздейді. Сонымен қатар ислам дінінің бейбітшілікті сақтаудағы рөлі, адамзат өркениетіне қосқан үлесі, мұсылман қауымның жауапкершілігі мен өзара түсіністігін арттыру, әлемдегі түрлі қауіп-қатерге қарсы тұру, ислам дінін ұстанушылардың экстремизм мен терроризмге қарсы ішкі иммунитетін күшейту мәселесі де талқыға түсті. Әрі қазақ топырағынан шыққан дін ғұламаларының еңбегін насихаттау да көзделді. Сондай-ақ Орталық Азияда қалыптасқан діни мектептердің рөлін күшейту, Еуразия елдерінің ортақ пәтуалар базасын қалыптастыру, Еуразия кеңістігінде діни ықпалдастық пен рухани қауіпсіздікті қамтамасыз етуге үлес қосу да форумның алға қойған міндеттерінің бірі саналып отыр. Бұл форум үлкен жобаларды жүзеге асыру мақсатында жыл сайын Нұр-Сұлтан төрінде ұйымдастырылып отырады.

20 жылда Нұр-Сұлтан қаласының төрінде әлемдік тарихтың іздері қалды. Халықаралық аренада мәдениеттер, діндердің диалогы мен жақындасуының алаңы ретінде қабылданды. Нұр-Сұлтан төрінде жаһандық мәселелер түгелімен шешіліп кетті демейміз. Дінаралық диалог пен мәдениет аралық қатынас өте нәзік, қыр-сыры көп дүние. Бұл салаға үлкен табандылық керек. Дегенмен жоғарыдағы келтірілген дәлелдерге сүйенсек Нұр-Сұлтан қаласында өтіп жатқан келісімдер мен съездер адамзатқа үміт сыйлайды. Себебі, бұл шаралар қазақстандықтардың ғана емес, әрбәр адам баласының тағдыры үшін күрес. XXI ғасырдағы ең үлкен құндылық – бейбітшілік. Ал, Қазақстан бүгінде бейбітшіліктің ең көркем үлгісін көрсетуде. Себебі, толеранттылық, бейбіт сүйгіштік ұғымдары қазақ даласына ықылым заманнан тән. Адам баласы бақытты өмір сүруге ұмтылады. Бұл жолда адамзаттың алдын кесетін кедергілерде болады. Ал, сол кедергілермен күресу, адамзатқа бақыт, тыныштық, тұрақтылық сыйлау Қазақстанның міндетіне айналды. Сол себептен де, Нұр-Сұлтан қаласын әлемнің дінаралық келісім мен рухани мекеніне айналды деп нық сеніммен айта аламын.

Пікір қалдыру

Your email address will not be published. Required fields are marked *