Publisher Theme
I’m a gamer, always have been.

Таразда жастар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу бағытында 9 айда 1 271 рейд жүргізілді

0 11

Мемлекет басшысының «Заң мен тәртіп» қағидатын іске асыру аясында Тараз қаласында жастар мен жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылық пен қылмыстың алдын алу, қоғамдық қауіпсіздікті нығайту және құқықтық мәдениетті қалыптастыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Осы мақсатта Тараз қалалық Жастар ресурстық орталығы бірқатар профилактикалық іс-шараларды ұйымдастырып, жастар арасында заң талаптарын сақтау мен құқықтық жауапкершілікті арттыруға басымдық беріп келеді.

2026 жылдың алғашқы 9 айында жастар мен жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылық пен қылмыстың алдын алу мақсатында 69 профилактикалық іс-шара ұйымдастырылды. Аталған іс-шаралар аясында 5 100 жас қамтылды. Кездесулер мен түсіндіру жұмыстарының негізгі мақсаты – жасөспірімдерге заң талаптарын түсіндіру, құқықбұзушылықтың салдары туралы ақпарат беру, сондай-ақ олардың бойында жауапкершілік пен құқықтық сауаттылықты қалыптастыру.

Сонымен қатар жастар арасында есірткі заттарының заңсыз айналымы мен нашақорлықтың алдын алуға ерекше көңіл бөлінуде. Есепті кезеңде осы бағытта 56 профилактикалық іс-шара өткізіліп, 4 500-ге жуық жас қамтылды. Іс-шаралар барысында есірткі заттарын тұтынудың зияны, олардың адам денсаулығына және қоғамға тигізетін кері әсері, сондай-ақ заңсыз айналымға қатысудың құқықтық салдары туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Бұдан бөлек, қала аумағында есірткі заттарын жарнамалайтын граффити жазуларын жою жұмыстары да қолға алынды. Нәтижесінде шаһардың 300 локациясындағы осындай жазулар өшірілді. Бұл жұмыстар қалалық ортаның тазалығын сақтау, жастар арасында есірткіге қарсы көзқарасты қалыптастыру және заңсыз жарнаманың таралуына жол бермеу мақсатында жүзеге асырылды.

Жастар мен жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алуда рейдтік іс-шаралардың да маңызы зор. 2026 жылдың 9 айында осы бағытта 1 271 рейд ұйымдастырылды. Салыстырмалы түрде, 2025 жылдың сәйкес кезеңінде 1 243 рейд өткізілген. Осылайша, рейдтік іс-шаралар саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 28-ге артқан.

Соның ішінде білім беру ұйымдарының маңында 872 рейд жүргізілді. Ал 2025 жылдың алғашқы 9 айында мектептер маңында 863 рейд ұйымдастырылған. Бұл көрсеткіш профилактикалық бақылау жұмыстарының тұрақты түрде жүргізіліп келе жатқанын көрсетеді.

Рейдтік іс-шаралар барысында кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігіне, олардың түнгі уақытта заңды өкілдерінің қарауынсыз жүруіне және ойын-сауық орындарында болуына қатысты талаптардың сақталуына назар аударылды. Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 442-бабына сәйкес, кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінсіз түнгі уақытта ойын-сауық орындарында немесе тұрғынжайдан тыс жерде болғаны үшін 2 876 ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Сонымен бірге, рейдтер мен бақылау шаралары барысында Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің түрлі баптары бойынша 4 636 әкімшілік хаттама толтырылды. Бұл жұмыстар қоғамдық тәртіпті сақтау, заң талаптарының орындалуын қамтамасыз ету және құқықбұзушылықтардың алдын алу бағытындағы шаралардың жүйелі түрде жүзеге асырылып жатқанын аңғартады.

Жалпы, Тараз қаласында «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында атқарылып жатқан жұмыстардың негізгі мақсаты – жастар мен жасөспірімдердің құқықтық сауаттылығын арттыру, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, зиянды әдеттерден аулақ болуға шақыру және қоғам алдындағы жауапкершілігін нығайту.

Алдағы уақытта да профилактикалық түсіндіру жұмыстары мен рейдтік іс-шараларды жалғастыру, жастардың құқықтық мәдениетін қалыптастыру және құқықбұзушылықтың алдын алу бағытындағы жұмыстарды күшейту маңызды міндеттердің бірі болып қала береді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.