Publisher Theme
I’m a gamer, always have been.

Таразда жастар арасындағы қылмыс деңгейі 8,1 пайызға төмендеді

0 18

Мемлекет басшысының «Заң мен тәртіп» қағидатын іске асыру аясында Тараз қаласында қылмыстың алдын алу, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және жастар арасындағы құқықбұзушылық деңгейін төмендету бағытында кешенді жұмыстар жүргізілуде. Тараз қаласы полиция басқармасымен бірлесіп атқарылған профилактикалық шаралардың нәтижесінде жастар тарапынан жасалатын қылмыстар саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 8,1 пайызға азайған.

Атап айтқанда, 2026 жылдың алғашқы 9 айының қорытындысы бойынша Тараз қаласында барлығы 1 584 қылмыс тіркелді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 359 дерекке немесе 18,5 пайызға төмен. Оның ішінде 14–35 жас аралығындағы жастар тарапынан жасалған қылмыстар саны 421 деректі құрап, өткен жылмен салыстырғанда 37 дерекке немесе 8,1 пайызға азайған.

Қылмыстық құқықбұзушылықтардың жекелеген түрлері бойынша да оң өзгерістер байқалады. Мәселен, жастардың қоғамдық орындарда жасаған қылмыстарының саны 221-ден 186-ға дейін төмендеген. Ұрлық деректері 115-тен 89-ға, бұзақылық 44-тен 37-ге, тонау 16-дан 13-ке азайған. Ал қарақшылық деректері өткен жылғы 3 жағдайдан 1 жағдайға дейін төмендеп отыр.

Сонымен қатар адам өмірі мен денсаулығына қарсы жасалатын ауыр құқықбұзушылықтардың жекелеген түрлері бойынша да төмендеу тіркелген. Атап айтқанда, кісі өлтіру және кісі өлтіруге оқталу деректері 7-ден 1-ге дейін азайса, зорлау және зорлауға оқталу деректері 3-тен 2-ге төмендеген. Есірткі және психотроптық заттарға қатысты тіркелген қылмыстар саны да 18-ден 17-ге азайған.

Дегенмен, кейбір бағыттар бойынша алаңдаушылық тудыратын көрсеткіштер де бар. Атап айтқанда, жастар арасында жасалған ауыр қылмыстар саны өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі 135 деректен 137 дерекке дейін өсіп, 1,5 пайызға артқан. Бұл бағыттағы жұмысты одан әрі күшейтіп, қылмысқа ықпал ететін себептер мен жағдайларды анықтаудың маңыздылығын көрсетеді.

Жастар арасындағы қылмыстың алдын алу – тек құқық қорғау органдарының ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Осы ретте жасөспірімдер мен жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, олардың құқықтық сауаттылығын арттыру, заң талаптарын түсіндіру және салауатты өмір салтын насихаттау маңызды рөл атқарады. Сондай-ақ жастардың отбасындағы тәрбиесіне, білім беру ұйымдарындағы профилактикалық жұмыстарға және қоғамдағы қауіпсіз орта қалыптастыруға ерекше мән берілуі қажет.

«Заң мен тәртіп» қағидаты аясында Тараз қаласы полиция басқармасымен бірлескен жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасын табады. Негізгі басымдық жастар арасындағы құқықбұзушылықтардың алдын алуға, ауыр қылмыстардың санын төмендетуге, қоғамдық орындардағы қауіпсіздікті нығайтуға және әрбір азаматтың заң алдындағы жауапкершілігін арттыруға бағытталады.

Басты мақсат – жастар үшін қауіпсіз орта қалыптастырып, олардың заңға құрметпен қарайтын, жауапкершілігі жоғары азамат болып қалыптасуына жағдай жасау.

Leave A Reply

Your email address will not be published.