Таразда «Қарасора-2026» жедел-профилактикалық іс-шарасы жүргізілуде
«Заң мен тәртіп» қағидаты мен «Тараз – қауіпсіз қала» жобасы аясында шаһар аумағында есірткі қылмысының алдын алу, есірткі заттарының заңсыз айналымына тосқауыл қою және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында кешенді жұмыстар жүргізілуде. Осы мақсатта құқық қорғау органдары тарапынан жедел-профилактикалық іс-шаралар тұрақты ұйымдастырылып, заңсыз есірткі айналымына қатысы бар тұлғаларды анықтауға басымдық берілуде.
Атап айтқанда, ағымдағы жылдың 1 шілдесінен бастап қала аумағында «Қарасора-2026» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде. Іс-шараның негізгі мақсаты – есірткі заттарын заңсыз өсіру, сақтау, тасымалдау және өткізу деректерін анықтау, олардың таралу арналарының жолын кесу, сондай-ақ есірткі қылмысына қатысы бар адамдарды заң аясында жауапкершілікке тарту.
Жедел-профилактикалық іс-шараны тиімді ұйымдастыру үшін 8 жедел мобильдік топ құрылған. Олардың жұмысына 24 қызметкер мен қызметтік-іздестіру иттері жұмылдырылды. Жедел топтар қызметтік міндеттерін сапалы орындауы үшін қажетті техникамен, арнайы жабдықтармен және қызметтік автокөліктермен қамтамасыз етілген.
Мобильдік топтар белгіленген бағыттар бойынша жұмыс жүргізіп, есірткі заттарының заңсыз айналымына қатысты құқықбұзушылықтарды анықтау және олардың алдын алу шараларын жүзеге асыруда. Мұндай жұмыстар есірткі қылмысына қарсы күрестің тиімділігін арттыруға, заңсыз әрекеттерді дер кезінде анықтауға және қоғамдық қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған.
Аталған іс-шара басталғалы Тараз қаласының аумағында 12 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылып, олардан жалпы салмағы 11 келі 106 грамм 57 миллиграмм түрлі есірткі заты тәркіленді. Сонымен қатар тағы 5 адам қылмыстық теріс қылықтары мен әкімшілік құқықбұзушылықтары үшін жауапкершілікке тартылып, олардан 11 грамм 4 миллиграмм есірткі заты алынған.
Бұл көрсеткіштер есірткінің заңсыз айналымын анықтау және оның таралуына жол бермеу бағытындағы жұмыстардың жалғасып жатқанын көрсетеді. Есірткі заттарын заңсыз сақтау мен өткізудің жолын кесу, сондай-ақ осы әрекеттерден түсетін заңсыз табыстарға тосқауыл қою құқық қорғау органдары жұмысының маңызды бағыттарының бірі болып қала береді.
Сонымен бірге есірткі қылмысының алдын алуда халықтың құқықтық сауаттылығын арттырудың маңызы зор. Әсіресе жастар мен жасөспірімдер арасында нашақорлықтың зияны, есірткі заттарын тұтынудың денсаулыққа тигізетін кері әсері және заңсыз айналымға қатысудың құқықтық салдары туралы түсіндіру жұмыстарын тұрақты жүргізу қажет. Қоғам болып есірткіге қарсы күреске атсалысу – өскелең ұрпақтың қауіпсіз болашағын қамтамасыз етудің маңызды шарты.
«Қарасора-2026» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады. Негізгі басымдық – есірткі заттарының заңсыз айналымын анықтау, қылмыстық әрекеттердің жолын кесу және қала тұрғындары үшін қауіпсіз орта қалыптастыру.
Есірткі қылмысына қарсы күрес – тек құқық қорғау органдарының ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Осы бағыттағы жүйелі шаралар «Тараз – қауіпсіз қала» жобасының мақсаттарын іске асыруға және қаладағы қоғамдық тәртіпті нығайтуға бағытталған.