Publisher Theme
I’m a gamer, always have been.

Таразда полицейлер ерекше акция өткізді

0 50
Полицейлердің айтуынша, мұндай профилактикалық жобалар жазалау шараларынан бұрын тұрғындардың санасына әсер етуге бағытталған.

«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында Тараз қаласының полиция қызметкерлері жергілікті кәсіпкерлермен бірлесіп, тұрғындардың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған ерекше профилактикалық акция ұйымдастырды.

Бұл жолы тәртіп сақшылары тұрғындарға үндеуді күнделікті қолданыстағы зат арқылы жеткізуді жөн көрді.

Акция барысында қаладағы кофе сататын орындардағы бірреттік кофе стақандарына тазалықты сақтауға, қоршаған ортаға ұқыпты қарауға және қоқысты тек арнайы белгіленген орындарға тастауға шақыратын арнайы стикерлер жапсырылды. Осылайша, әрбір сатып алынған кофе стақаны қала тазалығын насихаттайтын ақпараттық құралға айналды.

Шараның негізгі мақсаты – тұрғындардың назарын қоршаған ортаны қорғау мәселесіне аудару, қоғамдық орындардағы тазалықты сақтаудың маңызын түсіндіру және туған қаланың көркеюі әрбір азаматтың жауапкершілігі екенін жеткізу. Ұйымдастырушылардың айтуынша, тазалық мәдениеті ең алдымен әр адамның күнделікті қарапайым әрекеттерінен басталады.

Бастаманы Тараз қаласындағы бірқатар кофеханалар мен кофе сататын орындардың иелері қолдап, акцияға белсенді қатысты. Олар өнімдеріне арнайы жапсырмалар орналастырып, экологиялық мәдениетті насихаттау ісіне өз үлестерін қосты. Кәсіпкерлердің пікірінше, мұндай әлеуметтік жобалар бизнес пен қоғамның өзара ынтымақтастығын нығайтып қана қоймай, тұрғындарды ортақ іске жұмылдырады.

Полиция қызметкерлері тұрғындармен әңгімелесіп, қоғамдық орындарды таза ұстаудың маңызын түсіндірді. Сондай-ақ қоршаған ортаны ластау – тек эстетикалық мәселе емес, ол экологияға, адамдардың денсаулығына және қаланың жалпы келбетіне кері әсер ететінін атап өтті.

Тәртіп сақшыларының мәліметінше, жыл басынан бері Жамбыл облысында қоғамдық орындарды ластаудың 8 251 фактісі анықталып, құқық бұзушыларға Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес тиісті әкімшілік шаралар қолданылған. Бұл көрсеткіш тұрғындардың экологиялық мәдениетін одан әрі арттыру бағытындағы түсіндіру жұмыстарының маңызын көрсетеді.

Полицейлердің айтуынша, мұндай профилактикалық жобалар жазалау шараларынан бұрын тұрғындардың санасына әсер етуге бағытталған. Өйткені қоршаған ортаны қорғау – тек мемлекеттік органдардың міндеті емес, әрбір азаматтың ортақ борышы. Сондықтан құқық қорғау органдары алдағы уақытта да кәсіпкерлермен, еріктілермен және қоғам белсенділерімен бірлесіп осындай креативті акцияларды жалғастыруды жоспарлап отыр.

«Таза Қазақстан» акциясы аясында өңірде көшелерді, саябақтарды, аулаларды және қоғамдық орындарды абаттандыру, көгалдандыру мен тазалық жұмыстарын насихаттайтын түрлі іс-шаралар тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді. Осындай бастамалар тұрғындардың табиғатқа жанашыр көзқарасын қалыптастырып, туған жерге деген жауапкершілікті арттыруға ықпал етеді.

Тәртіп сақшылары өңір тұрғындарын қоршаған ортаны таза ұстауға, қоқысты арнайы жәшіктерге тастауға, қоғамдық тәртіпті сақтауға және табиғатқа жанашырлықпен қарауға шақырады. Себебі таза қала – әрбір тұрғынның мәдениеті мен жауапкершілігінің айқын көрінісі.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Your email address will not be published.