Онлайн алаяқтықтан келген шығындарды банктер өздері өтеуі тиіс — Ринат Зайытов
Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов онлайн алаяқтық мәселесін көтеріп, Бас прокурор Берік Асыловтың атына сауал жолдады.
— Жаңа кезеңге жылдам бейімделген «жылпос» алаяқтар күн сайын қорғансыз халықтың шотындағы ақшасын ұрлап қана қоймай, мыңдаған адамның атына сырттай несие рәсімдеп, онсыз да зорға жүрген халықты зарлатып жатыр. Өкінішке қарай, жазықсыз жем болған жандардың жағдайын ұғып жатқан Үкімет те, банктер де көрінбейді. Ал көптеген алаяқтық жасау фактісінде не банк, не жергілікті орган өкілдерінің қатысуымен болғаны дәлелденген. Мысалы, Қарағанды қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының қызметкері мүгедектігі бар, зейнеттегі жиыны 90 адамның шотындағы ақшаны жымқырған. Талдықорған, Астана, Алматы қалаларында да банк қызметкерлерінің азаматтардың жеке мәліметіне қол жеткізуге көмектескені жөнінде фактілер анықталған, — деді Ринат Зайытов.
Оның айтуынша, ел көлемінде биылғы қаңтар, ақпан айларының өзінде ғана кибералаяқтықпен банк қызметкерлеріне қатысты Қылмыстық кодекстің 250-бабы (Өкiлеттiктердi терiс пайдалану) бойынша – 15 іс, ал Қылмыстық кодексiнің 254-бабы (Мiндеттерiне адал қарамау) бойынша 17 іс қозғалған.
— Бір түсініксізі — бұл киберқылмыстан қорғауға, азаматтардың шоттарының қауіпсіздігін сақтауға міндетті банктерге ешқандай жауапкершілік жүктелмеген. Осы әділетті ме?! Біз олай ойламаймыз. Ақылға салсақ, алаяққа жем болып, банкке сақтаған ақшасынан айрылып, мойнына жоқ жерден несие жүктеліп, жығылған жандарға жұдырық болып банктер олардың шоттарын да бұғаттайды. Бұл – халыққа жасалған орынсыз қиянат қой. Сәл қысылса мемлекеттен миллиардтап қаржыны алатын, ойына келген пайыздың өлшемін тағайындап, өз қателіктеріне жауап беруден жалтаратын қайырымсыз банктер қашанға дейін тайраңдамақ? Нақақтан нақақ қарызға батқан халықты қорғайтын уақыт келді ғой, — деді депутат.
Осы орайда ол жоғарыда айтылғандардың негізінде мына ұсыныстарын жариялады.
— Екінші деңгейлік банктер кибералаяқтардың қылмыстық іс-әрекеттерінен зардап шеккен азаматтардың банк шоттарын бұғаттан шығаруды және де бұл санаттағы адамдардың шоттарын бұғаттауға тыйым салу шараларын қарастыруы керек. Сонымен қатар шоттарындағы қаржының сақталуына жауапты банктер болғандықтан, кибералаяқтықтан келген зардап пен барлық шығынды банктер өз тарапынан өтеу міндетін жүктеуді ұсынамыз, — деді Ринат Зайытов.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Ұлттық банк 1,5 млрд теңгенің алаяқтыққа тән транзакцияларын бұғаттады.