Кәсіпкерлік көкжиегі кеңеюде

08/08/20201min1150

Бүгінде өз кәсібін ашқысы келетін азаматтарға мемлекет тарапынан лайықты қолдау көрсетілуде. «Істің басы-ниет» дегендей, бұл тұрғыда адамның ынта-ықыласы маңызды рөл атқарады. Сонымен қатар бизнес жоспарды жан-жақты ойластырудың тиімділігі зор. Олай болмаған жағдайда есіл еңбек зая кетеді.

Сарысу ауданындағы Жайылма ауылының тұрғыны Данияр Сейілтай кәсібін бастамас бұрын нарықты зерттеген .ол қазіргі таңда құс етіне сұраныс жоғары болып тұрғанын байқайды. Ол бұл ойын жүзеге асыру үшін Кәсіпкерлер палатасының Сарысу аудандық филиалына жүгініп, кеңес алады. Өткен жылы «Бастау» жобасына қатысып, дәріс алады. Осылайша бизнестің қыр-сырын үйренген кәсіп иесі бес жүз бес мың теңгеге қол жеткізіп,  күрке тауық сатып алады.

—Күрке тауық асырасам ба деген қызығушылығым артты. Тауыққа арналған қораны жасап болып, «Атамекен» қолдау көрсетіп жатыр дегеннен кейін Палата филиалына бардым. Нәтижесі міне, палатаның қолдауымен осындай жағдайға келдім. Күрке тауық алдым. Оларды сатып, жаңадан алып, балапан басқызып дегендей, осы кәсіпті әкем Артық  Тұраров екеуміз жүргізіп жатырмыз, — дейді Данияр Артықұлы.

Даниярдың әкесі Артық аға құс өсіру оңай шаруа емес екенін айтады.

-Кәсіпкерлікті дамыту оңай жұмыс емес.  Ұлым «Бастау» жобасын оқып,  грант жеңіп алып, осы күрке тауық сатып алып, асырап жатырмыз. Оның ішінде құс шаруашылығы үлкен еңбекті қажет етеді.  Уақытпен санаспай, әрдайым тынымсыз еңбек етіп, аудан нарығын жергілікті тауықпен, олардың жұмыртқасымен қамтамасыз етіп отыру басты мақсатымыз.

Бүгінде құс өсіру тәсілдерін жетік меңгеріп қалдық. Құстардың жем-шөбін сатып алып отырмыз.  Бір күркетауықтан 5 келіден 24 келіге дейін ет алуға болады. Емдік қасиеті бар құс етіне де сұраныс жоғары. 70 күрке тауық  бар.  Күзге қарай сатылымға шығарамын. Құс шаруашылығынан бөлек ірі қара және уақ мал өсірумен, егін егумен де айналысып жатырмыз,-дейді Артық Тұраров.

Ерінбей еңбек етіп, жағдайын түзеген ел ағасының  алға қойған мақсаты да айқын. Ауыл сыртынан жайылымдылық жер алып, үй-жай салып жатыр.  Алдағы күндері күрке тауықты көбейтіп, одан бөлек төрт түлік мал асырап, үлкен кәсіп ашсам дейді ол.

 

Пікір қалдыру

Your email address will not be published. Required fields are marked *