Ербол Қарашөкеев: Жасөспірімдер арасындағы қылмыстың алдын алу – басты міндет
Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев өңірде балалар мен жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың жиілеп кетуіне байланысты арнайы кеңес өткізді. Бұл жиынға облыстық прокуратура, полиция департаменті, білім басқармасы, аудан және қала әкімдері, сондай-ақ кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі комиссия мүшелері шақырылды.
Кеңесті ашқан аймақ басшысы жаңа оқу жылы басталғалы бері кәмелетке толмағандар арасында орын алған аса ауыр қылмыстық фактілерге назар аударып, жағдайдың ушығып бара жатқанын атап өтті.
– Жаңа оқу жылы басталғалы бері өңірде кәмелетке толмағандар арасында аса ауыр қылмыстардың жиілеп кетуі – жағдайдың ушығып бара жатқанын көрсетеді. Бұл мәселеге шұғыл әрі нақты шаралар қажет. Бала – біздің болашағымыз! Ертеңіміздің жарқын болуы үшін біз олардың қауіпсіздігі мен тәрбиесіне, алаңсыз білім алуына барынша жағдай жасауға тиіспіз. Әрбір қайғылы оқиға – тек бір отбасының ғана емес, тұтас қоғамның қайғысы. Сондықтан ешкім бұл мәселеге бей-жай қарауға құқылы емес, – деді Ербол Қарашөкеев.
Әкімнің айтуынша, түрлі деңгейдегі лауазымды тұлғалар есеп беріп жатқанда, «жұмыс жүріп жатыр», «ауқымды шаралар атқарылуда» деген құрғақ есептер берумен шектеліп қалған. Алайда соңғы екі апта ішінде өңірде үш бірдей қайғылы жағдай тіркелген. Бұл – қабылданып жатқан шаралардың тиімсіздігін дәлелдейді.
– Сіздерді тыңдасақ, барлық жұмыстар жүріп жатыр дейсіздер. Бірақ нәтиже қайда? Соңғы екі аптада үш қайғылы жағдай орын алды. Демек, сіздердің жұмыс тәсілдеріңіз дұрыс емес. Оқушылардың тәрбиесі жөнінде мектеп, ата-ана, қоғам үштігінің өзара бірлескен жұмыстарын басынан қарау керек. Егер осы үштік бір-біріне иек артпай, әрқайсысы жауапкершілікті өзгеге ысыра беретін болса, мәселе ешқашан шешілмейді. Қазіргі балалардың күн сайын ой-өрісі өзгеріске ұшырап, көзқарасы басқаша қалыптасуда. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыс тәсіліміз де жаңаша сипатта қарқын алу керек деп ойлаймын, – деп әкім мәселенің түйінін ашып көрсетті.
Өңір басшысы осыған дейін бұл бағытта бірнеше нақты тапсырма бергенін, алайда жауапты тұлғалардың қабылдаған шараларынан айтарлықтай нәтиже байқалмай отырғанын қатаң сынға алды. Оның айтуынша, әрбір тапсырманың орындалуы нақты іспен дәлелденуі тиіс, ал қағаз жүзіндегі есеп пен баяндама шынайы жағдайды бүркемелей алмайды.
Кеңес барысында Ербол Қарашөкеев жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу үшін учаскелік полиция қызметінің рөлін күшейтудің маңыздылығына тоқталды. Әрбір ауылдық округтің жеке өз учаскелік полиция инспекторы болуы тиіс екенін алға тартып, бос тұрған штаттарды шұғыл толықтыруды тапсырды. Бұл инспекторлар тек құқық бұзушылыққа жол бермеу үшін ғана емес, балалармен, ата-аналармен және ұстаздармен жүйелі байланыс орнату үшін де жауапты болуы қажет.
Сондай-ақ облыс әкімі орын алған мәселелерге байланысты лауазымды тұлғаларға қатысты тәртіптік сипаттағы шешімдер қабылдады. Атап айтқанда, облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемовке «сөгіс», Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековке, Шу ауданының әкімі Бақытжан Жәнібековке, білім басқармасының басшысы Нұрбек Оршыбековке, әлеуметтік салаға жауапты Тараз қаласы әкімінің орынбасары Ұлана Сламбекова мен Шу ауданы әкімінің орынбасары Найман Сұлтанбаевқа «қатаң сөгіс» түріндегі тәртіптік шара қабылдауды аппаратқа жүктеді. Бұл – өңір басшысының мәселені формалды түрде емес, қатаң бақылауда ұстайтынын және жауапсыздыққа жол бермейтінін көрсетеді.
Сонымен қатар білім басқармасына Тараз қалалық және Шу аудандық білім бөлімдерінің басшыларының және өзге де жауапты тұлғалардың атқарып отырған қызметіне сәйкестігін қарастыру тапсырылды. Бұл талап – саладағы кадрлық жауапкершілікті арттыруға және әрбір басшының жеке нәтижесіне назар аударуға бағытталған.
Жиын соңында облыс әкімі жасөспірімдер арасындағы қылмыстың алдын алу үшін арнайы шұғыл зерделеу тобын құруды міндеттеді. Бұл топ әрбір білім беру мекемесінде кеңейтілген сауалнама жүргізіп, оның нәтижесі бойынша нақты жұмыстарды жедел ұйымдастыруы тиіс. Мұндай зерттеу оқушылардың психологиялық жағдайын, олардың бос уақытын қалай өткізетінін, қандай қиындықтарға тап болып жүргенін анықтауға мүмкіндік береді. Әкімнің сөзінше, мұндай талдау жұмыстары нақты шешім қабылдауға негіз болуы тиіс.
Құрылатын топтың басты мақсаты – өңірдегі барлық мектептің жоғары сынып оқушылары мен колледж студенттерінің құқықтық сауаттылығын арттыру, қылмыстың салдары мен зардабын түсіндіру. Балалардың заңға құрметпен қарауын қалыптастыру үшін құқықтық мәдениетке тәрбиелеу, алдын алу дәрістерін жүйелі өткізу маңызды. Бұл бағыттағы жұмыстарға тәжірибелі педагогтар, психологтар, ювеналды полиция инспекторлары және үкіметтік емес ұйым өкілдері тартылатын болады.
Ең бастысы, бұл топтың жұмысына аудан және қала әкімдері жеке жауап бермек. Әрбір әкім өз өңіріндегі жағдайды жақсы білуі тиіс және жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша нақты іс-шараларды өз бақылауына алуы қажет.
Осылайша, облыс әкімінің бастамасымен қабылданған жаңа шаралар балалар мен жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, олардың тәрбиесі мен дамуына жан-жақты көңіл бөлуге бағытталмақ. Әкім кеңесте атап өткендей, бала – тек отбасының ғана емес, тұтас қоғамның аманаты. Сондықтан олардың өмірі мен болашағына қатысты мәселеде бірде-бір сала, бірде-бір лауазымды тұлға шет қалмауы тиіс.