Бір-бірімізге жанашыр болайық!

Жамбыл облысы зиялы қауым өкілдерінің ҮНДЕУІ

 Қадірлі жерлестер! Құрметті көпшілік қауым!

Әлемді әлекке салған атышулы індет соңғы кездері ел-жұртты қатты алаңдатып, әрі-сәрі қылып қойғаны рас. Салғырт әрекетіміз бен немқұрайлы ниетіміз індетті одан бетер өршіте түсті.

Тіпті, біздің қоғам күні кешеге дейін «Коронавирус бар ма, жоқ па?» деген мәселені талқылап, әлеуметтік желілер арқылы әртүрлі әңгімелердің өрбуіне себеп болғанын да жасыра алмаймыз. Яғни, халық осынау қауіпті инфекцияға сенімсіздікпен қарап, күнделікті тіршіліктің күйбеңімен тәртіп пен тазалықты ұмытып кетіп жатты.

Енді қазіргі жағдай тіптен басқа. Қазір ел ішінде қорқыныш пен үрей басым. Халық өз өмірі мен жақындарының саулығы үшін алаңдайды.

Дегенменде, сан қилы заманды бастан кешірген халқымыз қандай қиындық болса да өзінің елдігін жоғалтқан емес. Еліміз бұл күнге берекелі бірлігімен, тиянақты тірлігімен, елден ерек әсем көркімен жетті. Ендеше осынау барымыз бен нарымызды, қазынамызды, берекемізді бір жұтта жоғалтып алмауымыз керек.

Сондықтан, Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдап жатқан шешімдеріне толық қосылып, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаратын аса жауапты кезеңге келдік. Яғни, қауіпті індеттің ендігі тізгіні тұр­ғын­дардың өз қолында. Төтенше жағдай режімі аяқталса да карантиндік шараларды сақтау, осыған дейінгі тәртіп пен талапты сол күйінде тас қып ұстау өте маңызды. Жұрт той-томалақты, жиын-бас қосуларды шектей тұрып, ұлт саулығын бірінші орынға қоюы қажет. Әрине, індетті ауыздықтауда би­лік пен бұқара бір үйдің бала­сын­дай, бір қолдың саласындай әрекет етпесе, бұл істен оң нәтиже шығару қиын. Сон­дықтан дәл осы кезде халық мемлекетке қолдау көрсетуі керек.

Әлемді мейірім құтқарады. Қауіпті індет ел-жұрттың есін екеу, түсін төртеу қылып отырған кезде қайырымды жандар көмек қолын созып, қаржы жинап, емдеу орындарына қажетті құралдар әперіп, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуде. Осындай алмағайып сәтте мем­ле­кет те батыл шешімдер қабылдап, халық­тың әлеуметтік жағдайын кө­теруге байланысты нақты қа­дамдар жасауда. Бұл елдің елдің рухын көтерді, сенімін оятты.

Енді міне, жер-жерден қауіпті індеттің беті қайтты деген қуанышты хабарлар жетіп жатыр. Осынау аурудан жазылған­дардың саны да сәт сайын өзгеріп, ем қонған­дардың қатары күн санап кө­беюде.

Ендеше осынау сынақтан сүрінбей өту үшін рухымыз асқақ, бірлігіміз бекем, еңсеміз биік болуы тиіс. Бізге ауызбіршілік қажет.

Лайым, Алла тағалам ел-жұртымызға әрдайым қорған, пана бола берсін.

 

Жаңабайұлы Баттал – ардагер журналист, ҚР еңбек сіңірген қайраткері.

Жошыбаев Сейітхан – медицина ғылымдарының докторы, академик.

Әмзеұлы Әлібек – ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, мәдениет қайраткері.

Жолшыбеков Әмзебек – мемлекет және қоғам қайраткері, экс-сенатор.

Ескендіров Мұқаш – Қазақстанның Еңбек Ері.

Ахметова Күләш – ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты.

Сарыбеков Махметқали – педагогика ғылымдарының докторы, профессор.

Дәутайұлы Несіпбек – жазушы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты.

Ордабеков Сағындық – медицина ғылымдарының докторы, профессор.

Әлімжан Елен –жазушы — драматург.

Егембердиева Бәтес – Қазақстанның еңбек сіңірген педагогы.

Төлепберген Мейрамбек – журналист, ҚР еңбек сіңірген қайраткері.

Берік Масат – облыстық мәслихаттың депутаты, қоғам қайраткері

Төлендиев Қасымхан – қоғам қайраткері, Жамбыл облысының Құрметті азаматы.

Сәттібайұлы Көсемәлі – жазушы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты.

Желдібаев Әбдімомын – күйші, ҚР еңбек сіңірген қайраткері.

Абдуалы Асқар – тарих ғылымдарының докторы, профессор.

Саурықов Ерболат – педагогика ғылымдарының докторы, профессор.

Рахымжанқызы Мәкен – Қазақстанның Халық әртісі.

Пікір қалдыру

Your email address will not be published. Required fields are marked *