Шәймерден Айбек: «Сіздердің сенімдеріңіз – менің жауапкершілігім»

«Respublica» партиясынан №13 сайлау округі бойынша мәслихат депутаттығына кандидат Шәймерден Айбек Талғатұлы сайлауалды бағдарламасын таныстырды. Кандидаттың негізгі мақсаты – қала инфрақұрылымын жақсарту, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру және әлеуметтік маңызы бар мәселелердің шешілуіне ықпал ету.
Кәсіби тәжірибе және еңбек жолы
Шәймерден Айбек Талғатұлы 1991 жылы 28 қаңтарда Шымкент қаласында дүниеге келген. 2012 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін «География және туризм» мамандығы бойынша тәмамдаған.
Еңбек жолын 2014 жылы Алматы қаласы Медеу ауданының ішкі істер басқармасы тергеу бөлімінің тергеушісі болып бастаған. 2014–2016 жылдары осы қызметті атқарған.
2017 жылдан бастап кәсіпкерлікпен айналысады. Қазіргі уақытта Жамбыл облысы Шу ауданындағы «Айбек» ЖШС-нің басшысы. Отбасылы, төрт баланың әкесі.
Қаланы абаттандыру және инфрақұрылымды дамыту
Кандидаттың сайлауалды бағдарламасындағы негізгі бағыттардың бірі – қала тұрғындары үшін қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыру.
Осы мақсатта алдағы бес жылда бірқатар маңызды мәселені шешуге ықпал ету көзделген.
Атап айтқанда:
- Бекбосынов көшесі бойындағы көппәтерлі тұрғын үйлерді жаңғыртуға қажетті қаражат бөлінуіне ықпал ету;
- Көпқабатты үйлерге кіреберіс жолдарды жөндеу және аулаларды абаттандыру жұмыстарының сапасын бақылау;
- Балалар ойын алаңшасын салуға қаражат бөлінуіне атсалысу;
- Көше жарықтандыру жүйесін орнатуға қажетті қаржы бөлінуіне қол жеткізу;
- Түйебеков көшесіне жаяу жүргіншілер жолын салуға ықпал ету;
- Теміржолшылар саябағын жаңғырту және абаттандыру жұмыстарын қолдау;
- «Локомотив» стадионын жаңғыртуға қаражат бөлінуіне ықпал етіп, құрылыс-жөндеу жұмыстарының сапасы мен уақытылы орындалуын бақылау;
- Абай атындағы мектепке жапсарлас құрылыс салу және А. Байтұрсынов атындағы гимназияның жаңа ғимаратын тұрғызу мәселесін көтеру.
Әлеуметтік қолдау және жастар саясаты
Бағдарламада тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсарту мен жастардың қоғамдық белсенділігін арттыруға да ерекше көңіл бөлінген.
Атап айтқанда, жастардың азаматтық жауапкершілігін қалыптастыру мақсатында ерікті және қоғамдық бастамаларды қолдау, спорттық жарыстар мен мерекелік іс-шараларды тұрақты өткізу, жастарға арналған қолайлы демалыс орындарын ашуға ықпал ету жоспарланған.
Сонымен қатар әлеуметтік көмекке мұқтаж отбасылар мен қарттардың жағдайын назарда ұстау, қоқыс шығару жүйесін ретке келтіру, елді мекендердің тазалығы мен көркеюіне атсалысу міндеттері қамтылған.
Тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыру да кандидаттың басым бағыттарының бірі. Осы мақсатта халықпен кездесулер өткізіп, құқықтық мәселелер бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізу көзделген.
Халық сенімі – үлкен жауапкершілік
Шәймерден Айбек Талғатұлының сайлауалды бағдарламасы тұрғындардың күнделікті өміріне тікелей әсер ететін мәселелерді шешуге, қаланың инфрақұрылымын дамытуға және әлеуметтік қолдау шараларын жетілдіруге бағытталған.
«Көтерілген әрбір мәселе назардан тыс қалмайды. Сіздердің сенімдеріңіз – менің жауапкершілігім», – деген ұстанымды алға тартқан кандидат тұрғындармен ашық байланыс орнатып, олардың өтініштері мен ұсыныстарына назар аударуды басты міндет санайды.