Сейдішұлы Еркебұлан: «Жаңатастың болашағы – бүгінгі нақты қадамдарымызға байланысты»

«Respublica» партиясынан №5 бірмандатты аумақтық сайлау округі бойынша Сарысу аудандық мәслихатының депутаттығына кандидат Сейдішұлы Еркебұлан сайлауалды бағдарламасын таныстырды.
Кандидаттың бағдарламасы Жаңатас қаласының әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға, кәсіпкерлікті дамытуға, білім беру мен денсаулық сақтау сапасын жақсартуға және қалалық инфрақұрылымды жаңғыртуға бағытталған.
Кәсіпкерлік тәжірибе және қоғамдық қызмет
Сейдішұлы Еркебұлан 1986 жылы 1 ақпанда Сарысу ауданының Жаңатас қаласында дүниеге келген. Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетін «Мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандығы бойынша тәмамдаған.
2015–2022 жылдары «Асыл Тұз» зауытында кеңесші қызметін атқарған. Қазіргі уақытта «Сейдіқаппар» шаруа қожалығының төрағасы, техника тасымалдау бағытының құрылтайшысы және «Карьер Қазына Тас» компаниясының акционері.
Ауыл шаруашылығы, техника тасымалдау, логистика және кәсіпкерлік салаларында тәжірибесі бар. Сонымен қатар қоғамдық жұмыстарға белсенді араласып, қайырымдылық шараларын ұйымдастыру және әлеуметтік тұрғыдан осал азаматтар мен көмекке мұқтаж отбасыларды қолдау бағытында жұмыс жүргізіп келеді. 2020 жылы «Жомарт жүрек» марапатына ие болған.
Сайлауалды бағдарламаның негізгі бағыттары
Еркебұлан Сейдішұлының бағдарламасында Жаңатас қаласының дамуына ықпал ететін бірнеше басым бағыт белгіленген.
Бірінші кезекте – жұмыспен қамту және кәсіпкерлікті дамыту. Шағын және орта бизнесті қолдау, жаңа жұмыс орындарын ашу, жергілікті кәсіпкерлердің мемлекеттік қолдау мен жеңілдетілген қаржыландыру бағдарламаларына қолжетімділігін арттыру көзделген. Сондай-ақ жастар мен жұмыссыз азаматтарды сұранысқа ие мамандықтарға оқытуға, әйелдер және әлеуметтік кәсіпкерлікті дамытуға басымдық беріледі.
Білім беру мен денсаулық сақтау саласында әлеуметтік нысандардың материалдық-техникалық жағдайын жақсарту, жас педагогтер мен медицина мамандарын өңірге тарту, жастардың сапалы білім алуына және кәсіби дамуына қолдау көрсету ұсынылған. Бұған қоса, жасанды интеллект, робототехника, бағдарламалау және цифрлық сауаттылық бағыттарында білім алу мүмкіндіктерін кеңейту көзделеді.
Инфрақұрылым, экология және қауіпсіздік
Бағдарламада тұрғындарды ауызсумен, жылумен және электр энергиясымен қамтамасыз ету мәселелеріне де ерекше назар аударылған. Аулаларды абаттандыру, балалар мен спорт алаңдарын дамыту, коммуналдық қызметтердің сапасы мен ашықтығын арттыру жөніндегі бастамалар қамтылған.
Көлік және жол инфрақұрылымы бағытында қоғамдық көлік маршруттарын тұрғындардың қажеттілігіне сәйкес оңтайландыру, жолдарды жөндеу, жаяу жүргіншілер өткелдері мен аялдамаларды жаңарту ұсынылады.
Экологиялық бағытта «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасын қолдау, ағаш отырғызу, қалдықтарды жинау және сұрыптау мәдениетін қалыптастыру, саябақтар мен қоғамдық орындарды абаттандыру жұмыстарына атсалысу жоспарланған.
Сонымен қатар қала көшелерін жарықтандыру, мектеп маңындағы жол қауіпсіздігін арттыру және мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін кедергісіз орта қалыптастыру мәселелері де назардан тыс қалмаған.
Жаңатас – заманауи технологиялар қаласы
Кандидат бағдарламасындағы маңызды бағыттардың бірі – қаланың инвестициялық әлеуетін арттыру және цифрлық технологияларды дамыту.
Атап айтқанда, жергілікті кәсіпкерлер мен инвесторлар үшін қолайлы іскерлік орта қалыптастыру, отандық өндірісті қолдау, шағын өндіріс орындарын дамыту және адал бәсекелестік қағидаттарын нығайту көзделген.
Сондай-ақ Жаңатасты жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды тиімді пайдаланатын заманауи моноқала ретінде дамыту ұсынылады. Осы мақсатта жастарға арналған цифрлық дағдыларды дамыту орталығын немесе технологиялық білім беру алаңын қалыптастыруға ықпал ету міндеті белгіленген.
Халықпен ашық байланыс – жауапты қызметтің негізі
Сейдішұлы Еркебұлан жергілікті органдардың ашықтығы мен жауапкершілігін арттыруды да маңызды санайды. Оның бағдарламасында бюджет қаражатының жұмсалуы мен әлеуметтік жобалардың орындалуы туралы ақпараттың қолжетімді болуы, тұрғындармен тұрақты кездесулер өткізу және азаматтардың өтініштері мен ұсыныстарын тиісті органдарға жеткізу мәселелері қамтылған.
«Жаңатастың дамуына әрқайсымыздың үлесіміз бар. Бірлесіп әрекет етсек, қаламыздың әлеуетін толық ашып, оны жаңа мүмкіндіктер мен заманауи технологиялар қаласына айналдыра аламыз», – деген ұстанымды алға тартады кандидат.
Оның айтуынша, халықтың сенімі – үлкен жауапкершілік. Алдағы уақытта тұрғындармен бірге жұмыс істеп, өзекті мәселелерді көтеру және олардың шешілуіне депутаттық өкілеттік аясында ықпал ету негізгі міндеттердің бірі болмақ.