Publisher Theme
I’m a gamer, always have been.

Шу ауданында құны 1 трлн теңгені құрайтын 33 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда

0 266
Жамбыл облысының Шу ауданында қытайлық Shengtai Biotech Co компаниясы жүзеге асырып жатқан жүгеріні терең өңдеу зауыты өңірдегі ең ірі инвестициялық жобалардың біріне айналып келеді. Қазіргі таңда кәсіпорынның құрылысы қарқынды жүргізіліп, жобаға шамамен 80 млрд теңге көлемінде инвестиция тартылған.

Бұл туралы Шу ауданының әкімі Бақытжан Жәнібеков өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.

Аудан әкімінің айтуынша, бүгінде Шу ауданында инвестициялық белсенділік айтарлықтай артып, әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері тұрақты өсім көрсетіп отыр. Биылғы жылдың алғашқы төрт айының қорытындысы бойынша өнеркәсіп саласында өндірілген өнім көлемі 31,8 млрд теңгеге жетіп, нақты көлем индексі 119,3 пайызды құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда едәуір жоғары көрсеткіш. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 7 млрд теңгені құрап, нақты көлем индексі 100,9 пайызға жеткен.

Өңір экономикасының басты драйверлерінің бірі – инвестиция көлемінің еселеп артуы. Төрт айдың ішінде ауданға тартылған инвестиция көлемі 108,3 млрд теңгені құрап, нақты көлем индексі 361,1 пайызға жеткен. Сондай-ақ құрылыс жұмыстарының көлемі 6,4 млрд теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда айтарлықтай өсім көрсеткен. Тұрғын үй құрылысы мен сауда айналымында да оң көрсеткіштер сақталып отыр. Биылғы төрт айда пайдалануға 8937 шаршы метр тұрғын үй берілсе, сауда айналымының көлемі 8,9 млрд теңгеге жетті.

Бақытжан Жәнібековтің айтуынша, мұндай нәтижелерге ірі инвестициялық жобалардың жүзеге асырылуы ықпал етіп отыр.

– «Бүгінгі таңда ауданда жалпы құны 1 триллион теңгені құрайтын 33 инвестициялық жоба бойынша жұмыстар жүргізілуде. Оның 28-і «Jibek joly» арнайы экономикалық аймағында орналасқан. Қазіргі уақытта жалпы құны 65,9 млрд теңгені құрайтын 10 жоба іске асырылды. Ал 918 млрд теңгені құрайтын 11 жобада құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар 29,5 млрд теңгенің 12 жобасы жобалау сатысында тұр. Барлық жобалар толық іске қосылған кезде ауданымызда 5 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылады», – деді аудан әкімі.

Бүгінде бұрынғы «ХимПарк» атауымен белгілі болған «Jibek joly» арнайы экономикалық аймағы өңірдің өндірістік әлеуетін арттыратын негізгі алаңдардың біріне айналған. Қазіргі таңда арнайы экономикалық аймақта жалпы құны 969,8 млрд теңгені құрайтын 28 қатысушы тіркелген. Оның ішінде сегіз жобаның құрылысы белсенді жүргізілуде.

Аталған жобалардың ішінде ең ірісі әрі стратегиялық маңызы жоғарысы – Қытайдың Shengtai Biotech Co компаниясы жүзеге асырып жатқан жүгеріні терең өңдеу зауыты. Аудан басшысы бұл жобаның тек Шу ауданы үшін емес, бүкіл Жамбыл облысының өнеркәсіптік дамуына серпін беретінін ерекше атап өтті.

– «Shengtai Biotech Co компаниясының жүгеріні терең өңдеу зауыты – ауданымыздағы ең маңызды инвестициялық жобалардың бірі. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары белгіленген кестеге сай қарқынды жүргізілуде. Бүгінгі күнге дейін жобаға шамамен 80 млрд теңге инвестиция тартылды. Алғашқы өндірістік желілерді тестілік режимде іске қосу осы жылдың шілде айына жоспарланған», – деді Бақытжан Жәнібеков.

Әкімнің айтуынша, кәсіпорын бірнеше кезең бойынша іске қосылады. Толық өндірістік қуатына 2031 жылы шығып, жылына 5 миллион тоннаға дейін ауыл шаруашылығы өнімін өңдеуге қауқарлы болады. Сонымен қатар зауытта 1500 тұрақты жұмыс орны ашылады. Бұл көрсеткіш кәсіпорынды Орталық Азиядағы жүгеріні терең өңдеу бағытындағы ең ірі өндіріс орындарының біріне айналдыруға мүмкіндік береді.

Жобаның тағы бір маңызды ерекшелігі – оның ауыл шаруашылығы саласына тікелей әсері. Зауыттың негізгі шикізаты жүгері болғандықтан, жергілікті диқандар үшін өнім өткізудің тұрақты нарығы қалыптасады. Бұл өз кезегінде жүгері алқаптарының көлемін ұлғайтып, шаруалардың табысын арттыруға және аграрлық секторға жаңа инвестиция тартуға жол ашады.

– «Бұл жоба өнеркәсіп өндірісін дамыту ғана емес, ауыл шаруашылығының әлеуетін арттыру үшін де маңызды. Жергілікті шаруалар өз өнімдерін тұрақты өткізу мүмкіндігіне ие болады. Сонымен бірге логистика, жүк тасымалы, қоймалау, құрылыс, техникалық қызмет көрсету, қоғамдық тамақтану және сервистік қызмет көрсету салаларында жаңа кәсіпкерлік бағыттары қалыптасады. Мұның барлығы аудан экономикасының тұрақты дамуына оң әсер етеді», – деді аудан әкімі.

Жалпы, Шу ауданында жүзеге асырылып жатқан ірі инвестициялық жобалар өңірдің өндірістік әлеуетін күшейтіп қана қоймай, экспорт көлемін арттыруға, жаңа технологияларды енгізуге және халықты тұрақты жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді. Әсіресе қытайлық инвестор жүзеге асырып жатқан жүгеріні терең өңдеу зауыты аудан экономикасының жаңа даму кезеңіне жол ашатын маңызды өндіріс орындарының бірі ретінде бағалануда.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Your email address will not be published.