Publisher Theme
I’m a gamer, always have been.

ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫНДА ФАТФ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ СТАНДАРТТАРЫ БОЙЫНША АҚПАРАТТЫҚ-ТҮСІНДІРУ СЕМИНАРЫ ӨТТІ

0 45

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Азаматтық қоғам істері комитетінің тапсырмасымен Жамбыл политехникалық жоғары колледжінде «Адал азамат – белсенді қоғам» азаматтық қоғамды дамыту орталығының қызметін ұйымдастыру» жобасы аясында үкіметтік емес ұйымдардың өкілдеріне арналған ФАТФ халықаралық стандарттары бойынша ақпараттық-түсіндіру семинары ұйымдастырылды.

Іс-шараның негізгі мақсаты – үкіметтік емес ұйымдардың қаржылық сауаттылығын арттыру, қаржылық қызметтің ашықтығын қамтамасыз ету, ақшаны жылыстатуға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл саласындағы халықаралық стандарттар мен Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасының талаптарын түсіндіру.

Семинардың лекторы ретінде «Жамбыл облысы Азаматтық Альянсы» ЗТБ басқарма төрағасы Исламбек Дастанұлы жүргізіп, ФАТФ-тың (Ақшаны жылыстатуға қарсы күрестің қаржылық шараларын әзірлеу тобы) қызметі, оның 40 ұсынымының негізгі бағыттары және үкіметтік емес ұйымдардың қызметіне қатысты 8-ұсынымның ерекшеліктері жөнінде жан-жақты ақпарат берді.

Оқыту барысында үкіметтік емес ұйымдардың қаржылық операцияларына байланысты тәуекелдерді бағалау, шетелдік қаржыландыру көздерімен жұмыс жүргізу, қайырымдылық қаражаттарын тарту және олардың мақсатты жұмсалуын қамтамасыз ету, бенефициарлық меншік иелері туралы мәліметтерді ұсыну, сондай-ақ банктер тарапынан қаржылық операцияларға қатысты құжаттарды сұрату тәртібі кеңінен қарастырылды.

Сонымен қатар, қатысушыларға халықаралық стандарттар мен ұлттық заңнама талаптарының өзара айырмашылықтары түсіндіріліп, үкіметтік емес ұйымдардың күнделікті қызметінде кездесетін практикалық жағдайлар талқыланды. Қаржылық есептіліктің ашықтығын сақтау, заңнамалық талаптарды дұрыс қолдану және ықтимал тәуекелдердің алдын алу мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Аталған семинарға, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Жамбыл облыстық филиалының, Жамбыл облысы әкімдігінің ақпарат және қоғамдық даму басқармасының, Тараз қаласы бойынша мемлекеттік кірістер органдарының мамандары, сондай-ақ өңірдегі белсенді үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері атсалысты.

Семинар барысында қатысушылар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, қаржылық қызметті ұйымдастыру мен заңнамалық талаптарды орындауға қатысты пікір алмасты.

Іс-шара қорытындысында үкіметтік емес ұйымдардың қаржылық-құқықтық сауаттылығын арттырудың, халықаралық стандарттарды дұрыс түсінудің және мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам институттары арасындағы өзара ынтымақтастықты нығайтудың маңыздылығы атап өтілді.

Мұндай ақпараттық-түсіндіру іс-шаралары азаматтық қоғам институттарының институционалдық әлеуетін арттыруға, үкіметтік емес ұйымдар қызметінің ашықтығы мен жауапкершілігін күшейтуге және олардың тұрақты дамуына ықпал етеді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.