Publisher Theme
I’m a gamer, always have been.

Қордайдың келбеті жаңаруда: Агросектор мен әлеуметтік саладағы бетбұрыс

0 39
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Инвестиция тарту саясатына басқаша көзқараспен қарауымыз керек» деген сөзі – бүгінгі уақыт талабынан туындап отырған қажеттілік екендігін айтпасқа болмайды. Өйткені біздегі қаражаттың көбі тек шикізат саласына бағытталып келгендігі белгілі. Ал бүгінгі күннің уақыт талабы – өңдеу өнеркәсібіне, жоғары технологияларға, шағын және орта бизнеске көбірек қаржы тартуды алдыға шығарып отыр.

Соңғы жылдары Қордай ауданына көптеп инвестиция тартылып, жаңа өндіріс орындары ашылып, аймақ халқының әл-ауқаты артып, өңірдің инфрақұрылымы жаңарып келеді.

Осы үрдістің аудан экономикасының дамуына тың серпін беріп жатқанын ешкім жоққа шығара алмайды. Бұған Мемлекет басшысының биылғы Жолдауында Үкіметке инвестиция тарту жүйесін түбегейлі жаңғырту жөнінде нақты тапсырма беруі соған мүдделі қордайлықтар үшін де маңызды болғандығы анық.

Жалпы инвестицияның өңдеу саласына келуі қосымша жұмыс орындарын ашуға әрі жергілікті кәсіпкерлердің жаңа мүмкіндіктерге қол жеткізулеріне серпін беретіндігі шүбәсіз. Қордай ауданының ауыл шаруашылық өнімдерін өндіруде және оны өңдеуде әлеуеті жоғары өңір ретінде инвесторлар үшін тиімді болып табылатындығы анық. Сондықтан инвестиция тарту жүйесінің жеңілдеуі, қағазбастылықтың азаюы – аудандағы кәсіпкерлер үшін үлкен қолдау болмақшы.

Агрохабтарға айрықша басымдық беріледі

Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған Жолдауында қазіргі таңда ең өзекті міндеттің бірі – ауыл шаруашылығы және логистика орталықтарын дамыту жайына айрықша назар аударылды.

«Министрлік мал шаруашылығы саласындағы агробизнесті қолдау жоспарын әзірлеп, нақты қаржыландыру шараларын бастауы керек. Басты мақсат – ішкі нарықты етпен толық қамтамасыз ету. Сонымен қатар осы саланың экспорттық әлеуетін күшейту. Елдегі азық-түлік нарығының импортқа тәуелділігін барынша азайту – Үкіметтің стратегиялық міндеті. Әрине, өзімізді өзіміз 100 пайыз қамтамасыз етуіміз мүмкін емес, бәлкім, оның қажеті де жоқ шығар. Бірақ нарықтағы қазіргі жағдайды айтудың өзі ұят. Бұған қоса, дәстүрлі ұлттық өнімдерімізді сыртқы нарыққа белсенді түрде таныту керек. Сондықтан аграрлық экспорттың нақты жоспарын әзірлеу қажет. Онда логистика, ветеринарлық және фитосанитарлық стандарттар мен ұтымды маркетинг стратегиясы ескерілуге тиіс. Бұл – Ауыл шаруашылығы министрлігінің ғана емес, бірқатар мемлекеттік органның ортақ міндеті. Сондықтан іс әрекеттерді Үкімет басшылығы деңгейінде үйлестіріп отыру керек», – деген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев, «Үкімет Еуразия аумағындағы сауда-саттықтың әділ жағдайда жасалуын нақты дәлелмен талап етуге міндетті. Ал депутаттар заңнамалық бастамалар арқылы отандық өнім өндірушілердің құқықтарын қорғауға тиіс», – деді.

Ауыл шаруашылығы және логистика орталықтарын дамытқан кезімізде жұмысшы мамандықтарына деген құрметтің арта түсетінін айтқан Президентіміз оны былайша айқындап көрсетті: «Елімізге кәсіби даярлығы жоғары, білікті жұмысшылар өте қажет, бұл – анық нәрсе. Сондықтан мен 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жарияладым.

Қазір елімізде мыңдаған жұмыс орны бос тұр. Түрлі салада, тіпті, жалақысы едәуір жоғары жұмыс орындары бар. Бұл орындарды шетелден келіп жатқан адамдар толтыруда. Жыл сайын мыңдаған инженер, құрылысшы және ауыл шаруашылығы маманы оқуын бітіріп шығады. Оларға білім беру үшін мемлекет қомақты қаражат бөліп жатыр.

Алайда көбі мамандығы бойынша жұмыс істемейді. Олар арнайы білімді қажет етпейтін, тез табыс әкелетін жұмыстарды таңдайды.

Әрине, жұмыстың жаманы жоқ, адал еңбектің бәрі – маңызды. Бірақ бұл үрдіс жеке адамға да, бүкіл елге де үлкен пайда әкелмейді. Азаматтардың өндіріске барғаны абзал. Экономиканың нақты саласында жұмыс істеуге ұмтылғаны жөн. Осыған мемлекет қажетті жағдай жасауы керек. Жұмысшы мамандықтарына деген құрметті арттыра түсуіміз керек. Оларға лайықты жалақы төлеу қажет. Бұл – мемлекетіміздің алдында тұрған негізгі міндеттің бірі. Қазіргі көкірегі ояу жас ұрпақ отаншылдық деген сөзді басқаша қабылдайды. Жастардың басым көпшілігі әсіредіншілдікті, әсіреұлтшылдықты қолдамайды. Олар үшін патриотизмнің басты көрсеткіші – жасампаздық пен жаңашылдық», – деді Мемлекет басшысы

Тауарлы несиенің тартымдылығы

Қазақстан халқына Жолдауында Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев тауарлық несие құралын енгізуді қарастыруды тапсырды. Тауарлы несие – аграрлық салаға қолдау көрсету мен ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға бағытталған пилоттық жоба болып табылады.

Аталған бағдарламаны жүзеге асыру мақсатында Қордай ауданында тауарлық несие беру рәсімі өткізілді. Оған «Өтеул» шаруа қожалығы қатысты. Қожалық өз иелігінен Сұлутөр ауылының екі тұрғыны Сақитқан Қабденге – 200 бас аналық қой, ал Мәулен Саулебаевқа – 100 бас аналық қой несиеге берді. Мұндай бастаманың қолға алынуы – аграрлық секторды қолдаудың нақты практикалық қадамы жасалғанын көрсетеді. Жоба алдағы уақытта неғұрлым кеңейтілсе, соғұрлым оның ауылдық тұрғындардың әл ауқатын арттыруға ықпалы күшейе түспекші.

«Бұл көмек отбасы бюджетін айтарлықтай жеңілдетіп, мал шаруашылығын дамытуға нақты мүмкіндіктер ашады деген ойдамын. Қойларды күтіп-бағу, жем-шөппен қамтамасыз ету, ветеринарлық қызметтерді дер кезінде алу сияқты іс-шараларды жоспарлап, сапалы күтімге ерекше назар аударатын боламын. Сонымен қатар қойлардан алынатын төлдер мен өнімдер айналымын арттыра отырып, ауылдағы экономикалық тұрақтылыққа өз үлесімізді қосамыз деген ниет бар», – дейді тауарлық несие алушы Сақитқан Қабден.

Мал шаруашылығымен айналысатын қожалықтың мақсаты айқын – ауыл тұрғындарының әл-ауқатын көтере отырып, мал шаруашылығын дамыту және ішкі нарықтағы тұрақтылықты қамтамасыз ету. Мемлекетіміздің де көздеп отырғаны осы. Агроөнеркәсіп секторын тұрақтандыру, өндіріске қажетті ресурстарды аймақтағы тұрғындарға жақын жерде қамтамасыз ету – басымдыққа ие бетбұрыстар. Түптеп келгенде тауарлық несие механизмі өндірушілерге қысқа мерзім ішінде шаруашылықты жаңғыртуға мүмкіндік берсе, ал ауыл тұрғындарына табыс табу мүмкіншілігін кеңейтеді. Айта кетейік, тауарлық несие алған азаматтардың қарызды өтеуі үшін айтарлықтай жеңілдік қарастырылған. Мәселен, бірінші жылы төлем мәселесі бойынша демалыс жарияланса, одан кейін жыл сайын төлдің 50 пайызы негізінде өтем төлеуге міндеттеледі. Осылайша, бес жылда несие борышын өтейді.

Шөбі шүйгін, суы мол

Қазақта ешқашан сұраныстан түспейтін бір кәсіптің түрі бар болатын болса, ол – қой бағу кәсібі. «Мал өсірсең қой өсір, пайдасы оның көл-көсір» деген де тәмсіл осы сөзімізге дәлел бола алады.

Кәсіптің бұл түрі егемендіктің алғашқы жылдары жүргізілген жаппай жекешелендіру науқаны кезінде кенжелеп, тұралап қалғандығы рас. Тек бертінгі уақытта қайтадан жанданып, өрісі кеңейе бастады. Біз сөз етіп отырған Қордай ауданы Шопан атаның төлі саналатын қойды мыңғыртып өсіруге өте қолайлы аудан саналады. Шөбі шүйгін, суы мол. Содан болар, мұнда мал бағудың барлық тәсілі сақталып қалған. Сондай көне кәсіптің көрігін қыздырып отырған шаруаның бірі Керу елді мекеніндегі «Бесқайнар» шаруа қожалығы десек, қателеспейміз.

Атаулы қожалықтың жетекшісі Сәрсен Шүйіншалиев бала күнінен мал бағып өскен малсақ жанның бірі. Қойшы болудан қорсынбайтын ол бүгінде малсақтылығынан еш жаманшылық көріп отырған жоқ. Қайта йналасына үлгі болып, төл кәсібімізді төрге оздыруда. Оның бүгінгі шаруа иелігінде 40 бас сиыр және 600 бас асылтұқымды «Еділбай» қойы бағылуда.

«Шаруа қожалыққа тиесілі егістік жерлеріміз де бар. Орақ кезінде ол жерлерді орып, малдың қыстық азығын дайындаймыз. Биыл қолдағы малды аман-есен төлдетіп, санын арттырдық. Мал өсіру оңай шаруа емес. Бұл маңдай терді талап ететін кәсіп. Ала жаздай малдың жайымен жайлауда жүрсең, ал қыста қорадағы қарбалас тірліктің барлығы қажырлы еңбек пен төзімділікті талап етеді», – дейді Сәрсен Бекболатұлы.

Қой шаруашылығының қайта жаңғыруы Қордай ауданының әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығын нығайтатындығы шүбәсіз. Жоғарыда көрсетілген жалғыз мысалдың өзі осыған айғақ бола алатындай.

Ауылдық округтердегі ахуал тұрақты

Қарасу ауылдық округінің әкімі Жанияз Әлханның айтуынша, аталған ауылдық округтің құрамына Қарасу және Өтеген ауылдары кіреді. Мұнда 5872 адам тұрады, олардың қатарында 13 ұлттың өкілдері бар. Ауылдық округте 4 мектеп, 2 балабақша, спорт мектебі, амбулатория, фельдшерлік пункт, Мәдениет үйі, ауылдық клуб, сондай ақ дүкендер, дәріханалар және шағын бизнес нысандары жұмыс істейді.

«Кәсіпкерлікті дамыту» ұлттық жобасы аясында 35 тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылды. Әлеуметтік осал санаттағы үш отбасы жалпы сомасы 1,6 миллион теңгеге атаулы әлеуметтік көмек алды. Сонымен қатар онкологиялық және туберкулезбен ауыратын науқастарды емдеуге, газ желісіне қосылудағы көмекке және тыл ардагерлеріне қолдау көрсетуге қаражат бөлінді. Ауыл тұрғындарының бастамасымен 2 миллион теңгеге жуық көлемде қайырымдылық көмек көрсетілді. Округтегі мектептерде 782 бала ыстық тамақпен қамтамасыз етілсе, оның 128-і әлеуметтік осал топтағы отбасылардан шыққан. Қарасу ауылында 300 орындық жаңа мектептің құрылысы жүргізілді. Денсаулық сақтау саласында екі медициналық мекеме жұмыс істейді. Есепті кезеңде округте 52 сәби дүниеге келді. «Жасыл белдеу» бағдарламасы аясында 750-ден астам ағаш отырғызылып, санитарлық тазалау мен абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Көшелерге жарық шамдары орнатылып, бейберекет қоқыс орындары жойылды. Сонымен қатар қызметтік автокөлік сатып алынды, су құбырлары мен жарықтандыру желілерінің күтімі жүргізілді, стадион мен саябақты жөндеуге арналған жобалық-сметалық құжаттар әзірленді. 2025 жылға ауылдық округ бюджетінің кіріс бөлігі 106 миллион теңге болып бекітілген. Бүгінгі күнге дейін 33,6 миллион теңге немесе 31,6 пайыз көлемінде кіріс түсті. Ал шығыс бөлігі 99 пайызға игерілді, – дейді ауылдық округ әкімі.

Алғашқы реанимобиль табысталды

Реанимобиль дегеніміз – алдыңғы қатарлы өкпені жасанды желдету аппараты, электрокардиограф BTL 08, пациент мониторлары, электрлік сорғыш құрылғы, портативті компрессионды небулайзер (ингалятор), кислород баллоны, жарақатқа арналған арнайы жинақтар, фельдшерлік алғашқы көмек чемоданы, тасымалдауға арналған иммобилизациялық шиналар жинағы, перфузор, сондай-ақ шұғыл көмекке қажетті өзге де жиынтықтары бар құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген, медициналық көмек көрсетуге қарастырылған Mercedes-Benz маркалы B класындағы жедел медициналық жәрдем көлігі.

Осындай арнайы медициналық көлік Жамбыл облысы бойынша алғаш рет Қордай аудандық орталық ауруханасына берілді. Осыған орай ұйымдастырылған іс-шарада аудан әкімі Бегзат Болатбеков Қордай аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері Айдын Байбековке заманауи реанимобильдің кілтін салтанатты түрде табыстады.

Жаңа көлік кез келген төтенше жағдайда, әсіресе жүрек-қан тамырлары аурулары мен ауыр жарақат алған науқастарға дер кезінде көмек көрсетуге мүмкіндік береді.

«Қордай ауданы үлкен аймақ, халық саны да жеткілікті. Жаңа реанимобиль тұрғындарымыздың өмірін сақтап қалуда аса қажетті құрал болады», – деді аудан әкімі өз сөзінде.

Жаңа реанимобильдің іске қосылуы Қордай ауданындағы медициналық қызмет сапасын жақсартуға, тұрғындарға көрсетілетін жедел жәрдемнің уақытылы әрі тиімді болатындығына септеседі дегіміз келеді.

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Your email address will not be published.