Жүректі елжіреткен оқиға: «Маскадағы жігіт» қатерлі ісікпен күресіп жүрген Гүлжанға баспана сыйлады
Қиын жағдайға тап болған 20 жастағы Гүлжанға «Маскадағы жігіт» қол ұшын созды.
Гүлжан қатерлі ісіктің үшінші сатысымен күресіп жүр. Оның анасы бірінші топтағы мүгедек, арбаға таңылған әрі көзі көрмейді. Әкесі ол дүниеге келмей тұрып қайтыс болған. Ал анасының інісі де арбаға таңылған және есту қабілеті жоқ.
«Маған «злокачественная саркома мягких тканей, 3-ші саты» деген диагноз қойылды. Қолым жансызданып қалғандықтан, Үндістанда ем қабылдағым келеді.
Үй жағдайымыз қиын болғандықтан, бес жасымнан бастап жұмыс істедім. Күн сайын дұға жасап, әрекет етіп жүрміз. Бірінші отадан кейін осындай ауыр диагноз қойылды. Химия терапиясын да алдым, бірақ оны үйдегілерге айтпадым. Өйткені менсіз оларға қарайтын жан болмай қала ма деп қорықтым», – дейді бойжеткен.
Оның хикаясын естіген «Маскадағы жігіт» бейжай қарамай, қыздың еміне қаржат берді. Сондай-ақ Гүлжанның кәсібін бастауына қолдау білдіріп, анасы екеуіне жаңа баспана сыйлады.