«Жеңіс» саябағында көңіл айту орны ашылды

Халық жазушысы, көрнекті қоғам қайраткері Шерхан Мұртазаның қазасы қалың елдің қабырғасын қайыстырды. Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов марқұмның отбасы мен туыстарына көңіл айту жеделхатын жолдады. Бұқаралық ақпарат құралдарында қаламгердің өнегелі өмір, ұлт мұраты жолындағы ұшан-теңіз еңбегі туралы естеліктер жариялануда. Ал, Тараз қаласындағы Б.Момышұлы атындағы «Жеңіс» саябағында көңіл айту орны ашылды. Бұл туралы Жамбыл облысы әкімдігі ішкі саясат басқармасының басшысы Берік Уәли өзінің фейсбуктегі парақшасында жазды.

«Құрметті жамбылдықтар!

Алаштың арда азаматы, қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, ұлтымыздың аяулы перзенті, қоғам қайраткері, Қазақстанның халық жазушысы, Жамбыл облысының тумасы Шерхан Мұртазаның қазасына қайғырып, бақилық болған халық сүйіктісін құрметпен еске алғысы келген жамбылдық тұрғындар үшін Тараз қаласындағы Б.Момышұлы атындағы «Жеңіс» саябағында көңіл айту орны ашылды. Онда әйгілі жазушының портреті қойылып, гүл шоқтарын қоям деушілер үшін арнайы орын əзірленген.

Естеріңізге сала кетейік, халық жазушысы, қоғам қайраткері Шерхан Мұратазаны ақтық сапарға шығарып салу рәсімі 11 қазан күні Алматы қаласында өтеді. Ал, Тараз қаласының тұрғындары мен қонақтары 11 қазан күні таңғы сағат 10.00-ден бастап «Жеңіс» саябағындағы көңіл айту орнына барып, гүл шоқтарын қоя алады» деп жазды Берік Уәли.