Publisher Theme
I’m a gamer, always have been.

Жамбыл облысында ерекше балаларды қолдау жүйесін жетілдіру – уақыт талабы

0 14

Жамбыл облысында ана мен бала денсаулығын қорғау, ерекше қажеттіліктері бар балаларға сапалы медициналық, психологиялық, педагогикалық және әлеуметтік қолдау көрсету мәселесі күн тәртібінен түскен емес. Өңірде бұл бағытта жүйелі жұмыстар жүргізілгенімен, бүгінгі таңда медицина, білім беру, әлеуметтік қорғау салалары мен қоғамдық институттардың күш-жігерін біріктіруді талап ететін өзекті мәселелер әлі де жеткілікті. Ерекше қажеттілігі бар балаларды қоғамға бейімдеу тек денсаулық сақтау ұйымдарының ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндетіне айналуы тиіс.

Бүгінде медицина, психология, педагогика, сондай-ақ әлеуметтік сала мен қоғамдық институттардың бірлескен күш-жігерін талап ететін әлеуметтік маңызды тақырып ерекше өзектілікке ие. Біз емханадағы жұмысымызда күн сайын мүмкіндігі шектеулі балалар мен олардың отбасылары кездесетін түрлі қиындықтарға куә боламыз. Олар тек білікті медициналық көмекті ғана емес, сонымен қатар қоғамда толыққанды өмір сүруге мүмкіндік беретін жан-жақты қолдауды қажет етеді.

Адам үшін ең қымбат байлық – денсаулық. Ұлт саулығы ең алдымен ананың денсаулығымен тікелей байланысты. Себебі дені сау анадан ғана дені сау ұрпақ дүниеге келеді. Өкінішке қарай, бүгінгі күні бала туу жасындағы көптеген қыз-келіншектердің өз денсаулығына жеткілікті көңіл бөлмеуі, жүктілікке дейін және жүктілік кезінде түрлі ауруларды дер кезінде емдетпеуі құрсақтағы сәбидің денсаулығына айтарлықтай қауіп төндіреді.

Ана бойындағы түрлі инфекциялық немесе созылмалы аурулар нәрестеге берілуі мүмкін. Бұл өз кезегінде шарананың мерзімінен бұрын дүниеге келуіне, дене салмағының төмен болуына немесе жүйке жүйесінің дамуына кері әсер етеді. Кейін мұндай балалардың денсаулығында әртүрлі даму ерекшеліктері байқалып, ұзақ мерзімді оңалту жұмыстарын қажет етеді.

Қазіргі медицинада құрсақтағы нәрестенің денсаулығын ерте анықтауға мүмкіндік беретін заманауи диагностикалық әдістер жеткілікті. Скринингтік зерттеулер мен генетикалық тексерулер арқылы көптеген патологияларды алдын ала анықтауға болады. Алайда кейбір жағдайларда түрлі діни немесе жеке көзқарастарға байланысты жүктілікті тоқтатудан бас тарту жағдайлары кездеседі. «Алла берді, өмірге әкелемін» деген ұстаным кейбір отбасылар үшін маңызды болғанымен, мұндай шешім қабылданар алдында дәрігерлердің жан-жақты кеңесін ескерген жөн.

Әрине, ерекше немесе мүгедектігі бар баланың дүниеге келуіне тек осы себеп әсер етеді деу дұрыс емес. Қазіргі цифрлық технологиялардың шамадан тыс қолданылуы, қоршаған ортаның ластануы, дұрыс тамақтанбау, созылмалы күйзеліс, экологиялық ахуал, электронды темекі шегу, алкоголь мен түрлі зиянды қоспаларды пайдалану, дәрігердің кеңесінсіз дәрі қабылдау сияқты факторлар да ана мен баланың денсаулығына кері ықпал етеді.

Қазақ халқы ежелден ананың денсаулығына ерекше мән берген. «Ақылды әйелдің ішінде алтын бесікті ұл жатыр» деген нақылдың астарында болашақ ұрпақтың саулығына деген жауапкершілік жатыр. Сондықтан әрбір қыз бала өз денсаулығын жастайынан күтіп, ана болуға саналы түрде дайындалуы қажет.

Егер ерекше қажеттілігі бар сәби дүниеге келсе, ең бастысы – оның даму ерекшелігін мүмкіндігінше ерте анықтау. Мұндай жағдайда медициналық тексерулер толық жүргізіліп, уақытылы ПМПК қорытындысы алынып, баланы ерте жастан коррекциялық және оңалту орталықтарына бағыттау маңызды. Себебі ерте басталған түзету жұмыстары көптеген жағдайда жақсы нәтиже береді.

Әлеуметтену – ерекше баланың өміріндегі ең маңызды бағыттардың бірі. Бала тек үй жағдайында емес, қоғам арасында өмір сүруді, құрдастарымен араласуды, өз ойын жеткізуді үйренуі тиіс. Сондықтан инклюзивті білім беру жүйесін жетілдіру – уақыт талабы.

Жамбыл облысында да бұл бағытта жұмыстар жүргізілуде. Дегенмен, қазіргі таңда дәрігерлер, психологтар, педагогтар және әлеуметтік қызметкерлер арасындағы өзара іс-қимылды күшейту қажет. Барлық мамандардың бірлескен жұмысы ғана баланың оңалту процесінің тиімділігін арттыра алады.

Осыған байланысты бірыңғай цифрлық ақпараттық жүйені енгізудің маңызы зор. Баланың электронды медициналық картасына дәрігерлердің, психологтардың, педагогтардың және әлеуметтік қызметкерлердің ортақ қолжетімділігі қамтамасыз етілсе, оңалту шаралары әлдеқайда жүйелі жүргізілер еді. Бұл уақытты үнемдеп қана қоймай, мамандар арасындағы ақпарат алмасуды да жеңілдетеді.

Тағы бір маңызды мәселе – ата-аналарды тұрақты түрде оқыту. Ерекше баланы тәрбиелеу үлкен жауапкершілік пен арнайы білімді қажет етеді. Сондықтан ата-аналарға арналған семинарлар, тренингтер, психологиялық қолдау қызметтері тұрақты ұйымдастырылуы тиіс.

Өкінішке қарай, қазақ тілінде ерекше балаларды тәрбиелеу мен дамытуға арналған сапалы әдістемелік құралдар, ғылыми кітаптар мен оқу материалдары әлі де жеткіліксіз. Мұндай еңбектердің жарық көруі ата-аналарға ғана емес, педагогтар мен мамандардың кәсіби біліктілігін арттыруға да үлкен септігін тигізер еді.

Мектептерде ерекше білім беру қажеттілігі бар балалар санына қарай логопед, дефектолог, психолог және ассистент-педагогтардың санын көбейту де өзекті мәселе. Сондай-ақ үйден оқыту мәселесіне ерекше жауапкершілікпен қарау қажет. Себебі үйден оқыту баланың әлеуметтенуіне кері әсер етуі мүмкін. Сондықтан мұндай шешім қабылданар алдында баланың жағдайы жан-жақты зерделеніп, барлық мүмкіндік қарастырылғаны жөн.

Ерекше балалардың қоғамнан шет қалмауы – мемлекеттің ғана емес, әрбір азаматтың ортақ міндеті. Ана мен бала денсаулығын сақтау, ерте диагностика, сапалы оңалту, қолжетімді инклюзивті орта қалыптастыру және ата-аналарды жан-жақты қолдау арқылы ғана біз дені сау, білімді әрі бақытты ұрпақ тәрбиелей аламыз. Жамбыл облысында бұл бағыттағы жұмыстарды одан әрі жетілдіру – қоғам алдындағы маңызды міндеттердің бірі.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Your email address will not be published.