Publisher Theme
I’m a gamer, always have been.

Жамбыл облысында даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлына ескерткіш тақта орнатылды

0 211
Сәуірдің 25-і күні Бас прокурор Берік Асылов Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлының туған жері – Жамбыл облысындағы Жуалы ауылында аудандық прокуратура ғимаратының жанынан ескерткіш тақта ашты.

Шара Бауыржан Момышұлының 115 жылдығы мен Ұлы Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында ұйымдастырылып отыр.

Бұл туралы еліміздің Бас прокуроры Х әлеуметтік желісінде жазды.

«Бүгін Жамбыл облысының Жуалы ауылында, Ұлы Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында және Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлының туғанына 115 жыл толуына орай, батырдың туған жерінде — аудан прокуратурасы ғимаратының алдында ескерткіш тақтаны ашу мәртебесіне ие болдым», – деп жазды Бас прокурор.

Сонымен қатар, прокуратура ғимаратында Бауыржан Момышұлының өмір жолын және майдандағы ерліктерін қамтитын естелік бұрышы ашылды. Бұл – жай ғана тағзым емес, бұл – ерлік, ар-намыс пен патриотизмнің символы.

Батырдың «Тәртіпке бас иген құл болмайды, тәртіпсіз ел болмайды» деген сөзі — Отанға қызмет етіп жүрген әрбір жан үшін мәңгілік бағдаршам.

Айта кету керек, өткен ғасырдың 30-жылдары Бауыржан Момышұлы Жуалы ауданының прокуроры болып қызмет атқарған.

Сол күні Жамбыл облысы прокуратурасының Тараз қаласындағы ғимаратының алдында Ұлы Отан соғысына қатысқан батырларымызға арналған тағы бір ескерткіш тақта ашылды.

Онда Бауыржан Момышұлы мен соғыстың ең қиын жылдарында құқықтық тәртіпті қалыптастыруға үлес қосқан басқа да прокурорлардың есімдері жазылған.

Олардың қайсарлығы мен қызметке адалдығы – бүгінгі ұрпақ үшін үлгі.

«Біз батырлардың рухына тағзым етумен ғана шектелмей, олардың қорғап қалған құқықтық негізді нығайта беруіміз керек. Олардың өмір жолы – мемлекетке қызмет етудің, халық алдындағы жауапкершіліктің және антына адалдықтың үлгісі. Ерекше алғысымызды жазушы, қоғам қайраткері әрі Бауыржан Момышұлының келіні — Зейнеп Ахметоваға білдіреміз», – деп ойын жеткізді Асылов.

Батыр мұрасын сақтау жолындағы еңбегі, оның кітаптары мен тағылымды сөздері жас ұрпақты тәрбиелеуде және тарихи жадымызды сақтауда маңызды рөл атқарады.

Мемлекет басшысы айтқандай, Ұлы Жеңістің 80 жылдығы — достастық елдерінің барлығын біріктіретін, бостандық пен әділеттілік идеяларының салтанатын бейнелейтін маңызды оқиға. Біз әрқашан әкелеріміз бен аналарымыздың, соғыстағы ардагерлер мен тыл еңбеккерлерінің тарихта теңдесі жоқ ерлігін есте ұстауымыз керек, — деп қадап айтты ҚР Бас прокуроры.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Your email address will not be published.