Publisher Theme
I’m a gamer, always have been.

Жамбыл облысында биыл 665,4 мың гектар алқапқа ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылады

0 14

Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте көктемгі егіс науқанына дайындық мәселесі қаралды.

Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Әбдірәсіл Желеубаевтың айтуынша, 2026 жылы егіс көлемі өткен жылмен салыстырғанда 25,5 мың гектарға ұлғайып, 665,4 мың гектарды құрайды.

Өңірдегі 71 каналға жөндеу жұмыстарының жүргізілуіне байланысты су көп қажет ететін көкөніс-бақша дақылдарының алқабы қысқартылады.

Биыл қайта өңдеу кәсіпорындарын шикізатпен қамтамасыз етуге басымдық беріледі. Осыған орай дәндік жүгері алқабы 11,8 мың гектарға ұлғайып, 30 мың гектарға жетеді. Нәтижесінде өнім көлемі 109 мың тоннадан 210 мың тоннаға дейін артады деп күтілуде.

Қант қызылшасының егіс көлемі 1,9 мың гектарға көбейіп, 8,5 мың гектарды құрайды. Соның нәтижесінде 450 мың тонна өнім жинау жоспарланып отыр.

Көктемгі жұмыстарға қажетті 59,6 мың тонна тұқым толық дайындалды.

Егіс және жинау науқандарына 27,4 мың тонна дизель отыны қажет. Оның 15,9 мың тоннасы көктемгі жұмыстарға бөлініп, бүгінгі таңда 5,5 мың тонна жеткізілді, 3,2 мың тоннасы шаруашылықтарға таратылды.

Минералды тыңайтқыштарды енгізу көлемі 109,7 мың тоннаны құрайды.

Дала жұмыстарына 10,7 мыңға жуық техника жұмылдырылады. Биыл паркті жаңарту үшін 476 бірлік техника сатып алу жоспарланған. Қазіргі таңда 62 бірлік жеткізілді.

«Кең дала» және «Кең дала-2» бағдарламалары аясында 7 млрд теңге бөлінген. Бүгінде 195 шаруашылыққа 5,8 млрд теңге жеңілдетілген (5%) несие берілді.

– Қазіргі таңда 151,2 мың гектарда жер жыртылды. Дақыл себуге 280,4 мың гектар дайындалып, 224,5 мың гектарға жаздық дақылдар егілді, – деді Әбдірәсіл Желеубаев.

Өткен жылы су үнемдеу технологиялары 11 мың гектарға енгізіліп, жалпы көлемі 66,5 мың гектарға жетті (2024 жылы – 55,4 мың гектар). Биыл бұл көрсеткішті 76,6 мың гектарға дейін ұлғайту жоспарлануда.

Ербол Қарашөкеев көктемгі дала жұмыстарына дайындық пен оны өткізу барысын тұрақты бақылауда ұстап отырғанын атап өтті.

Кеңес қорытындысында бірқатар нақты міндет жүктелді. Атап айтқанда, көктемгі дала жұмыстарына қажетті тұқым, тыңайтқыш және жанар-жағармайдың шаруаларға уақытылы жеткізілуін жіті назарға алу тапсырылды. Сонымен бірге дақылдарды қолайлы агротехникалық мерзімде орналастыруды қамтамасыз ету, техника паркін жаңарту жоспарының толық әрі уақтылы орындалуын қадағалау қажеттігі белгіленді.

Сондай-ақ ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алуға ниетті шаруалар мен қаржы институттары арасында өзара байланыс орнату, су үнемдеу технологиялары енгізілген алқаптардың көлемін ұлғайту бойынша нақты шаралар қабылдау міндеті қойылды. Бұдан бөлек, минералды тыңайтқыштарды сатып алу және оларды енгізу жоспарының толық орындалуын ұйымдастыру тапсырылды.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Your email address will not be published.