Ана саулығы мен бала тәрбиесі – ұлт болашағының берік негізі
Ана мен бала денсаулығын сақтау – денсаулық сақтау саласындағы ең маңызды әрі басым бағыттардың бірі. Өйткені дені сау анадан ғана саналы, тәрбиелі, ұлт болашағына қызмет ететін ұрпақ өсіп шығады. Сондықтан бүгінде елімізде аналардың денсаулығын қорғаумен қатар, олардың бала тәрбиесіндегі рөліне де айрықша мән берілуде. Себебі отбасыдағы тәрбие – қоғамның тірегі, ал сол тәрбиенің алтын қазығы – ана.
Қазіргі таңда өңірімізде ана мен бала денсаулығын нығайту бағытында жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Медициналық мекемелер заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіліп, жүкті әйелдерге сапалы әрі қауіпсіз қызмет көрсету жолға қойылған. Соның ішінде облыстық перинаталдық орталықтың атқарып отырған қызметі ерекше. Орталық аналар мен нәрестелерге сапалы медициналық көмек көрсетіп қана қоймай, олардың психологиялық жай-күйіне, отбасылық қолдауға және болашақ бала тәрбиесіне де көңіл бөліп келеді.
Перинаталдық орталықтың қабылдау бөлімі – ана мен бала өміріндегі ең жауапты сәттердің бастау алатын орны. Мұнда жүкті әйелдерге, босануға дайындалып жүрген аналарға және босанғаннан кейінгі кезеңдегі әйелдерге тәулік бойы медициналық көмек көрсетіледі. Әрбір ана дәрігерлердің жіті бақылауынан өтіп, оның денсаулығы мен болашақ сәбиінің жағдайы мұқият қадағаланады. Мамандар әр ананың жағдайына үлкен жауапкершілікпен қарап, қажетті ем-шараларды дер кезінде жүргізеді.
Бөлімде медициналық қызмет триаж жүйесі арқылы ұйымдастырылған. Бұл жүйе арқылы жүкті әйелдердің жағдайы сараланып, оларға шұғыл әрі тиімді көмек көрсету мүмкіндігі артады. Әсіресе ана мен бала өміріне қауіп төнген сәттерде уақытылы қабылданған шешім көптеген қиындықтың алдын алады. Сондықтан қабылдау бөліміндегі әрбір маманның кәсібилігі мен шапшаңдығы аса маңызды.
Бүгінде бөлімде тәулік бойы 28 қызметкер еңбек етеді. Оның ішінде акушер мамандар, санитарлар мен дәрігерлер бар. Ақ халатты абзал жандар күндіз-түні аналардың амандығы үшін аянбай еңбек етіп келеді. Олар тек медициналық көмек көрсетумен шектелмей, аналарға психологиялық қолдау білдіріп, сенім сыйлауға да ерекше көңіл бөледі. Өйткені жүкті әйелдің көңіл күйі мен жан тыныштығы құрсағындағы баланың дамуына тікелей әсер етеді.
Бөлім меңгерушісі, жоғары санатты дәрігер Салтанат Хасенованың айтуынша, әрбір анаға жанашырлықпен қарау – дәрігерлердің басты міндеті.
– Ана денсаулығы – ұлт денсаулығы. Сондықтан біз тек медициналық қызмет көрсетіп қана қоймай, аналардың өзін сенімді әрі жайлы сезінуіне де жағдай жасаймыз. Болашақ ананың көңіл күйі жақсы болса, бұл оның сәбиіне де оң әсер етеді. Сонымен қатар жас аналарға бала күтімі мен тәрбиесіне қатысты да кеңестер береміз, – дейді дәрігер.
Расында да, сәби дүниеге келетін сәт – әр отбасы үшін үлкен жауапкершілік. Дәл осы кезеңде ананың сабырлылығы, рухани дайындығы мен психологиялық тұрақтылығы маңызды рөл атқарады. Ана құрсағындағы сәби ең алдымен ананың мейірімін, жан жылуын сезінеді. Сондықтан бала тәрбиесі дүниеге келмей тұрып-ақ басталады деуге болады.
Қазақ халқы ежелден ананың тәрбиесіне ерекше мән берген. «Ана көрген тон пішер» деген сөз бекер айтылмаған. Бала ең алдымен ананың сөзіне, іс-әрекетіне қарап бой түзейді. Оның мінезі, дүниетанымы, адамгершілік қасиеттері отбасындағы тәрбие арқылы қалыптасады. Сол себепті бүгінгі қоғамда ананың рөлін тек бала дүниеге әкелуші ретінде емес, ұлт тәрбиелеуші тұлға ретінде қарастыру аса маңызды.
Қазіргі уақытта дәрігерлер арасында ерте босану, салмағы төмен нәрестелердің дүниеге келуі, түрлі инфекциялық аурулар мен иммунитет әлсіздігі жиі кездесетіні айтылуда. Мамандар мұның негізгі себептері ретінде уақытылы медициналық бақылаудан өтпеу, дұрыс тамақтанбау, күйзеліс, созылмалы аурулар мен ананың психологиялық шаршауын атайды. Бұл мәселелердің барлығы болашақ баланың денсаулығына ғана емес, оның толыққанды дамуына да әсер етеді.
Сондықтан дәрігерлер аналарды жүктілік кезеңінде денсаулыққа мұқият қарауға шақырады. Дұрыс тамақтану, уақытылы демалу, дәрумендер қабылдау, медициналық бақылаудан өту – дені сау ұрпақ қалыптастырудың негізгі кепілі. Сонымен қатар отбасындағы тыныштық пен сыйластық та ана мен бала денсаулығына оң ықпал етеді. Берекелі отбасыда өскен бала да мейірімді, тәрбиелі әрі рухани бай болып қалыптасады.
Бүгінде қоғамда бала тәрбиесіне байланысты мәселелер жиі көтеріледі. Жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылық, интернетке тәуелділік, қатыгездік пен рухани әлсіздік көбіне отбасындағы тәрбиенің жеткіліксіздігінен туындайды. Ал мұндай жағдайда ананың рөлі ерекше. Себебі балаға алғашқы мейірім мен адамгершілік қасиетті сіңіретін – ана. Оның әр сөзі, әр әрекеті бала санасында сақталып қалады.
Сондықтан мемлекет тарапынан ана мен баланы қорғау саясаты тек денсаулық сақтау саласымен шектелмеуі тиіс. Бұл бағытта отбасылық құндылықтарды нығайту, аналардың әлеуметтік жағдайын жақсарту, психологиялық қолдау көрсету, жас аналарды тәрбиелік бағытта оқыту жұмыстары қатар жүруі қажет. Себебі тәрбиелі ұрпақ – мемлекеттің ең үлкен байлығы.
Облыстық перинаталдық орталықта еңбек етіп жүрген мамандардың жанкешті еңбегі – ана мен бала өмірін сақтаудағы маңызды қызметтің бірі. Олар күн сайын қаншама ананың аман-есен босануына, дүниеге дені сау сәбидің келуіне себепші болып отыр. Бұл – үлкен жауапкершілік пен адам өміріне деген жанашырлықтың көрінісі.
Ана саулығы мен бала тәрбиесі – бір-бірімен тығыз байланысты ұғымдар. Дені сау, білімді, рухани мықты ана ғана тәрбиелі ұрпақ өсіре алады. Сондықтан қоғам болып анаға құрмет көрсетіп, оның денсаулығы мен әлеуметтік жағдайына мән беру – болашаққа жасалған маңызды қадам. Себебі ұлттың ертеңі – бүгінгі ананың тәрбиесінде жатыр.