Жамбыл облысында әйелдер көшбасшылығы мен гендерлік саясат қарқынды дамып келеді
Қазіргі таңда Жамбыл облысында әйелдердің қоғамдағы рөлі айтарлықтай артып, олардың саяси, әлеуметтік және экономикалық белсенділігі жаңа деңгейге көтеріліп келеді. Өңірде гендерлік саясатты дамытуға бағытталған жүйелі жұмыстар жүргізіліп, әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейтуге баса назар аударылуда. Бүгінде қыз-келіншектер тек отбасының ұйытқысы ғана емес, сонымен қатар қоғамның қозғаушы күші, кәсіпкер, басшы, депутат, ұстаз, дәрігер және түрлі саланың көшбасшысы ретінде танылып отыр. Әсіресе әйелдердің кәсіпкерлікке, қоғамдық жұмыстарға және мемлекеттік басқару жүйесіне белсенді араласуы өңір дамуына оң ықпал етуде.
Экономикамызға қомақты үлес қосып жүрген әйел кәсіпкерлер біздің өңірде өте көп. Олар қай істі қолға алса да түрлендіріп, дамыта түседі. Сегіз қырлы, бір сырлы арулар қай қырынан алсаң да мықты.
Мемлекет тарапынан әйелдердің бастамаларын қолдауға ерекше көңіл бөлінуде. Әсіресе гендерлік теңдікті қамтамасыз ету, әйелдердің көшбасшылық қабілеттерін дамыту және оларды шешім қабылдау деңгейіне тарту бағытындағы жұмыстар қарқынды жүзеге асырылып келеді. Осы бағыттағы маңызды бастамалардың бірі – Amanat партиясы облыстық филиалының ұйымдастыруымен М.Х.Дулати атындағы Тараз университеті базасында өткен «Айша бибі» әйелдер көшбасшылық мектебінің ашылу салтанаты болды.
Аталған жоба партияның «Айша бибі» өңірлік бастамасы аясында жүзеге асырылып, әйелдердің басқарушылық қабілеттерін дамытуға, көшбасшылық дағдыларын жетілдіруге және оларды шешім қабылдау деңгейіне тартуға бағытталды. Сонымен қатар бастама жергілікті және өңірлік деңгейде бәсекеге қабілетті әйел кадрлар пулын қалыптастыруға, қоғамдағы гендерлік теңгерімді нығайтуға ықпал етті. Бұл мектеп – әйелдердің жаңа білім алып, өз мүмкіндігін кеңейтуіне жол ашатын маңызды алаңдардың бірі.
Іс-шараға партия жанындағы Әйелдер қанатының мүшелері, «Әйел аманаты» жобасы аясында іріктелген 100-ге жуық қатысушы, облыстық және қалалық мәслихат депутаттары, жоғары оқу орнының профессор-оқытушылар құрамы, қоғам қайраткерлері мен белсенді жастар қатысты. Шара барысында «Айша бибі» әйелдер көшбасшылық мектебінің арнайы оқыту бағдарламасы таныстырылып, жоба аясында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Бұл құжат алдағы уақытта әйелдердің кәсіби және тұлғалық дамуына бағытталған бірлескен жұмыстарды күшейтуге мүмкіндік береді.
Жалпы қазіргі таңда қоғамда әйелдердің көшбасшылық қабілеттеріне деген сұраныс артып келеді. Өйткені әйел – тек отбасының берекесін келтіруші ғана емес, ел дамуына үлес қоса алатын қуатты тұлға. Қазақ қоғамында әйел заты әрқашан даналықтың, сабырлықтың және мейірімнің символы болған. Бүгінде сол қасиеттер біліммен, кәсіби біліктілікпен және батыл шешім қабылдай алу қабілетімен ұштасып отыр.
Жобаға қатысушылардың бірі Қарлығаш Исақова өзінің әсерімен бөлісіп, бұл бастама әйелдер үшін үлкен мүмкіндік екенін атап өтті.
– Бүгін осы сахнада тұрып ерекше толқып тұрмын. Себебі бұл мен үшін жаңа бір бастаманың, жаңа бір мүмкіндіктің есігі. Мен – Байзақ ауданы, Бәйтерек ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманымын. Осы салада 15 жылдан астам уақыт қызмет етіп келемін. Ең бастысы, мен көпбалалы анамын. Күнделікті өмірде біз, әйелдер, бірнеше рөлді қатар алып жүреміз: қызметкерміз, анамыз, жармыз, келінбіз. Кейде бәріне үлгеру қиын сияқты көрінеді. Бірақ дәл осы жауапкершілік бізді шыңдайды, бізді мықты етеді. Халық «Қыз – қонақ, әйел – ұйытқы» дейді. Біздің аналарымыз тек отбасын ғана емес, тұтас елдің бірлігін сақтаған. Бүгінгі күні сол аманатты жалғастыру – біздің міндетіміз. Бірақ заман өзгерді. Қазіргі әйел тек мейірімді ғана емес, білімді, батыл, шешім қабылдай алатын тұлға болуы керек. Сондықтан бұл – мен үшін жаңа білім, жаңа орта, жаңа сенім. Бұл жерде мен өзімді жаңа қырымнан танысам деймін. Өз қабілетімді дамытып, тәжірибемді арттырғым келеді, – дейді ол.
Бағдарламада көшбасшылықтың теориялық негіздері, жеке даму, коммуникация, шешім қабылдау, командамен жұмыс істеу, қоғамдық белсенділік және гендерлік саясат бағыттары қамтылды. Қатысушылар түрлі тренингтерге қатысып, практикалық тапсырмалар орындады. Мұндай сабақтар әйелдердің өзіне деген сенімін арттырып, жаңа идеяларды жүзеге асыруға жігер береді.
Жамбыл облысында гендерлік саясаттың дамуы әйелдердің мемлекеттік қызметке, қоғамдық кеңестерге және саяси құрылымдарға белсенді араласуына да жол ашуда. Бүгінде өңірде әйел депутаттар мен мемлекеттік қызметкерлердің қатары көбейіп келеді. Сонымен қатар қыз-келіншектер жастар саясаты, әлеуметтік жобалар, қайырымдылық бастамалар және кәсіпкерлік салаларында белсенділік танытуда.
Сарапшылардың айтуынша, әйелдердің қоғамдық өмірге араласуы қоғамдағы тұрақтылық пен дамуға оң әсер етеді. Өйткені әйелдер мәселеге жауапкершілікпен қарап, әлеуметтік бағыттағы бастамаларды жүзеге асыруда ерекше белсенділік танытады. Сондықтан мемлекет тарапынан әйелдердің құқықтарын қорғау, кәсіби өсуіне жағдай жасау және көшбасшылық қабілеттерін дамыту бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғаса береді.
«Айша бибі» көшбасшылық мектебі де осы мақсаттағы маңызды жобалардың біріне айналып отыр. Бұл бастама әйелдердің әлеуетін арттыруға, олардың қоғамдық-саяси өмірге белсенді қатысуына және жаңа буын көшбасшыларын қалыптастыруға мүмкіндік береді. Мұндай жобалар арқылы өңірдегі талантты, білімді және бастамашыл әйелдердің қатары көбейіп, гендерлік саясаттың дамуына жаңа серпін берілері анық.
Бүгінде Жамбыл облысында әйелдердің қоғамдағы орны айқындалып, олардың бастамалары мемлекет тарапынан қолдау табуда. Бұл – өңірдегі гендерлік теңдіктің нығайып, әйелдердің мүмкіндігі кеңейіп келе жатқандығының нақты көрінісі. Әйелдер көшбасшылығының дамуы – ел болашағының жарқын кепілі.