Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты кезекті Жолдауында әлемдегі 30 дамыған мемлекеттің қатарына қосылу бағытында атқарылуы тиіс ауқымды міндеттерге айрықша тоқталғаны белгілі.

Осы орайда Мемлекет басшысы адами капиталды дамытудың маңыздылығын түсіндіріп, қазақстандықтардың болашағы – қазақ, орыс және ағылшын тілдерін еркін меңгерумен байланысты екендігін атап көрсетті. Сонымен қатар  терминология мәселесі төңірегінде де пайымды пікірімен бөлісті.

«Егер біз қазақ тілі ғұмырлы болсын десек, оны жөнсіз терминологиямен қиындатпай, қазіргі заманға лайықтауымыз қажет.

Алайда, соңғы жылдары әлемде қалыптасқан 7 мың термин қазақ тіліне аударылған. Мұндай «жаңалықтар» кейде күлкіңді келтіреді.

Мысалы,«ғаламтор» (Интернет), «қолтырауын» (крокодил),

«күйсандық» (фортепиано) және тағы сол сияқтылар толып жатыр. Осындай аудармаларды негіздеу тәсілдерін қайта қарастырып, терминология тұрғысынан қазақ тілін халықаралық деңгейге жақындату керек» деп нақты міндеттер жүктеді Ұлт көшбасшысы.

Расында да, әлем халықтарына ә дегеннен түсінікті терминдердің қазіргі қазақша баламасы мазмұнын да, мағынасын да жоғалтқаны жасырын емес. Төрткүл дүниеге ортақ терминдердің өз тіліміздегі баламасы өзімізге түсініксіз болғанда, өзгеге қалай оңай болмақ? Осылайша тіліміз оқшаулана берсе, маңызды мақсаттарымыздың құр қиялға айналмасына кім кепіл? Міне, Мемлекет басшысы жаппай жаңғыру арқылы кемел келешекке көш түзеп келе жатқан Ұла Дала еліне тілімізді қадірлеу арқылы, алдағы абыройымызды асқақтатудың анық бағдарын ұсынды. Аталған мәселе бойынша біз облыстағы білікті мамандардың ой-пікірін білген едік.

–Егемендіктің ширек ғасыры артта қалғанымен, мемлекеттік тілдің өз статусына көтеріле алмай кенжелеп өрістеуі рухани дамуымызға да салқынын тигізуде. Ендігі жерде Елбасының жиі еске алатыны ғылым феномені. Қоғамды пұшпаққа шығаратын құндылықтың бірі  ғылым екені белгілі.  Ал, тілдің, ғылымның оң қанатын көтеруде халықаралық терминдердің маңызын әсте естен шығаруға болмайды. Оның бергі жағында үштұғырлы тіл санамызға дендеп ене бастағанына орай халықаралық терминдер ғылым мен рухани дамудың ажырамас бір бөлігіне айналуда. Глобализация кезінде ғылым мен мәдениеттің, тіл мен әдебиеттің, араласып, бір  — біріне кіріге дамуы заңдылық. Өйткені, уақыт сүзгісінен өткен терминдер ғана әр елдің тілдік қолданысына енеді. Біз 100 жылдық дамуды 20 — 30 жылдың ішінде өту үшін халықаралық терминдерді технологияға сол күйінде енгізіп пайдалануымыз керек. Сондай-ақ, ол еліміздегі басқа этностардың мемлекеттік тілді тездетіп меңгеруіне кең жол ашады. Елбасының 2006 жылы мамырда «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында: «Егемендік алған жылдары мемлекеттік терминком тым асығыс шешім қабылдауы себепті кейбір «әттеген-айлар» кезікпей қалмады. Мәселен, дипломат сөзі. Бұл халықаралық терминді ғалымдарымыз «мәмлегер» деп бекітті. Сонда «дипломатия» деген қорғасындай салмақты сөз жеңіл-желпі «мәміле» болып шыққан. Мәмілені тура мағынасында аударсақ – «сделка». Сонда «дипломатические отношения», «дипломатический паспорт» дегенді қалай тәржімелеуіміз керек? Сондықтан «дипломатты» — дипломат күйінде қайта бекітіп, жоғарыдағы тіркестерді «дипломатиялық қатынастар», «дипломатиялық қарым – қатынастар», «дипломатиялық паспорт» күйінде терминдер тізіміне енгіздік. Ілкі кездегі мемтеркомнің үстірттігінен бекіп кеткен сөздер кейін нормативтік – құқықтық актілерге еніп, әбден сіңісті болып кетті де, қатені түзете алмай өкінген жайттар да аз емес. Сол тұста паспортты – төлқұжат, архивті – мұрағат, музейді – мұражай деп жаңаша атау еншіледік. Мәселен, дүние жүзінің қай еліне барсаңыз да «паспорт» – паспорт. Маған салса, осының бәрін қайтадан қалпына келтіру керек деп ойлаймын!» -деген болатын.

Ендеше, түбірі латын, грек тілдерінен алынып, Европа тілдерінің бәріне сіңісті болып кеткен термин сөздерді орынсыз қозғаудың қажеті жоқ. Дүниедегі өркениетті елдердің білім технологиясына біз осы тіл арқылы шығып отырмыз. Биыл Елбасының халықаралық термин мәселесіне қайта оралуы кездейсоқтық  емес. Бұл жолы пәрменді қатқыл сөйледі. Президент тілге мемлекеттік биігінен мүдделі көзбен қараса, псевдопатриоттар шеңбері тар ведомстволық тұрғыдан келуде. Елбасы мемлекеттік тілдің әлемдік деңгейде пайдалануын қалайды. Сонда ғана мемлекеттік тілдің көсегесі көгереді. Олай болса өркениетті елдердің қатарына ену межесі  үштұғырлы тілдің халықаралық терминдермен біріздендірілуі шарт деп білу қажет. Мысалы, процентті — пайыз, классты – сынып, лифтті – қозғалмайтын саты, витаминді  дәрумен деу дұрыс емес,-дейді философия ғылымдарының кандидаты, профессор Тәуекел Жаңақұлов.

Шынында, терминология  төңірегінде қордаланған мәселелер қоғамды алаңдатып отырғаны анық. Бұл орайда М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты Зиба Құламанованың да өз айтары бар.

–Әлемде екі жүзден астам мемлекет болса, олар  халықаралық қатынас құралы ретінде тек 6 тілдің шеңберінде, яғни ағылшын, орыс, француз, қытай, араб, испанша сөйлейді. 2015 жылы Елбасы Н.Ә. Назарбаев бұл қалыптасқан канонды бұзып, Нью-Иорктегі саммитте мемлекеттік тілде сөз сөйлеп, аудармашыларды састырғаны есімізде. Залдағылар шешеннің сөзін түсінбей, оның батылдығына таңғалысты. Мұндайда халықаралық термин қалыбында пікір айтқан басшының сөзі өтімді болмақ. Ал, қазақ тіліне қиқаланып аударылған, мазмұны толық қамтылмаған пікірді кең ұлттық аудиторияның қабылдауы екіталай. Сондықтан Елбасы шетелдерде сөйлегенде халықаралық терминдерді сол қалпында келтіреді. Тағы бір айта кетерлігі,  Мемлекеттік терминология комиссиясы тарапынан қабылданып, аударылған терминдердің  заңды күші жоқ. Ал, псевдопатриоттар тілді саясатпен шатастырып, мемлекет тəуелсіздігін тіл тəуелсіздігімен теңестіріп, халықаралық терминдерді жөн-жосықсыз аударып, қоғамды үлкен проблеманың қақ ортасында қалдыруда. Əрине, бұдан терминдерді жаппай аудармай, сол күйінде  қалдыру керек деген ұғым тумауы керек. Аударылғанда мағынасы толық қамтылатын сөздер бар, оларға тиісудің қажеті шамалы. Мысалы, демонстрация – шеру, фонд – қор, конкуренция – бəсеке секілді. Осы орайда Елбасы бұрынғы пікірін жылдар аралатып тағы қайталап отыр. Тіл тарихында мемлекеттердің өзара ықпалдасуының нəтижесінде бір елдің сөзі екінші елдің сөз құрамына енуі объективті көрініс болған. Алайда, балкон – «қылтима», стюардесса – «аспансерік»,  ядро – «қыздық», насос – «алсор» секілді адам шошырлық сөздік ұғымдар  қазақтың көшпелі тарихында болмаған. Қалай десек те, терминдер аударылмайтын даму заңдылықтарынан ауытқымайды, өйткені, ол әлемдік мәдениет ықпалдастығының даңғыл жолының бойында жатыр.

Елбасының халықаралық терминдер туралы пікірін ақын  О.Сүлейменов те қолдап, 2008 жылы «Свобода слова» газетіне берген сұхбатында: «Термин надо перевести или надо принять как есть. Русские, боровшиеся против засорения родной речи, не пожелали в пустить в словарь итальянское слова — фортепиано, буквально перевели его тихогромом. В итальянском форте — сильно, громко, пиано – тихо». В русском языке такой термин не устоял. Потому не стали переводить, а решили передать «адекватно, образно» деген болатын.  Әрі қарай жалғастырсақ, оның айтуынша, тап-таза тілді табу мүмкін емес. Корей тілінің 75%  қытай сөздері, француз тілінің 25% араб сөздері құраса, орыс тілінің  70% кірме сөздерден, қазақ тілінің 80%-ы  парсы, араб, монғол, қалмақ, орыс тілі сөздерінен тұрады екен. Өркен жайған мәдениет ғасырлар бойы араласып-құраласудың жемісі.  Сөз алмасу деген тілдің кедейлігінің белгісі емес, бұл оның үздіксіз даму үстіндегі тіл еркіндігінің  белгісі. Мен жақында Лондонға барып келдім. Ол жақта Үндістан, Индонезия, Қытай, Корея халықтарының бәрі жүр. Сонда да тілдік проблема жоқ. Барлығы тек ағылшын тілінде сөйлейді. Әрине, қажеттілік болғандықтан солай. Енді сол қажеттілік бізде де туындап отыр,-дейді ономаст-ғалым.

Қазыналы сөздік қорымызда ел санасына сіңіп қалған айшықты аудармалар да аз емес. Біз пікірлескен мамандардың кейбірі мағынасын дәл тапқан қазақша балама сөздерді әрмен қарай да қолдануға болатынын айтты.

–Жолдауда Елбасының осылай сын айтуында негіз де жоқ емес. Кеңестік кезеңде ауылдан шыққан қазақ баласы талабы, қабілеті жақсы болғанмен, орыс тілін білмегендіктен, жоғары оқу орынында айрықша қиындық көретін. Түрлі кедергілерді үлкен күш-жігермен жеңе отырып, мамандық саласын игеретін. Сол кезде «қазақ тілі ғылым тіліне айнала алмайтын от басы-ошақ қасының тілі» дейтін келте ұғым үстемдік ететін. Тәуелсіздігімізді алып, тоталитарлық биліктен құтылғанда, тұншыққан мемлекеттік тіліміздің тынысын ашуға деген ерен құлшыныс болды. Мемлекеттік тілде жоғары оқу орындарына арналған түрлі мамандық салалары бойынша оқулықтар жазыла бастады. Міне, осындай жаппай үдеріс, жұмыс кезінде көптеген кемшіліктер орын алды, тіпті бүгінгі күндері күлкі шақыратын, құлаққа түрпідей тиетін «атаулар» кездесті,  олар жөнімен сынға да алынды. Сондықтан да Елбасының бұл салада дабыл қағуын орынды деп санаймын.

«Күлдібадам» термин болмайды. «Күлдібадам» терминнің мағынасын түсінбей бас қатырып отыру ешкімді ғылымға жақындатпайды, қайта одан қашықтата түседі. Сондықтан терминдегі жүйелілікті, нақты түсініктілікті, айқындықты қолдаймыз. Сондай ретте орнымен халықаралық терминдерді қолдану, әрине, қажет. Ұлттық термин сөзді жасау және қалыптастыру – өте қиын және ұзақ уақытты қажет ететін мәселе. Онсыз болмайды. Жөнсіз терминнің өріп жүруінің тағы бір себебі – тоқсаныншы жылдары бұл салада кәсіби термин қалыптастырушы тұлғалар болмауымен байланысты еді.

Сондай-ақ, жеке пікірім, кейбір тың ұғым, атауларға байланысты қазақ тілінде жаңа сөздердің пайда болуын, қалыптасуын қолдаймын. Бұл біздің тіліміздің дамуының көрінісі деп білемін. Осы бағытта қазақ тілі күнделікті қолданыс, әдеби тіл ғана емес, ғылым тіліне айналуы қажет. Сонымен қатар, бізде кейде біржақты ұғым қалыптасады да, оның шылауынан шыға алмай жатамыз. Егерде жаңадан қалыптасқан сөз, біздің санамызға сіңіп, тілімізге енсе, оның халықаралық атауы былай еді деп, шеттетпеуіміз керек деп санаймын. Ол сөздің ғылыми атауымен қатар, көпшілік қолданатын әдеби сипаты да орнығуы мүмкін. Ал, бізде кейде бәрі керісінше болып жатады. Бір ғана мысал. Мектеп мұғалімдеріне «Гимн» халықаралық термин, сондықтан «Әнұран» сөзі айтылмасын деген нұсқау болғанда, оны біржақты түсініп, қабылдағанымыз бар. Менің ойымша бұл дұрыс емес. «Гимннен» «Әнұран» сөзінің несі кем. Халық қабылдады, санасына сіңді. Ендеше, бұл сөзді шетқақпай қылудың жөні жоқ деп білемін. Бұл ретте Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың өзі жақсы үлгі көрсетіп отыр. «Егемен Қазақстан» газетінде шыққан «Ұлы Дала ұлағаттары» атты еңбегінде «Әнұран» сөзін орнымен, әдемі қолданған. Онда Елбасы қазір әлемнің әр түкпірінде біздің Әнұранды жақсы білетінін, осынау жан тебірентерлік қуатты әуен шырқалғанда кеудемізді шаттық кернесе, ол орындалғанда бәріміз тікемізден тік тұрып, оң қолымызды жүрегімізге қойып, салтанатымыз тасып тұратынын жазды. Көпшілік қазір қабылдаған, санасына сіңген «субұрқақ» сөзін «фонтан» сөзіне қайта аударғанда не ұтамыз? «Субұрқақ» атауының  бір кездері тілші-әдебиетші І. Жарылғапов қазақ тіліне енгізген «балмұздақ» сөзінен несі кем? Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, дарынды ақын Күләш Ахметова өз өлеңінде:

Жанға ләззат – жасампаздық күй кешу,

Субұрқақтар әлемімен үйлесу.

Бүлдіршіндер күлкісіне қосылып,

Сыңғырла су, еркеле су, биле су!-деп «субұрқақ» сөзін өте әдемі пайдаланады. Термин сөздерге үлкен талғаммен келу қажет. Ол ешқандай дау туғызбайды. Бірақ, сәтімен табылған атаулардан үркудің қажеттілігі жоқ деп білемін,-деді  филология ғылымдарының докторы, профессор, «Дулатитану»  ғылыми-зерттеу орталығының директоры Сәмен Құлбарақ.

Қалай дегенмен бұл мәселеде нақтылық болмай нәтиже шықпасы анық. Себебі,  жалпыға ортақ бір ғана терминнің бізде бірнеше баламасы бар. Оны әркім өз ыңғайына қарай пайдалануда. Ендеше, бытырадай шашыраған балама сөздерді бірізділікке салудың жолы қандай? Бұл жөнінде жергілікті мамандардың нендей ұсынысы бар?

Терминологияны қалыптастыру мен дамытудың ғылыми негізделген жаңа принциптері əлі орныға қоймағандықтан, қазақ терминологиясы күрделі кезеңді өткеріп жатыр.  Бұл жөнінде академик Ə.Қайдаров былай дейді: «Қазақ тілі терминологиясы əртүрлі жағдайларға байланысты бүгінде дағдарысқа ұшырап отыр: оның ғылыми принциптері жаңа үрдіске бағыт-бағдар беріп, алда жүріп отырудың орнына артта қалып, термин практикасы аяқ асты болып бара жатыр. Осының нəтижесінде əркімнің өз білгенінше термин жасауы немесе оны ауыстыру, алмастыруы тəрізді бейберекет «бұқаралық» əрекетке (анархия) жол беріле бастады». Соңғы жылдары ғылым мен техниканың белгілі бір салалары бойынша жарық көрген терминологиялық сөздіктерді, оқулықтарды салыстыру арқылы оған анық көз жеткізуге болады. Бір ғана термин түрліше аударылып, əр сөздікте, оқулықтар мен ғылыми еңбектерде әрқалай қолданылып жүр. Мəселен, консенсус – бəтуə, мəміле, келісім, жалпы пікір; баланс – дəргей, теңгерім; скидка – шегерім, шегерме, кеміту, жеңілдік; спонсор – демеуші, мияткер, қолдаушы; вклад – салым, аманат ақша; доход – кіріс, табыс; приоритет – артықшылық, басымдылық, басым бағыт; компетенция – құзыр, құзырет; амнистия – рақым, рақымшылдық, кешірім; клетка – жасуша, торша. Мұндай жарыспалылықты арнаулы салалардың кез келгенінен кездестіруге болады. Сонымен қатар қазіргі кезде қолданылып  жүрген біршама сөздер мүлдем аударуға келмейді десек артық айтқандық емес. Мысалы: велосипед (шайтанарба), душ ( шаптырма) секілді.Термин жасау, жасалған терминдерді қалыптастыру – үнемі қадағалап, реттеп отыруды қажет ететін өте жауапты жұмыс. Олай болмаған жағдайда терминологиядағы жүйеліліктің, реттіліктің бұзылары сөзсіз. Сондықтан бұл іс дұрыс жолға қойылған елдердегідей бізде де тұрақты жұмыс жасайтын, терминология мəселелерімен тікелей айналысатын кəсіби мамандары, яғни, терминологтары бар мемлекеттік мекеме болуы керек. Əйтпесе, біздегідей жұмыс істеу тəсілімен терминологиямызды жүйеге түсіруге болады дегенге сену қиын. Бұл мəселенің мемлекеттік маңызы ескеріле отырып, жұмыс  дұрыс жолға қойылмаса, терминологиямыздағы ала-құлалық сақталып қалатыны сөзсіз,-дейді Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің оқытушысы Бахтияр Бекназаров.

Өркениет көшіне ілесу бағытындағы ұмтылыстар тілдік терминдермен тығыз байланыста алға басатындығы анық. Ендеше, түрпідей тиетін тиімсіз терминологиялық аудармалардан аулақ болып, керісінше ана тілімізді халықаралық деңгейге жақындату мақсатын көздесек, сөз құдіретін лайықты бағамдап, байыбына бара білейік.

Нұржан ҚАДІРӘЛІ

Пікір қалдыру

Your email address will not be published. Required fields are marked *