Теңге — дербестік тірегі
Ш.Уәлиханов атындағы Жамбыл облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы Қазақстан Республикасының ұлттық валютасы қабылданғанына 30 жыл толуына орай егемен елдің айшықты таңбасы ретінде белгіленген төл теңгенің тарихын өскелең ұрпаққа түсіндіру, тәуелсіз еліміздің ең бірінші айрықша белгісі теңгемен тереңірек таныстыра отырып, Қазақстанның ұлттық ақшасына көшу тарихы, оның маңызын жеткізу, қолдану аясын жете білуменен байланыстыру мақсатында «Теңге — дербестіктің тірегі» ақпарат биржасын ұйымдастырды.
Іс-шараға арнайы шақырылған Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы, облыстық мемлекеттік архивінің архив құжаттарын пайдалану бөлімінің басшысы Сағындық Зейнуллаұлы мен архивариусі Сандуғаш Қоңыратбаева, облыстық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми экскурсоводы Ұлжан Омарова мен ғылыми қызметкері Арайлым Әскербек қатысып, теңгенің орта ғасырлардан бастау алатын тарихы, тәуелсіз жолын таңдаған қазақ елінің өз ұлттық валютасын қабылдаудағы қиыншылықтары, жеңістері мен жетістіктері, тұтастай Қазақстанның қазіргі бейнесін көрсететін теңгенің дизайны жайлы жан-жақты мәлімдеді.
Қатысушы ретінде шақырылғар ҚР ІІМ Жамбыл облысы мамандандырылған күзет қызметі басқармасының қызметкерлері облыстық тарихи-өлкетану музей жәдігерлерімен егжей-тегжей танысып, ұлттық валюта — мемлекеттің тәуелсіздігі мен егемендінің айғағы, нышаны болып табылатыны туралы мағлұмат алды.
Әрі қарай қаиысушылар кітапханашылардың сұрақ-жауап викторинасына қатысып, таза алтыннан жасалған алғашқы теңгенің атауы, негізгі алғаш монеталардың қай ғасырда және қай елде пайда болуы, теңгенің ұлттық валюта ретінде айналымға енгізілген мерзімі, алғашқы ұлттық теңгемізде бейнеленген тұлғалар, түрлі елдердің валюталары, яғни ақшалары қалай аталатыны айналасында қойылған сұрақтарға қызыға жауап беріп, ақша туралы берілген мақал-мәтелдерді жарыса атап, жалғасын тауып, халқымыздың қанатты сөздерін ой елегінен өткізіп, мағынасын ашып көруге тырысты.