Publisher Theme
I’m a gamer, always have been.

Тараздық Ербол Бегімов 2 000-ға жуық кітапты Брайль қарпіне аударған

0 304
Оның бұл бағытта жұмыс істеп келе жатқанына 17 жылдан асқан

Тараздық Ербол Бегімов 2008 жылдан бері Жамбыл облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасында қызмет атқарып келеді. Ол осы уақыт ішінде 2 мыңға жуық кітапты Брайль қарпіне аударған.

Ербол Бегімовтың Брайль қарпіндегі кітаптарды басып шығарудағы қажырлы еңбегі ерекше атап өтуге тұрарлық. Ол жергілікті ақын-жазушылардың, мерейтой иелерінің шығармаларын Брайль жүйесіне аударып, көз жанарынан айырылған жандардың оқуға деген құштарлығын арттыруда. Бүгінде оның баспасынан 2000-ға жуық кітап жарық көріп, көптеген оқырманның қолына жетті.

— Өмірдің бір сынағы шығар, жасым 30-дан асқанда екі көзім көрмей қалды. Басында не істерімді білмей састым. Негізгі мамандығым — заңгер. Бірақ 90-шы жылдары заман қиын болды. Күнкөру үшін түрлі жұмыс істедім. Темір де өткіздім. Сол күндері осы кітапхананың алдынан өтіп бара жатып бір-екі рет кірдім. Мекеме басшылығы Брайль қарпін үйрену мүмкіндігі барын айтты. Мен бірден келістім. Сосын оқып, жазып үйрендім. Кейінірек тапсырма беретін болды. Осылайша кітаптарды картотекаға енгізіп жүріп, мен осындай бағытта жұмыс істеуге шешім қабылдадым,- дейді Ербол Бегімов.

Брайль қарпі – көру мүмкіндігі шектеулі жандар үшін әлемді танудың, білім алудың басты құралы. Ербол Бегімов осы саладағы өз қызметін тек кітап шығарумен шектемей, көзі көрмейтін оқырмандарды оқытуға да ерекше көңіл бөліп келеді. Ол кітапхананың жанынан «Брайлист» және «Зағип және компьютер» атты екі үйірме ұйымдастырып, олардың тұрақты жұмысына жетекшілік етеді. «Брайлист» үйірмесінде оқырманға Брайль жүйесімен оқуды және жазуды үйретсе, «Зағип және компьютер» үйірмесі зағип жандарға ақпараттық технологияларды меңгеруге мүмкіндік береді. Осы оқу бағдарламалары арқылы 40-тан астам адам Брайль қарпін меңгерсе, 60-қа жуық оқырман компьютерді зағиптарға бейімделген бағдарламалар арқылы қолдануды үйренді.

Ербол Бегімовтың еңбегі тек оқыту және кітап басумен шектелмейді. Ол арнайы компьютерлік бағдарламаларды меңгеріп, Мәскеуден «Duxbury Braille Translator» жүйесін алып келді. Бұл бағдарлама арқылы оқулықтар мен әдеби кітаптарды Брайль қарпіне аудару жұмысы әлдеқайда жылдам әрі сапалы түрде жүзеге асуда. Сонымен қатар, Ербол Аққайұлы «Болашақ» мектеп-интернатының көзі көрмейтін оқушыларына тұрақты түрде сабақ беріп, олардың білім алуына қолдау көрсетіп келеді.

Оның еңбегі әрдайым жоғары бағаланып, түрлі марапаттарға ие болды. 2013 жылы Қазақстан Республикасының Ұлттық Академиялық кітапханасы оған кітапхана ісі мен оқу мәдениетін дамытуға қосқан үлесі үшін алғыс хат табыстады. 2019 жылы Жамбыл облысының 80 жылдық мерейтойына орай “Облысқа сіңген еңбегі үшін” төсбелгісімен марапатталды. 2021 жылы Ұлттық Академиялық кітапханасының «Кітапхана ісінің үздігі» төсбелгісін иеленді. Сондай-ақ, 2021 жылы «Рухани қазына» онлайн фестивалінде «Үздік облыстық маңызы бар зағип және нашар көретін азаматтарға арналған кітапхана қызметкері» номинациясын жеңіп алды.

Кітапхана ісінде 17 жылдан астам тәжірибесі бар Ербол Бегімовтың бұл саладағы еңбегі тек бір мекеменің емес, жалпы қоғамның игілігі үшін атқарылып жатқан іс. Оның Брайль қарпінде басып шығарған екі мыңға жуық кітабы – көз жанарынан айырылған жандар үшін білімге, мәдениетке және рухани азыққа апарар жол.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Your email address will not be published.