Таңдаулы жаңалықтар:

ШЫМКЕНТТЕ 4 МЫҢНАН АСТАМ ЗЕЙНЕТКЕРГЕ ШИПАЖАЙДА ЕМ АЛУҒА ЖОЛДАМА БЕРІЛДІ | Zau.kz

Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы тарапынан әлеуметтік қолдау көрсету санатындағы азаматтарға шипажайларға тегін және жеңілдікпен жолдамалар беріледі.

Бүгінде 4126 жолдама зейнеткерлерге шипажайда ем қабылдауы үшін берілді.
Биыл кезекте тұрған зейнет жасындағы азаматтарды Шымкент қаласының «Денсаулық» шипажайына, Түлкібас ауданының «Ақсу-Жабағылы» және Тараз қаласының «Айша бибі» шипажайларына жіберілуде.

Шипажайдан ем алып келген шымкенттік зейнеткерлердің айтуынша «Айша бибі» шипажайының саз балшықпен емдеу түрі көпшіліктің көңілінен шығуда.
Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы ардагерлермен жұмыс жөніндегі бөлімнің мәліметінше, санаториялық-курорттық емдеу Ұлы Отан соғысының қатысушыларына және оларға теңестірілген тұлғаларға, зейнеткерлік жастағы «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлеріне тегін беріледі. Ал, зейнеткерлерге жолдама құнының 50 пайызын төлеумен беріледі.

Шипажайларға жолдама берілу жұмыстары мемлекеттік тапсырыс шеңберінде жүзеге асырылады. Жолдама алу үшін Бәйтереков көшесі, 89 мекен-жайы бойынша қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына өтініш қалдыру қажет. Жолдама кезек бойынша беріледі. Кезекке тұру үшін жеке куәлік және 068 нысанындағы анықтама қажет.