Сарысуда бизнеске бет бұрушылар көбеюде

10/08/20201min450

Бүгінде елімізде шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға барынша көңіл бөлінуде. Бұл тұрғыда мемлекет тарапынан баянды бағдарламалар қабылданып, жарқын жобалар жүзеге асуда. Осындай қамқорлықтың нәтижесінде шалғайдағы шаруалар да өз кәсібін дөңгелетіп әкетуде. Халқымыз төрт түлік малдың маңызын ертеден білген. Дәулетті адамдарды «төрт түлігі сай екен» деуі содан болса керек. Әсіресе, еліміздің көп жерін алып жатқан шөл және шөлейт жерлерге шыдамды түйе малының пайдасы ерекше болмақ. Түйе  мінсең – көлік, ішсең – сусын, еті-дәмді, жүнінен төсеніш жасап, киім тоқуға болады.   Осы дала кемесі аталып кеткен түйе жануарын ауданымызда өсіріп, шаруасын дөңгелетіп, ұлттық сусын шұбатты өндіріп отырған кәсіпкерлер аз емес. Солардың бірі жайылмалық кәсіпкер Дүйсенбек Cағындықовпен жолығып, кәсіпті қалай бастағаны жайлы мән-жайды білген болатынбыз.

Жеке кәсіпкер Дүйсенбек Тұрсынбайұлы өз сөзінде былай дейді:

— «Еңбек» Нәтижелі жұмыспен қамту және кәсіпкерлікті жаппай дамыту бағдарламасының екінші бағыты «Бастау Бизнес» жобасы бойынша «Кәсіпкерлік негіздері» курсын оқып,  бес жүз бес мың теңге алып оған бір түйе  және  «Атамекен» ұлттық палатасы арқылы 3 миллион   көлемінде қаржыға қол жеткізіп, 5 бас түйе сатып алдым. Сөйтіп кәсіпкерлікпен айналыстым. Жұбайым Мереке Индемесова 5 түйені сауып, шұбат ашытып, сатумен айналысады,-деді.

Ал, жұбайы Мереке Индемесова түйе шаруашылығы өнімдеріне әсіресе, шұбатқа әрдайым сұраныс бар екендігін, күнделікті 15-20 литрден шұбат өткізетіндігін, 1 литрдің бағасы 500  теңгеден сатылымға шығарып жатқандығын тілге тиек етті.

Дүйсенбек аға кәсіп ашуда мемлекеттің де, Кәсіпкерлер палатасының да көмегін көріп, түйе малының санын әлі де көбейтуді алдына мақсат етіп отыр.

Міне, осылайша жеке кәсіпкер Дүйсенбек Тұрсынбайұлы шаруасын шалқыта түсуде. Бұл әрине,  бастамасы. Алдағы жоспарларының ауқымды екенін өз аузынан естідік. Мұндайда дана халқымыз «Еңбек еткеннің еңсесі биік» деп тектен айтпаса керек. Ендеше, өзге тұрғындар да қол қусырып қарап отырмай, бизнеске бет бұрса аз уақытта жемісін жейтіндігі даусыз. Ең бастысы еңбекке деген құлшыныс болса болғаны.

Сәулет Рысбекұлы, журналист

Пікір қалдыру

Your email address will not be published. Required fields are marked *