Сан қырлы қаламгердің кеші өтті
Ш.Уәлиханов атындағы Жамбыл облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында Әулиеата өңірінде дүниеге келген жазушылардың шығармаларын өнеге ету, өмір жолдарын келешек ұрпаққа кеңінен насихаттау мақсатында «Жазушымен бір күн» акциясы аясында журналистикадан бөлек, жазушылық қырымен де танылған қарымды қаламгер Ерман Әбдиевтің 50 жас мерейтойына орай «Азамат. Қайраткер. Қаламгер» тақырыбында шығармашылық кеш өтті.

Ерман Әбдиев «Шоқ тілді Шона», «Танымал әннің тарихы», «Нарша деген…», «Серік деген…», «Әзімбек деген…» кітаптарының авторы.
Шараға Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын, жазушы, журналист Баймахамбет Ахмет, Л.Н.Гумилев атындағы Евразия Ұлттық университеті, журналистика және саясаттану факультетінің докторанты Зауреш Қойгелдиева, Жамбыл облыстық «Ақ жол» газетінің бөлім меңгерушісі Марат Құлибаев, Жамбыл облыстық тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясының директоры Қуаныш Дәурембеков, Ерман Әбдиевтың досы, сыныптасы Берік Дадабаев, «Анаға тағзым» орталығының директоры Эльмира Мырза-Ғали мен М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті журналистика және саясаттану факультетінің студенттері қатысты.
Тиісті лауазымдар

Журналист – халық пен билік арасындағы алтын көпір. Ал енді осы қасиетті парызды адал орындау үшін журналистің бойында үлкен жүрек, кең пейіл, терең білім, ұйымдастырушылық қабілет, кәсіби шеберлік пен жеделдік қасиет болуы аса қажет. Осы ізгі қасиеттерге ие боп жүрген жаны жайсаң журналистер Әулие ата өңірінде баршылық.
Солардың бірі де бірегейі – Ерман Әбдиев. Ерман Қанжанұлы–сегіз қырлы, бір сырлы азамат. Өз ісіне үлкен жауапкершілікпен қарайтын маман. Ол – журналист қана емес, тұлғатанушы, өлкетанушы.

