«Жалақыны 3 есе қысқартты»: Бибісара Асаубаева Тоқаевқа шағынды
Халықаралық шахмат гроссмейстері, әлемдік рейтингте шахматшы қыздар арасында бесінші орында тұрған Бибісара Асаубаева Президентке үндеу жасады.
Шахматшы жуырда әлемдегі ең беделді турнирлердің бірі саналатын Norway Chess жарысында мерзімінен бұрын жеңіске жетіп, бірінші орын алғанын айтты.
“Алайда осы турнирге дайындық толықтай өзімнің жүлде қорымнан және ата-анамның қаражаты есебінен жүргізілді. Турнирде бірге жұмыс істеген секунданттар мен сарапшылардың еңбекақысы әлі күнге дейін төленген жоқ”, – дейді Асаубаева.
Шахматшы Президенттің өзі спортшыларды «елдің алтын қоры» деп атайтынын еске салып, жетістіктер үлкен еңбек пен табандылықтың арқасында келетінін атап өтті.
Бибісараның айтуынша, соңғы жылдары спорт министрлігімен жұмыс істеу барған сайын қиындап кеткен. Ол әлем чемпионатындағы жеңіс үшін берілетін сыйақы көлеміне де назар аударды. Оның мәліметінше, шахматтан әлем чемпионы атанған спортшыға небәрі 2 мың доллар төленсе, Олимпиада жүлдегерлеріне 250 мың долларға дейін сыйақы қарастырылған.
Спортшы Қазақстанда шахматтан әлем чемпионы атанған жалғыз қыз екенін де айтты. Екінші әлем чемпиондығынан кейін 2023 жылдан бастап, ол Спорт министрлігі арқылы ай сайын шамамен 1 млн теңге көлемінде жалақы алып келген.Алайда 2025 жылдан бастап жалақыны 3 есе қысқартқан.
Сонымен қатар, оның айтуынша, министрліктің ұсынысымен бірнеше рет қаржылық қолдау алуға өтінім берілген. Тіпті Спорт министрінің орынбасары, қордың қамқоршылық кеңесі оның өтінімін мақұлдағанын хабарлағанымен, кейін қор басшылығы өтінімді себепсіз кері қайтарған.