Отар ауылының тұрғыны ойламаған жерден үйлі болды  

 

Жамбыл облысының Қордай ауданындағы Отар ауылын білмейтін жан кемде-кем. Биыл аталмыш елдімекенде Наурыз тойы бұрын-соңды болмаған үлкен думанды мерекеге айналды. Атақты Кебекбай шешеннің ескерткіші орын тепкен шойын жол бойындағы ауылдың орталық алаңында ақшаңқан киіз үйлер тігіліп, тұрғындар мен қонақтар ән мен күй төгілген сахна маңына жиналды.

Концерттік бағдарламаның тізгінін белгілі айтыскер ақын Асқат Қылышбек қолға алып, мерекелік шараны әдемі өлеңмен бастады. Ал облыстық орталық «Һибатулла Тарази» мешітінің найб имамы Ғалымбек Жәпек жиналған қауымды Ұлыстың ұлы күнімен құттықтаса, одан кейін сөз алған «Отар» қайырымдылық қорының жетекшісі Ержігіт Аунамасов жерлестерін Наурыз мерекесімен құттықтай келе, ауылдың қайырымды азаматтарының атсалысуымен қолға алынған қордың жұмысы турасында айтып өтті. Осы орайда қор жетекшісі жастайынан мүгедек, Отар ауылының тұрғыны Ердос Тоғызбаевқа тұрғын үйдің кілтін табыс етті.

Өткен жылдың қыркүйек айында құрылған «Отар» қайырымдылық қоры осыған дейін қомақты сомаға ауылдағы тұрмысы төмен отбасылар мен мүгедек және көпбалалы жандарды азық-түлікпен, қыстық отынмен қамтамасыз етіп келген болатын. Енді мүмкіндігі шектеулі азаматтың баспаналы болуына септігін тигізіп отыр.

– Ауылымыздан Құранды түгел жаттаған жас балақай шықты, ендігі жерде мықты спортшы чемпиондар шықса, өнер саласында өрге жүзетін  азамат болса деген тілегіміз бар. Біз өз тарапымыздан әрдайым қолдау көрсетуге дайынбыз, – дейді Ержігіт Аунамасов.

Мерекелік шара барысында ауыл әкімдігінің өкілдері мен ақсақалдар, ауыл жастары баспаналы болған Ердос Тоғызбаевтың үйінде болып, шашу шашып, құтты болсын айтты.

– Наурыз мейрамы ең тамаша мерекелердің бірі.  Дегенмен, биылғы мерекенің мәні тіптен бөлек.  Жастайымнан тағдыр тауқыметін таптып келемін. Баспанасыз өмірдің қаншалықты ауыр екенін жақсы білемін және де өзің мүгедек болсаң ол ауырлық екі есе сезіледі екен. Осыған дейінгі арманым – өзімнің жеке шаңырағым болса деген тілек еді. Ұлыстың ұлы күні аясында  сол тілегім орындалды, арманым алдамапты. Қордың құрылуына мұрындық болған Ержігіт Аунамасов бастаған ауылдың азаматтарына алғысым шексіз. Осынау игі істің басы-қасында жүрген қамқор азаматтарға денсаулық пен бақыт, қажымас қайрат тілеймін», – деді баспаналы болған Ердос Тоғызбаев.

Дәл осы күні Отар ауылдық округінің құрамына кіретін Гвардейский қалашығында Наурыз мерекесіне әскерилер де үлкен дайындықпен келіпті. Гарнизонның барлық бөлімдері қалашық жанындағы алаңқайға киіз үйлер тігіп, үлкен сахнадан әдемі ән төгіліп тұрды. 40-шы «Отар» әскери базасының командирі, полковник Талғат Оразалиев жиналған жұртшылықты мерекемен құттықтады.

Жандос ОМАРОВ

Пікір қалдыру

Your email address will not be published. Required fields are marked *