Publisher Theme
I’m a gamer, always have been.

Өнеркәсіп – 17%, инвестиция – 38%, агросектор – 3,1%: Жамбыл облысының экономикалық даму қарқыны қандай

0 75

Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев Астанадағы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы жан-жақты баяндап, өңір экономикасы туралы толық мәліметтерді ұсынды.  Әкім өз сөзінде жамбылдықтардың мемлекеттік бағдарламаларға қатысуы, жаңа жобалардың жүзеге асырылуы және экономиканың негізгі бағыттарындағы серпінді өсімге тоқталды.

Әкім атап өткендей, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауларында белгіленген ауқымды реформалар жүйелі түрде жүзеге асырылып жатыр. 2025 жылдың 10 айының қорытындысы бойынша өңір экономикасы 9,8% деңгейінде нық өсім көрсеткен. Бұл серпінге өнеркәсіп (+17%), құрылыс (+18,8%), ауыл шаруашылығы (+3,1%), көлік (+2,9%), байланыс (+9,4%), сауда (+0,5%), тұрғын үй құрылысы (+1,7%) және негізгі капиталға салынған инвестициялар (+38,3%) айтарлықтай үлес қосып отыр.

Облыстың жалпы өңірлік өнімі 7,9%-ға өсіп, 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында 3150,4 млрд теңгеге жеткен.

Өнеркәсіп: Қазақстанды химия өнімдерімен толық қамтамасыз етіп отырған өңір

Жамбыл облысы бүгінде елдің маңызды индустриялық орталықтарының біріне айналып келеді. Жыл басынан бері өңірде 1,1 трлн теңгенің өнеркәсіп өнімі өндірілді. Бұл – 17% өсім деген сөз. Барлығы 929 кәсіпорында (17 ірі, 25 орта, 884 шағын) 39,7 мың адам жұмыс істейді. Өнеркәсіп өсімінің қарқыны бойынша Жамбыл облысы республикада 3-орында, ал өңдеу өнеркәсібіндегі өсім бойынша – 5-орында (12% өсім).

Жалпы өндіріс көлемінің шамамен 63%-ы өңдеу секторына тиесілі. Облыста республика бойынша ерекше маңызы бар химия өнімдері өндіріледі:

·        натрий триполифосфаты – 100%;

·        натрий цианиді – 100%;

·        аммофос – 100%;

·        сары фосфор – 100%;

·        қант – Қазақстанда өндірілетін көлемнің 40%-ы.

Өңдеу өнеркәсібіне салынған инвестициялар 2,1 есе өсіп, 203,8 млрд теңгеге жеткен. Соның нәтижесінде өңделген өнім экспорты 1,5 есеге артып, $270,4 млн-ды құрады. Бұл көрсеткіш бойынша Жамбыл облысы елімізде бірінші орында тұр.

Инвестиция және индустрияландыру: 2029 жылға дейін 62 жоба, 8,3 мың жұмыс орны

Әкімнің айтуынша, биылғы 10 айда облыс экономикасына 553,6 млрд теңге инвестиция тартылған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,4 есе көп. Инвестиция көлемінің өсу қарқыны бойынша өңір республикада үздік үштікке кіреді. Тартылған қаражаттың 82%-ы – жеке инвестиция. Жыл басынан бері 21 млрд теңгенің 10 жобасы іске қосылып, 282 жаңа жұмыс орны ашылған. 2025 жылға арналған жоспар бойынша 26 жобаны жүзеге асырып, 1,1 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашу көзделуде.

2029 жылға дейін жалпы құны 4,1 трлн теңгені құрайтын 62 жобадан тұратын инвестициялық портфель жасалды. Бұл жобалар 8,3 мың жаңа жұмыс орнын ашуды қарастырады, оның 12-сі шетелдік инвесторлардың қатысуымен (2,6 трлн теңге көлемінде).

Ірі индустриялық жобалар: химия, металлургия, энергетика, қант және алтын

Өңірде бірқатар стратегиялық мәні бар ірі жоба жүзеге асырылып жатыр. Солардың негізгілері:

SHENGTAI BIOTECH CO. LTD «Fufeng Group» – жылына 3 млн тоннаға дейін жүгеріні терең өңдейтін бірегей жоба. Құны – 800 млрд теңге, 1,5 мың жұмыс орнын құру жоспарланған.

YONGGANG IRON AND STEEL GROUP CO., LTD «Fujian Hengwang Investment» – жылына 3 млн тоннаға дейін прокат металл бұйымдарын (профильді жолақ, арнайы болат, сым) өндіретін металлургиялық зауыт. Құны – 674 млрд теңге, 2,5 мың жұмыс орны. ЕВРОХИМ УДОБРЕНИЯ – жыл соңына дейін жылына 800 мың тонна күкірт қышқылын өндіретін өндірістің бірінші кезеңін іске қосу жоспарлануда. 2026 жылы жылына 1 млн тонна күрделі тыңайтқыштар шығаратын зауыт пайдалануға беріледі. Жобаның жалпы құны – 536 млрд теңге, 800 жұмыс орны қарастырылған. «ZHONGKAI KAZAKHSTAN INTERNATIONAL SUGAR INDUSTRY COMPANY» – жылына 1 млн тонна қант қызылшасын өңдеп, 130 мың тонна қант, 72 мың тонна қызылша ұны және 54 мың тонна меласса өндіретін заманауи қант зауытының құрылысы басталды. Құны – 108 млрд теңге, 350 жұмыс орны.

QAZAQ SODA – жылына 1 млн тонна кальцилендірілген сода өндіру жобасы. Құны – 200 млрд теңге, 300 жұмыс орны.

«ШОКПАР-ГАГАРИНСКОЕ» – Қордай ауданындағы Гагаринское кен орнында жылына 500 мың тонна алтын кенін өндіретін тау-кен байыту кешені. Құны – 47 млрд теңге, 400 жұмыс орны.

ALTYNALMAS REAGENTS – жылына 25 мың тонна натрий цианидін өндіру. Құны – 68 млрд теңге, 100 жұмыс орны.

KAZAKHSTAN HYDROGEN PEROXIDE – жылына 30 мың тонна сутек пероксидін өндіру. Құны – 30 млрд теңге, 100 жұмыс орны.

TOTAL EREN – қуаты 1 гигаватт болатын, энергия сақтау жүйесі бар жел электр станциясы. Құны – 620 млрд теңге, 200 жұмыс орны.

MASDAR – қуаты 1 гигаватт, 300 мВт энергия сақтау жүйесі бар жел электр станциясы. Құны – 728 млрд теңге, 100 жұмыс орны.

Осы ірі жобалардың өзінен-ақ облыс экономикасына 3,8 трлн теңгеге жуық инвестиция тартылады деп күтілуде.

«Jibek Joly» АЭА және «Тараз» индустриялық аймағы: өндірістің жаңа алаңы

Көптеген жаңа өндіріс орындары «Jibek Joly» арнайы экономикалық аймағы мен «Тараз» индустриялық аймағында шоғырланған. «Jibek Joly» АЭА-ның жалпы ауданы – 905 гектар. Оны 1,2 мың гектарға дейін кеңейту жоспарда бар. Мұнда жалпы құны 1,6 трлн теңгені құрайтын 18 инвестициялық жоба іске асырылуда, 5,2 мың жұмыс орны құрылмақ. Оның 8 жобасы бойынша 975,7 млрд теңгеге құрылыс жұмыстары басталған, қалғандары жобалау сатысында. Бұған дейін 29,2 млрд теңгеге 6 жоба жүзеге асырылған, оның ішінде гербицид (глифосат) өндірісі, полиэтилен құбырлары, пластмасса втулкалар, аммоний бифториді, өндірістік үй-жайлар, НПВХ құбырлары өндірісі бар.

«Тараз» индустриялық аймағында жалпы құны 113 млрд теңгені құрайтын 23 жоба жүзеге асырылуда, 1300 жұмыс орнын құру жоспарланған. Қазірдің өзінде 11,3 млрд теңгеге 9 жоба іске қосылып, 200 адам жұмыспен қамтылған. Олардың қатарында натрий пиросульфиті, әк, асфальт-бетон қоспасы, битум эмульсиясы, өндірістік ғимараттар, шыңдалған шыны, есік және фиброцемент тақталар өндіретін кәсіпорындар бар.

Сонымен қоса «Тараз» индустриялық аймағы мен «Jibek Joly» АЭА аумақтарында 40 мың шаршы метр өндірістік ғимараттар пайдалануға берілді. Толық инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген бұл нысандар жеңілдетілген жалдау шарттарымен ұсынылады, бұл кәсіпорындардың іске қосылу мерзімін едәуір қысқартады. Құны 1,7 млрд теңгені құрайтын үш жоба – есік, фиброцементті плиталар және шыңдалған шыны өндірістері – осы алаңдарда жүзеге асырылды.

Шағын және орта бизнес: 32,5 мың кәсіпкерге – 289,8 млрд теңге несие

Аймақтағы шағын және орта кәсіпкерлік те серпінді дамып келеді. Облыстың қаржы институттары – екінші деңгейлі банктер мен микроқаржы ұйымдары – 32,5 мың кәсіпкерге 289,8 млрд теңге несие берген.

Берілген несиелердің ішінде мемлекеттік бағдарламалар аясында 52,1 млрд теңгеге 1218 жоба жүзеге асырылды. Соның нәтижесінде шағын және орта бизнес субъектілерінің өндіретін тауар көлемі 18,1%-ға өсіп, 765,5 млрд теңгеге жеткен (2025 жылғы қаңтар–маусым).

2025 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша жұмыс істеп тұрған ШОБ субъектілерінің саны – 109,1 мың, онда 165,4 мың адам жұмыспен қамтылған. Шағын және орта кәсіпкерліктің жалпы қосылған құны 348,2 млрд теңгені құрап, ЖӨӨ-дегі үлесі 22,5%-ға жетті.

Үкіметтің қолдауымен жалпы ауданы 40 мың шаршы метрді құрайтын шағын өнеркәсіптік аймақтар құрылды. Бұл аймақтарда 1,7 млрд теңгеге 3 жоба іске асырылып, шыңдалған шыны, фиброцементті тақта және есік өндірісі жолға қойылғанын атап өткен жөн.

Аграрлық сектор: қант қызылшасы, экспорттық пияз және су үнемдеу технологиялары

Ауыл шаруашылығы – өңір экономикасының тағы бір маңызды тірегі. АӨК жалпы өнімі 458,5 млрд теңгені құрап, 3,1%-ға өскен. Салаға 29,1 млрд теңге көлемінде субсидия бағытталды.

Егіс алқабы 640 мың гектарға дейін кеңейтіліп, 3,3 млн тонна өнім жиналған. Оның ішінде:

·        283 мың тонна масақты дәнді дақылдар,

·        31,3 мың тонна майлы дақылдар,

·        1,3 млн тонна көкөніс,

·        207 мың тонна картоп,

·        389 мың тонна бақша дақылдары.

Қант қызылшасы алқабының 88,1%-ы жиналып, орташа гектар түсімділігі 483 центнер болған. Жалпы 207 мың тонна өнім алынған, оның барлығы Меркі қант зауытына өңдеуге жөнелтілуде. Қант қызылшасы саласын қолдау үшін жергілікті бюджеттен 6,9 млрд теңге бөлінсе, жыл соңына дейін республикалық бюджеттен қосымша 5,3 млрд теңге қарастыру жоспарланып отыр.

Өңірден 888,7 мың тонна ауыл шаруашылығы өнімі экспортталған. Соның ішінде 410 мың тонна пияз Ресей, Қырғызстан, Пәкістан, Өзбекстан және Әзербайжанға жөнелтілген. Пияз экспорты бойынша Жамбыл облысы елде бірінші орында. Мемлекеттік қолдау арқасында ауыл шаруашылығы техникасы паркі жаңаруда: 762 бірлік техника (оның 348-і – өздігінен жүретін, 414-і – аспалы және тіркемелі) сатып алынған. Жаңару деңгейі 5,6%-ға жетті (2025 жылға жоспар – 6%).

Мал шаруашылығында да өсім бар: ет өндірісі (тірі салмақта) 2,7%-ға, сүт өндірісі 1,6%-ға артты. Пайдаланылмай жатқан 61,8 мың гектар ауыл шаруашылығы жері қайта айналымға енгізілді. «Ауыл аманаты» бағдарламасы ауыл экономикасын қолдаудың негізгі құралдарының бірі ретінде жұмыс істеп тұр: 2025 жылы 3,2 млрд теңгеге 437 жоба қаржыландырылған.

Су ресурстары: жаңа су қоймалары мен заманауи суару жүйелері

Өңірде суармалы жерлерді қалпына келтіру және су үнемдеу технологияларын енгізу бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. 66,5 мың гектар егіс алқабына су үнемдеу технологиялары енгізілген (2024 жылы – 55,4 мың га). Байзақ, Жамбыл, Жуалы, Қордай, Меркі, Шу аудандарында жалпы ұзындығы 625 шақырым болатын 322 су нысаны 37,2 млрд теңгеге жаңғыртылуда.

Су саласын дамытудың кешенді жоспарына сәйкес 2029 жылға дейін Ислам даму банкі есебінен 184 млрд теңгеге 11 жаңа су қоймасы салынып, 3 қолданыстағы қойма қайта жаңартылады және 312 канал жөнделеді. Су үнемдеу технологияларын жергілікті өндіріс арқылы қолжетімді ету үшін екі ірі жоба жүзеге асырылуда:

«AKPLAS KAZAKHSTAN» – құны 10 млрд теңге болатын тамшылатып және жаңбырлатып суару жүйелері, суару құбырлары, ПВХ және төмен қысымды полиэтилен құбырлары, сүзу жүйелерін шығаратын зауыттың құрылысы аяқталып келеді. Кәсіпорын 2026 жылдың I тоқсанында іске қосылады. Жылына 200 мың гектар алқапты суару қондырғыларымен қамтуға мүмкіндік береді (80 жұмыс орны).

«Каз Каспи Гидро Сельхоз Технология» ЖШС – 2,8 млрд теңгеге тамшылатып суғару жүйесін өндіру іске қосылды. Өндіріс жылына 12 мың гектарға дейінгі алқапты су жүйелерімен қамтамасыз ете алады (30 жұмыс орны).

Тұрғын үй, ауызсу, газ және жол: өмір сапасын көтеретін инфрақұрылым

Облыста тұрғын үй мәселесі кезең-кезеңімен шешіліп, жаңа шағын аудандар мен тұрғын алқаптар салынуда. Жыл басынан бері 586,7 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген, жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 765 мың шаршы метрге жеткізіледі. Қазіргі таңда 2 190 пәтерден тұратын 46 көпқабатты үйдің құрылысы жүріп жатыр. Оның 20-сын биыл толық аяқтау жоспарланған. Бүгінге дейін 540 пәтерлі 10 көпқабатты үй пайдалануға берілді.

Әлеуметтік жағынан осал топтағы 710 отбасыны баспанамен қамту жоспарлануда (жалпы жоспар – 1415 пәтер, 21,5 млрд теңге). «Әулие ата жастары» бағдарламасы аясында 140 жас отбасы баспанамен қамтамасыз етілген. Елді мекендерді сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету де басты басымдықтардың бірі. 2025 жылдың соңына дейін 13,9 млрд теңгеге 24 ауылдық елді мекен және Тараз бен Шу қалаларындағы 9 тұрғын алқап ауыз сумен толық қамтамасыз етіледі. Нәтижесінде облыс бойынша халықты сапалы ауыз сумен қамту деңгейі 100%-ға жетпек (353 АЕМ; 2024 жылы ауыл – 97,1%, қала – 98%). Газдандыру бағытында да жүйелі жұмыс жүргізілуде. Облыстың 6 ауданында (Жамбыл, Жуалы, Қордай, Мойынқұм, Талас, Сарысу, Шу) 20,5 млрд теңгеге 14 жоба жүзеге асырылуда. Соның нәтижесінде газбен қамту деңгейі 91,3%-дан 91,8%-ға дейін өседі.

Автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 10 мың шақырымды құрайды. Биыл жол саласына 28 млрд теңге бөлініп, 182 жоба аясында 460,2 шақырым жолға құрылыс, қайта жаңғырту және орташа жөндеу жүргізілді. Оның ішінде 17,7 шақырымы жаңадан салынды, 8 шақырымы қайта жаңғыртылды, 434,5 шақырымы орташа жөндеуден өтті. Жыл соңында жергілікті маңызы бар жолдардың 99,5%-ы, ал қалаішілік көше-жол желісінің 89%-ы жақсы және қанағаттанарлық күйге жеткізіледі (2024 жылы тиісінше 99% және 87%).

Тараз қаласы: көлік логистикасы, абаттандыру және жаңа келбеті

Облыс орталығы Тараз қаласын дамытуға ерекше назар аударылуда. Абай даңғылы бойында теміржол арқылы өтетін автомобиль көпірінің құрылысы жалғасып жатыр. Бұл жоба қаладағы көлік логистикасын жеңілдетіп, қозғалыс қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік береді. Жаңа тұрғын үй алқаптарын қала орталығымен байланыстыру үшін 50 шақырым асфальт жол салынды, 10,3 шақырымды құрайтын 3 көше қайта жаңғыртылды. 35,3 шақырым жаяу жүргінші жолдары жасалып, 49,6 шақырым суару арықтары жөнделген.

Соңғы екі жылда Тараздың қоғамдық көлік паркі де айтарлықтай жаңарды: 271 заманауи автобус сатып алынып, парк 82%-ға жаңартылды. Қаланың сәулеттік келбетіне де көңіл бөлінуде: 15 ескі көпқабатты үйдің сырты қайта жаңартылып, көпқабатты үйлер аулаларына 27 балалар ойын алаңы орнатылды. 514 аула мен 85 көшеге жарық шамдары орнатылған.

Еңбек нарығы және әлеуметтік қолдау: 57,3 мың жұмыс орны, 11 отбасы орталығы

Әлеуметтік саланы қолдауға биыл 46,6 млрд теңге бөлінген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,1 есе көп (2024 жылы – 40,6 млрд теңге). Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «10 мың тұрғынға 100 жаңа жұмыс орнын құру» тапсырмасы аясында кәсіпкерліктің жаңа бастамаларын қолдау арқылы жоспарланған 12,5 мыңның орнына 16,5 мың жаңа жұмыс орны ашылған. Өңірлік жұмыспен қамту картасы аясында облыста 57,3 мың жұмыс орны құрылды, оның 40,4 мыңы – тұрақты (жоспар – 65,6 мың, тұрақты – 48,4 мың). Жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен 42,8 мың адам қамтылды, олардың ішінде 1,1 мың мүгедектігі бар азамат бар.

Жұмыссыздық деңгейі 4,8%-ды құрайды (2025 жылғы III тоқсан). Бір қызметкердің орташа айлық жалақысы 10,2%-ға өсіп, 308,1 мың теңгеге жеткен. Атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 29,5%-ға азайып, 21,7 мың адамды құрады (2024 жылы – 30,8 мың адам). Тараз қаласы мен барлық аудандарда 11 отбасын қолдау орталығы ашылып, өмірлік қиын жағдайда қалған 826 отбасыға көмек көрсетілген. Жыл соңына дейін Таразда 200 орындық Белсенді ұзақ өмір сүру орталығын жеке инвестициялар есебінен ашу жоспарланып отыр.

Білім: жаңа мектептер, олимпиадалық жетістіктер және әскери-интернат

Әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту шеңберінде білім беру саласына да үлкен көңіл бөлінуде. 25 млрд теңгеге 26 білім нысанының құрылысы жүріп жатыр. Жыл басынан бері 3550 орындық 7 мектеп пайдалануға берілген, оның 4-уі – «Келешек мектептері» жобасы аясында. Жыл соңына дейін тағы 7 нысанның құрылысы аяқталмақ. Бұл жұмыстар 1 апаттық мектеп, 1 үш ауысымды мектеп және 6 оқушы орны тапшы мектеп мәселесін шешуге, сондай-ақ 6 ескі ғимаратты жаңасымен алмастыруға мүмкіндік береді. 16 білім нысанын күрделі жөндеуге 11 млрд теңге бөлінген. «Адал азамат» білім беру бағдарламасы аясында облыстағы 22 мектеп бірыңғай дизайн-кодқа (брендбук) көшуді бастап кетті.

Жамбыл оқушылары республикалық деңгейде жоғары нәтижелер көрсетіп жүр: 16 жыл қатарынан Республикалық ғылыми жобалар конкурсында «Ең үздік команда» атанды; Республикалық олимпиада қорытындысы бойынша «Үздік олимпиадалық команда» мәртебесін иеленді. Жыл соңына дейін өңірде тұңғыш рет дарынды ұлдарға арналған 320 орындық әскери мектеп-интернаты ашылады. Сонымен қатар жеке инвестиция есебінен Тараз қаласында Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық колледж студенттеріне арналған 120 орындық жатақхана салынып жатыр. «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында 4 колледжге 46 млн теңгеге зертханалық және оқу жабдықтары сатып алынды. Ленинград облысындағы Сосновоборск политехникалық колледжі мен Жамбыл политехникалық колледжі арасындағы ынтымақтастық Қазақстанда салынып жатқан атом электр станциясы үшін жұмысшы кадрлар даярлауға бағытталған.

Денсаулық сақтау: жаңа нысандар, заманауи техника және жасанды интеллект

Денсаулық сақтау саласында да инфрақұрылым жаңартылып, заманауи технологиялар енгізілуде. Биыл 4,1 млрд теңгеге 5 денсаулық сақтау нысанының құрылысы жүргізілуде, оның 3-і пайдалануға берілді. 11 қалалық медицина мекемесіне 1,5 млрд теңгеге күрделі жөндеу жүргізілген, оның 7-уі аяқталып, іске қосылған. Медициналық ұйымдарға 6 млрд теңгеге 32 бірлік жоғары технологиялық жабдық – 2 МРТ, 2 КТ, 1 ангиограф, ЛОР-комбайн, 3 цифрлық маммограф және басқа да құрылғылар сатып алынды. Соның арқасында медициналық жабдықпен жарақтану деңгейі 92%-ға жетіп, денсаулық сақтау инфрақұрылымының тозу деңгейі 42%-ға дейін төмендеді. Өңірде ТМД елдерінде баламасы жоқ жасанды интеллект негізіндегі бірегей жоба жүзеге асырылды. 22 медициналық мекеме бірыңғай радиологиялық ақпараттық жүйеге біріктірілген. Бұл жүйе өкпе мен сүт безі қатерлі ісігінің бастапқы белгілерін ерте анықтауға мүмкіндік береді. Қазірдің өзінде 2264 адам тексеруден өткен. Жақын уақытта жедел церебральды қан айналымы бұзылыстарын, ишемиялық инсультті дер кезінде диагностикалауға көмектесетін «Серебро» жасанды интеллект жүйесін енгізу жоспарланып отыр. Қызметкерлердің біліктілігін арттыру да назардан тыс қалған жоқ: 5252 медицина қызметкері (562 дәрігер, 4690 орта буын мамандары) оқудан өткен, оның 12 дәрігері шетелдік клиникаларда тәжірибе жинақтап қайтты.

 Спорт, мәдениет және туризм: инфрақұрылым мен жаңа мүмкіндіктер

Спорт саласында 3,1 млрд теңгеге 21 спорт нысанының құрылысы жүріп жатыр. Қазірдің өзінде 3 спорт кешені мен 90 спорт алаңы пайдалануға берілген. Соның нәтижесінде халықты спорт инфрақұрылымымен қамтамасыз ету деңгейі 70,8%-ға жетті (2024 жылы – 68,3%), ал спортпен жүйелі түрде айналысатын тұрғындар үлесі 41,9%-ға дейін өсті (2024 жылы – 41,2%). Жамбыл спортшылары биыл әртүрлі республикалық және халықаралық жарыстарда 1534 медаль жеңіп алған: 488 алтын, 492 күміс, 554 қола. Токио қаласында өткен XXV жазғы Сурдлимпиада ойындарында өңірден барған 12 спортшы 1 алтын, 3 күміс және 2 қола медаль иеленді. Таразда құны 3,5 млрд теңге болатын балалар мен жасөспірімдерге арналған футбол академиясының құрылысы басталды.

Мәдениет саласында 16 нысанның құрылысы жүргізіліп, есепті кезеңде 10 нысан пайдалануға берілді. Олардың қатарында Байзақ, Қордай, Мойынқұм, Шу, Жамбыл аудандарындағы мәдениет үйлері, Тараз қаласындағы мәдени нысандар, ауылдық кітапхана және балалар мен жасөспірімдерге арналған орталық бар. Тектұрмас тарихи кешеніндегі «Ежелгі бекініс» нысаны да халық игілігіне берілді. 207 млн теңгеге 16 мәдениет нысанына ағымдағы жөндеу жүргізілді. Нәтижесінде халықтың мәдени инфрақұрылымға қолжетімділігі 79,5%-ға жетті (2024 жылы – 77,9%).

Мемлекеттік шығармашылық тапсырыс аясында 1,1 млрд теңгеге 186 үйірмеде 5,9 мың бала қамтылған. Ұлы Жеңістің 80 жылдығы мен даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының 115 жылдығына орай «Бауыржан Момышұлы» музейі ашылды. Сонымен қатар «Тараз» жастар театр студиясы, «Қолөнершілер үйі» шығармашылық орталығы құрылып, «Тектұрмас» республикалық тарихи-танымдық журналы жарық көре бастады. Туризм саласында 6 млрд теңгеге 10 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Олардың қатарында «Ежелгі бекініс» нысаны, «Аструм» жабық аквапаркі, «Tary» мейрамханасы, бірқатар көпфункционалды кешендер, «Рахат-ай» мұз айдыны, этноауыл және демалыс аймақтары бар. 1,2 млрд теңгеге «Koksai resort», «Таскөл», «Алмалы» сияқты туристік нысандарға апаратын 34,8 шақырым жол салынған.

Цифрландыру және қауіпсіздік: қолжетімді интернет пен «Сергек» жүйесі

Цифрландыру саласында 353 елді мекен мобильді интернетпен қамтамасыз етілген: 259-ында – 4G (73,4%), 51-інде – 3G (14,4%), 43-інде – 2G (12,2%). «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында 148 елді мекенде интернет сапасы 4G деңгейіне жеткізілген. Республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының бойында 12 антенналық-діңгекті құрылғының құрылысы жүріп жатыр. 2026 жылы талшықты-оптикалық байланыс желісімен қамту деңгейі 90%-ға жетуі тиіс. Жаңа базалық стансалар есебінен тағы 19 елді мекенде интернет сапасы 4G деңгейіне көтерілген. Тараз қаласында 5G желісін қолдайтын 45 базалық станция іске қосылды. Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін жыл басынан бері 96 «Сергек» кешені және 800 бейнебақылау камерасы орнатылған. 384,9 млн теңгеге 17 мамандандырылған автокөлік сатып алынды.

Төтенше жағдайлар саласында 18 бірлік өрт сөндіру-құтқару техникасы алынған, 23 сиреналық-сөйлеу құрылғысы орнатылып, Талас, Сарысу, Қордай аудандарында жаңа өрт сөндіру пункттері ашылған.

 Халықпен кері байланыс: 54 мың өтініш, 150 елді мекенге сапар

Әкім халықпен ашық диалогқа ерекше көңіл бөлетінін атап өтті. Жыл басынан бері 54 мың өтініш тіркеліп, олардың 70%-ы оң шешімін тапқан. Өңір басшысы 39 іссапар аясында облыстың 150 елді мекеніне барды. Барлық деңгейдегі әкімдермен бірге 632 кездесу өткізіліп, оған 32 мыңнан астам адам қатысқан. Халық тарапынан 1981 сұрақ пен ұсыныс көтеріліп, оның 1436-сы (72,5%) шешімін тапты. Әкім 21 жеке қабылдау өткізіп, 272 азаматты қабылдаған.

 Жамбыл облысы – өсім, жаңғыру және жаңа мүмкіндіктер аймағы

Жалпы алғанда, Ербол Қарашөкеев ұсынған деректер Жамбыл облысының экономикалық, әлеуметтік және инфрақұрылымдық тұрғыдан қарқынды дамып келе жатқанын көрсетеді. Өнеркәсіп пен агросектордағы нәтижелер, ауқымды инвестициялық жобалар, су және жол инфрақұрылымын жаңарту, білім беру мен денсаулық сақтау салаларындағы жаңғырту, мәдениет пен спортты дамыту – мұның бәрі өңірдің кешенді дамуына негіз болып отыр. Бұл көрсеткіштер өңірдің индустриялық келбеті айтарлықтай өзгергенінің айқын көрінісі деуге болады.  Жұмыс орындарының көбеюі, әлеуметтік қолдау шаралары, цифрландыру және қоғамдық қауіпсіздікті күшейту, халықпен жүйелі кері байланыс – өңірдің ашықтық пен тұрақты дамуға бағыт алғанын айғақтайды.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Your email address will not be published.