Өнеркәсібі өркендеп келе жатқан өлке
1 желтоқсан күні Астанадағы ОКҚ-де Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевтің қатысуымен облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баспасөз жиыны өтті. Газетіміз Әулие ата аймағымен тығыз қарым-қатынаста деуге болады. Оған дәлел – 18 жылдан бері «Жаңарған Жамбыл» атты айдарды тұрақты түрде шығарып келе жатырмыз. Облыстағы меншікті тілшілеріміз Жамбылдағы жылт еткен жаңалықтармен, көзге түскен кемшіліктерді қағыс қалдырған емес. Сонымен қоса ауылдарды аралап шығатын дәстүрлі экспедициямыз жылына екі мәрте Жамбыл облысының аудандары мен ауылдарын аралап шығатыны тағы бар. Сондықтан да бұл облыстың өте-мөте әлеуметтік ахуалы бізге жақсы таныс еді. Ал аймақ басшысының өзі келіп баяндама жасап, тілшілердің сұрағына жауап беріп қайтатын, жыл қорытындысы іспетті бұл жиналыстың жөні тіптен бөлек еді.
Біз төменде Орталық коммуникациялар қызметінің алаңына ат басын тіреген Ербол Шырақпайұлының баяндамасындағы көңіл аудартар деректерді ықшамдап ұсынуды жөн көрдік.
Ең әуелі әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінің табысты нәтижелермен ерекшеленгендігін айта кету керек. Облыстың жалпы өңірлік өнімі 7,9%-ға өсіпті. Соның дәлелі – биылғы қаңтар-қазан аралығында қысқа мерзімді экономикалық өсім 109,8% деңгейінде қалыптасып, өнеркәсіп өнімінің көлемі 17%-ға, ауылшаруашылығы – 3,1%-ға, құрылыс жұмыстары – 18,8%-ға, тұрғын үй – 1,7%-ға, сауда – 0,5%-ға, көлік – 2,9%-ға, байланыс – 9,4%-ға, негізгі капиталға инвестиция – 38,3%-ға артқан екен.
Ал жыл басынан бері 1,1 трлн теңгеге өнеркәсіп өнімі өндіріліп, 40 000-ға таяу жұмыс орны ашылыпты. Осының нәтижесінде өнеркәсіп өндірісінің өсу қарқыны бойынша республикада 3-орында, ал өңдеу өнеркәсібінің өсу қарқыны бойынша 5-орынға көтерілген.
Экономиканы индустрияландыру бағытында жыл басынан облыс экономикасына 553,6 млрд теңге инвестиция тартылды, оның 82%-ы – жеке меншік қаражат. Инвестициялардың жалпы көлеміндегі жеке инвестициялар үлесі бойынша облыс көшбасшы 5-тік қатарында.
Өңірге тартылған инвестиция көлемінің өсу қарқыны бойынша облыс республикада 3-орынға шыққан. Бұл салада болашақ жоспарлар да жаман емес. Мысалы, облыста 2029 жылға дейін іске асырылады деп жоспарланып отырған, 8,3 мың жұмыс орнын құруды көздейтін, жалпы құны 4,1 трлн теңгені құрайтын 62 жобадан тұратын инвестициялық портфель бар екен.
Қазіргі таңда жұмысы қарқынды жүріп жатқан жобалардың да ауқымы ерекше деуге болады. Олардың қатарында SHENGTAI BIOTECH CO. LTD «Fufeng Group»-тың қатысуымен басталған, жылына 3 млн тоннаға дейін жүгері өңдейтін зауытты айтуға болады.
Ал YONGGANG IRON AND STEEL GROUP CO., LTD «Fujian Hengwang Investment»-тың қатысуымен құрылысы жүріп жатқан, жылына 3 млн тоннаға дейін прокат металл бұйымдарын өндіретін металлургиялық зауыт іске қосылғанда, 2,5 мың жұмыс орны ашылады екен. Бұдан бөлек, ЕВРОХИМ УДОБРЕНИЯ-ның еншісіндегі кәсіпорында жыл соңына дейін жылына 800 мың тонна күкірт қышқылын өндіретін өндірістің бірінші кезеңі іске қосылғалы тұр. Бұл қатарға Жамбылдың атын шығарып жүрген қант қызылшасын өңдейтін «ZHONGKAI KAZAKHSTAN INTERNATIONAL SUGAR INDUSTRY COMPANY»-ды да қосуға болады. Олар қуаттылығы жылына 1 млн тонна қант қызылшасын өңдеп, 130 мың тонна қант, 72 мың тонна қызылша ұны мен 54 мың тонна меласса шығаратын заманауи қант зауытының құрылысын қолға алып жатыр екен.
Ербол Шырақпайұлы баяндамасында осынау игі жобалардың қатарында QAZAQ SODA, ШОКПАР-ГАГАРИНСКОЕ кен орнының жұмысын, жылына 25 мың тонна натрий цианидін өндіретін ALTYNALMAS REAGENTS, жылына 30 мың тонна сутек пероксидін өндіретін KAZAKHSTAN HYDROGEN PEROXIDE, энергия сақтау жүйесі бар қуаттылығы 1 гигаватт TOTAL EREN жел электр станциясының құрылысын, 300 мВт энергия сақтау жүйесі бар қуаттылығы 1 гигаватт MASDAR жел электр станциясының құрылысын атап өтті.
«Осы ірі инвестициялық жобаларды ғана іске асырудың есебінен облыс экономикасына 3,8 трлн теңге көлемінде инвестиция тартылады», – деді облыс әкімі.
Ербол Қарашөкеев сонымен қоса «Jibek Joly» арнайы экономикалық аумағында және «Тараз» индустриялық аймағындағы игі істер туралы да айта кетті. «Jibek Joly» арнайы экономикалық аумағында қазір жалпы құны 1,6 трлн теңгені құрайтын 18 инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр екен. Ал «Тараз» индустриялық аймағының аумағында 113 млрд теңге көлемінде болатын 23 жобаны іске асыру жоспарланғанын білдік.
Ауыз толтырып айтар жаңалықтардың қатарында шағын және орта бизнестің үлесі де артқан. Сонымен қатар ауылшаруашылығы саласында да айтарлықтай табыстарға қол жеткізіпті. Алайда биылғы жылдың қуаңшылығы Әулие ата өңірінің шаруаларына оңай соқпағанын жеткізді әкім мырза. Климаттың өзгеруі, суға деген сұраныстың артуы сынды өзекті проблемаларды көзде ұстай отырып, облыс аумағында тамшылатып суару технологиясын жаппай енгізу жоспарланған екен. «AKPLAS KAZAKHSTAN» құны 10 млрд теңге құрайтын тамшылатып суару қондырғыларын шығару зауытының құрылысы аяқталуда (тамшылатып және жаңбырлатып суару жүйелері; суару құбырлары және фитингілер; ПВХ және ТҚПЭ (төмен қысымды полиэтилен) құбырлары; сүзу жүйелері (дискілі сүзгілер, сепараторлар). Зауытты іске қосу 2026 жылдың 1-тоқсанына жоспарланған, бұл жылына 200 мың гектарды суару қондырғыларымен қамтуға мүмкіндік береді (80 жұмыс орны).
«Каз Каспи Гидро Сельхоз Технология» ЖШС-мен 2,8 млрд теңгеге тамшылатып суғару жүйесінің өндірісі іске қосылды. Өндіріс жылына 12 мың гектарды суару қондырғыларымен қамтуға мүмкіндік береді», – дейді Ербол Шырақпайұлы.
Облыс басшысы өз баяндамасында тұрғын үймен қамтамасыз ету, инженерлік және көлік инфрақұрылымы, елді мекендерді газбен қамтамасыз ету, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, білім саласындағы оң өзгерістер, облыстағы автомобиль жолдарының жалпы жағдайы, денсаулық сақтау, спорт, мәдениет және туризм, цифрландыру туралы толығымен баяндап шықты. Сондай-ақ облыс орталығы Тараз қаласының даму ахуалы туралы да тоқталып өтті. Әкімнің баяндамасындағы нақты деректер мен айғақтарды қарай отырып, Жамбыл облысының келешекте өнеркәсібі дамыған, ауыл шаруашылығы мен өндіріс саласын жаңа технологиялармен жабдықталған дамыған аймаққа айналарына сенім байлап қайттық.
Кезек сұрақ-жауап бөліміне келгенде, көкейде жүрген сауалдарымызға жауап алуға тырыстық.
– Өңірдегі медицина мамандарының тапшылығы қалай шешілуде? Қандай мамандар тапшы?
– Облыста мұндай мәселенің бары рас. Медицина мамандарының тапшылығына байланысты арнайы сауалнама жасаған болатынмын. Қазір облыс бойынша 109 дәрігер жетіспейтіндігі анықталды. Ең күрделі мәселе осы болып тұр. Кадр тапшылығын шешу мақсатында жергілікті бюджеттен кадрларды даярлау үшін гранттар бөліп отырмыз. Жергілікті атқарушы органдардың гранттарымен қазіргі таңда С. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-да 51 білімгер оқып жатыр. 2025 жылы қосымша 7 грант бөлінді. Бұдан бөлек, арнайы гранттарды қарастыру арқылы Жамбыл облысы аумағында кемінде 5 жыл қызмет істеу шартымен 42 дәрігер келіп жұмыс істеп жатыр. Осындай бірқатар шараларды қолға алып жатырмыз. Алдағы 2-3 жылдың көлемінде айтарлықтай нәтижесі болар деп күтіп отырмыз.
– Шу ауданында жылда қарасораны жояды. Б. Сапарбаевтың кезінде пайдаға асыру бойынша жобалар жасалады деп еді. Сол қарасораны пайдаға асыру бойынша неліктен жобалар жасалмайды? Сіз облыста біраз инвесторларды алып келіп жатырсыз ғой?
– Шу ауданындағы қарасора мәселесі – мемлекеттік деңгейде қатаң реттелетін шаруалардың бірі. Оны кәдеге жарату жөніндегі жобаларды іске асыру үшін арнайы рұқсат, лицензия, заңнамалық талаптар және қауіпсіздік талаптары қажет. Бұл жайында бірнеше рет инвесторлармен кездестім. Қарасорадан мата, басқа да құрал-жабдықтар шығарамыз деген инвесторлар болды. Бердібек Мәшбекұлының кезінде дайындалған жобалары болғанымен, салалық министрліктің бекітуінен өтпегендіктен, жобалар іске аспай қалды. Сол себептен біз инвесторларды қазіргі күнде өңірде реттелген және басым бағыттарға тартып жатырмыз. Ал қарасораға қатысты министрліктер рұқсат беріп, алгоритмдері анықталатын болса, бірге жұмыс істейтін инвесторларды алып келеміз.
PS:
Брифинг барысында облыс әкімі Жамбыл облысы аумағында заманауи қант қызылшасы кластерін қалыптастыру, өндірушілерді қолдау тетіктерін кеңейту, өңдеу саласын дамыту және ішкі нарықтағы отандық қанттың үлесін арттыру бағытында жүйелі жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өтті. Жақсы көрсеткіштерімен республика бойынша алдыңғы қатардан көрініп келе жатқан аймақтың әлеуетінің бұдан да зор боларына сеніміміз кәміл! Ал Әулиеатаның әлеуметтік-экономикалық ахуалы туралы газетімізден хабарлап отыруды өзімізге міндет деп білеміз!